Basty bet

«ОТАНДАСТАР ҚОРЫ» МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАНДАСТАР ҚҰРЫЛТАЙЫНДА

Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақтар арасында кіші Құрылтай өз жұмысын өткізді. Айтулы шара 04-10 шілде аралығында Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында өтті. «Отандастар қорының» президенті жерлесіміз Абзал Сапарбекұлы бастаған қазақстандық делегаттар құрамында Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері болды.
Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы Ұлан-Батырдан басталды. «Отандастар қоры» президенті бастаған Қазақстандық делегация Моңғолияның елордасы Ұлан-Батырдың Налайх ауданының әкімі Ч.Раднаабазар және мәслихат депутаттарымен кездесті. Айта кетерлігі, бұл ауданда 5 мыңнан астам қазақ тұрады екен.
Кездесуге «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев бастаған делегация мүшелері, ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапак, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай, дипломатия ардагері Сайлау Батыршаұлы, жазушы Кәдірбек Құныпия, «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев, жазушы Ауыт Мұқибек, Түркияның Мимар Синан университетінің профессоры Абдулвахап Қара, Налайх ауданында қызмет ететін «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым басшылары мен өкілдері қатысты.
Сол күні аталған делегация Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы аясында Ұлан-Батырдың қазақтар шоғырлана орналасқан Налайх ауданына арнайы ат басын тіреп, сондағы қандастармен кездесті. Басқосу Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігі мен Моңғолиядағы «Ер бірлігі» үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кездесу барысында Абзал Сапарбекұлы Қоғамның мақсат, міндеттері, шетелдегі қазақтармен жұмыс жүргізу барысы туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, Қор басшысы шетелден елге көшіп келуді жоспарлаған қандастарымыз үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы да баяндады. Бұған қоса, биылдан бастап іске асырылуы жоспарланған, шетелдегі этникалық қазақтарға арналған «Ата жолы» картасы туралы ақпарат берді. «Ата жолы» картасы шетелдегі қандастарымыздың 10 жыл бойы визасыз елге келуіне, кәсіппен айналысуына т.б. мүмкіндік береді.
А. Сапарбекұлы «Біз қазақ пен моңғол халықтары – ежелден бері келе жатқан Ұлы дала өркениетінің мұрагерлеріміз. Екі елдің бір-бірін мақтан тұтатын ортақ құндылықтармыз бар: тарихымыз, тіліміз, салт-дәстүріміз қазақ, моңғол халықтарының бір-біріне етене жақын екенін көрсетеді» деді. Сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның Моңғол елімен байланыстарға ерекше назар аударатындығын айрықша атап өтіп, қазақ қандастарымызға қамқор болып отырған Моңғол үкіметіне ықыласы мен ризашылығын жеткізді.
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Бейбітұлы Қойшыбаев өз сөзін Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайының ашылуына орай құттықтау сөзімен бастады. Елшіліктің қандастарға елімізде көрсетіп жатқан қолдауларға дәнекер ретінде қызмет ететіндігіне тоқталды.
Сөзін қорытындылай келе, елші Ғабит Бейбітұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының мүшесі Жеңісбек Қабидоллаұлына Моңғолияда қазақ тілі мен мәдениетін сақтауға, ұлттық салт-дәстүрін кеңінен насихаттауға қосқан үлесі, сондай-ақ қазақ-моңғол қарым-қатынастарының одан әрі нығаюына сіңірген еңбегі үшін алғыс хатпен және төсбелгімен марапаттады.
Отандастар қорының президенті А.Сапарбекұлы бастаған делегация мүшелері қазақтармен өткен кездесуден кейін Налайхтағы «Ел бірлігі» үкіметтік емес ұйымының орталығына барды. Орталықта Қоғам тарапынан ұйымдастырылып жатқан қазақ тілі, домбыра, қазақша сөйлеу курстары туралы сөз қозғалды.
Биыл осы орталықта «Отандастар қоры»-ның ұйымдастыруымен өтіп жатқан домбыра курстарында 45 бала домбыра үйренген. Орталық қызметкерлерімен сұқбат барысында жергілікті қазақтар атынан сөз алған ауыл ақсақалдары мен жас буын өкілдері балалар мен жастар арасында қазақ тілінде сөйлеудің қиыншылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, ауылда қазақ балабақшасының жоқтығы, бүлдіршіндерге арналған түрлі кітапшалардың болмауы, қазақ тілі мамандарының жетіспеушілігі туралы мәселелерге көңіл бөліп, Қазақстан, Елшілік және «Отандастар қорының» қолдауларына үлкен үміт артатынын білдірді.
Моңғолияға жұмыс сапары 5 шілдеде Ұлан-Батырда «Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарының даму болашағы» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Жиын Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайы және Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығына орай ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелде Қазақстан мен Моңғолияның дипломатиялық, мәдени, саяси-әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынастары әңгіме арқауы болды.
Құрылтай аясындағы жұмыс сапары ары қарай Моңғол Ұлттық университетінде жалғасты. Сол күні осы білім ордасында Моңғолияның халық жазушысы, тарихшы, драматург, қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейдің «Отандастар қоры» ұйымдастыруымен, Қазақстан Жазушылар одағы және Sun компаниясының қолдауымен «Ұлы Дала» айдарымен шыққан «Сеңгір таулар» атты романының тұсаукесері өтті. Сөз алған Қор басшысы А.Сапарбекұлы «Ұлы Дала» айдары жобасы туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, бұл жоба шетелдегі қандастардың шығармашылығын Қазақстан оқырмандарына таныстыруды көздейді.
Тұсаукесер барысында Абзал Сапарбекұлы Сұлтан Тәукейге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі куәлігін тапсырды.
Сонымен бірге күні Моңғолия қазақтарының кіші құрылтайы аясында «Отандастар қоры»бастаған Қазақстан делегациясы Ұлан-Батырда Мемлекеттік Ұлы Хуралының (Парламент) Төрағасы Г.Занданшатармен кездесті.
Кездесуде қазақ-моңғол қатынастары, оның ішінде мәдени-гуманитарлық мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасты.
Бұдан әрі Моңғолияда өтіп жатқан кіші Құрылтай қазақтар шоғырлана қоныстанған Баян-Өлгий аймағында жалғасты.
Бүгін Баян-Өлгий аймағында Тұғрыл-Хан бейресми ұйымының бастамасымен бизнес форум өтті. Осындай Форум осымен төртінші рет ұйымдастырылуда. Бұдан бұрын Астана қаласында бастау алып, Көлсайда, Катон Қарағайда өткен болатын.
Шараның Баян-Өлгийде жалғасуының басты себебі – форум қатысушылырының дені Моңғолиядан Қазақстанға келіп өз кәсібін ашқан азаматтар. Атап айтсақ, аталған іскерлік жиынға Қазақстаннан 60-тан аса кәсіпкер, Баян-Өлгий аймағынан ең атақты 50 кәсіпкер, сонымен қатар Еуропадан да қандас кәсіпкерлеріміз арнайы келіп қатысты.
Құрылтай қорытындысында қазақ-моңғол қарым-қатынастарының дамуына, халықтар достығын нығайтуға және ұлттық руханиятқа қосқан үлесі үшін бірқатар қазақ-моңғол қайраткерлері марапатталды.

Шора Искаков,
“Отандастар қоры” Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры

Таңдаулы материалдар

Close