Basty bet

Мерекелік шара көптің көңілінен шықты

Ұлан-ғайыр мемлекетіміздің оңтүстігінен орын тепкен ерекше табиғатымен өзгешеленетін – Жуалы ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы атымен аталады. Қайтпас қайсар ерлік пен қаймықпас батылдықтың жіңішке соқпағы осы жерден бастау алған. Бұл – қазақтың маңдайына біткен Совет Одағының батыры Бауыржан Момышұлы мен «Даңқ» орденінің иегері Тайыр Тастандиев туған қасиетті жер.

Ғажапсың ғой, тіршілік өмір неткен
Көркем өлкем жанымды көңілді еткен
Бұл аймақта Бауекеңдей батырлармен
Шерхандай аталарым туып өскен,- деп ақындар толғаған бұл өлкеден Қазақстанның Халық жазушысы, сөз өнерінің нар тұлғасы – Шерхан Мұртаза да шыққан.
Түгін тартсаң, майы шығатын Жамбыл облысындағы бұл аймақ туралы ел арасында аңыз-әңгіме де көп. Жерұйықты іздеген Асан қайғы бабамыз өзінің желмаясымен «Жерұйықты» іздеп жүріп, шөбі шүйгін, суы тұнық, көркі әсем Жуалыға аялдаған деседі.. Табиғаттың осынау теңдессіз сұлулығына риза болған бабамыз: «Суың бал, топырағың нәр екен, қадіріңді егін салған ел білер» – деп бағасын берсе керек.
Осынау нар тұлғалы азаматы мен жүректі қаһармандарымен белгілі Жуалы жұртшылығы ауыл-ауылдарда мерейлі мерекені барынша думандатып тойлауда. Тамыздың тамылжыған кешінде Жуалы ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды шара Нұрлыкент ауылдық округінде жалғасын тапты. «Жуалым – құт мекенім» деп аталған фестиваль ерекше дайындықпен, көпшіліктің шат-шадыман көңіл-күйімен жалғасты. 1928 жылы құрылып қазіргі күні 52 656 тұрғын мекен еткен бұл атақоныс көпшілікке жанға жайлы берекелі мекенге айналғаны белгілі.
Фестивальға аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова, аудандық мәслихаттың төрағасы З.Бүрлібаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жұмашев, облыстық мәслихаттың депутаты К.Бегалиев, билер кеңесінің төрағасы М.Рахметов, «AMANAT» партиясының төрағасы М.Нарымбетов, аудандық мәслихаттың депуттары Қ.Байрамов, А.Елекбаев қатысып, тарих қойнауынан сыр шертіп, қазіргі өркендеп қанат жаюына дейіңгі кезеңдерге шолу жасады. Шараға қатысқан қонақтар ауыл тұрғындарын құттықтап, жылы лебіздерін де білдірді. Бүгінгі күнге дейінгі атқарылған игі жұмыстарға тоқталып өтті. Дәстүр бойынша фестиваль көрмелер қатарын таныстырумен шымылдығын ашты. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалдан Жүнісбайұлы және Нұрлыкент ауылдық мәдениет үйінің маманы Ақжол Шоқанұлы келген қонақтарға көрмелер қатарын таныстырды. Алғаш тарихпен ұштастырылған «Ауыл көрінісі» кейіпкерлер сомдаған тіршілік барысы көрініс арқылы таныстырылды. «Сарқылмас еліміздің қайнар көзі» атты көрмеде ұлттық текемет басу, алаша тоқу, жүн сабау, құрақ құрау, диірмен тартылып келіге бидай түю сияқты ұлттық құндылықтарымыз адамдардың іс-әрекетімен көрсетілді.
Дене сергектігі мен ой зеректігін арттырып, саламатты өмір салтын қалыптастыратын спорт екенін ұғынған ауыл тұрғындары ұлттық спорт түрлерін де назардан тыс қалдырмады. Атап айтатын болсақ, шахмат, арқан тарту, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қол күрес, асық ату ойындары ойнатылды. Сонымен қатар кішкентай бүлдіршіндерге арнайы батут қойылды. Балақайлар ойын алаңшасында алаңсыз ойнады. Фестиваль балалардың қуанышты күлкісімен ажарлана түскендей!
Мәдениет үйінде көркемсөз, қолөнер, домбыра, «Шабыт» балалар би үйірмелері және «Асыл аналар» әуесқой клубы жұмыс жасайды.
Сурет көрмесіне Нұрлыкент ауылдық округінің суретшісі Өтенов Мұзафардың туындылары және ауыл клубымен бірлесіп жасаған жұмыстары қойылған. Тақырыптық картиналар сырлы бояудың сырын ұқтырғандай. Газоннан жасалған құмыра, домбыра, қымыран, құмған көрмеге ерекше сән беріп тұр. Бұл туынды өнер иесінің ізденімпаздығы мен асқан шеберлігін айқындап, көрсетіп тұр.
Домбырашылар оркестрі қос шектен төгілген күйді тарту етсе, округ кітапханасының кураторы Мәрзия Ермекбаева және кітапхана қызметкері Айнұр Бегалиева мен әдіскер Қарагөз Қарақұлова ауданымыздың 95 жылдығына арналған, «Жасанған Жуалының жері қандай» кітап көрмесімен таныстырды. Сонымен қатар, кітаптар инсталляциясын пайдаланып, округті бейнелейтін «Әкімшілік», «Мектеп», «Балабақша», «Мәдениет үйі», «Кітапхана» және «95 жыл тәтті бәліш» деген сөздерді көрнекі етіп жазылған.
Сондай-ақ, «Тарихы тереңде жатқан өлке» кітапханасы, «Көненің көзі – асыл қазына» көрмесі, қолөнер бұйымдары көрмесі ел назарына ұсынылды. Тағылымы мол, мазмұнды көрменің соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
95 жылдық мерейтойға арнайы ауыл әжелерінің дайындаған ұмыт болып бара жатқан құнды дүниеміз, асыл мұрамыз, салт-дәстүрімізді насихаттайтын «Күндік» қойылымы тамашаланды. Келген қонақтардың көз алдарыңда қазақ аналары 26 метр ақтық күндікті ұлағатты Райхан апайдың басына орау әдісін көрермен назарына ұсынды. Күндік бұл асыл да аяулы аналарымыздан қалған жәдігер.
Ауылдық округтің гүлденіп, әл-ауқатының көтерілгені, тұрғындарға жағдай жасалғаны ерен еңбектің жемісі екені анық байқалып тұр.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close