Basty bet
Жарқын мерекені әзірбайжандар да тойлайды
Әз-Наурыз – түркі халықтарына ортақ төл мереке саналатын қасиетті мейрам. Жыл жаңарып, адамдардың көңілі көтеріліп, бір-бірімен етене араласатын кез бұл – наурыз айы. Сол үшін де қазақ халқының танымында бұл айдың маңызы зор, мәні ерекше. Наурыз мерекесінде халық наурыз көже пісіріп, қонақ күту дәстүрін жаңартады. Халық ойындары да көрініс табатын мереке – осы Наурыз мейрамы. Дәстүрдің жаңғыратын кезеңі де осынау мезгіл.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «…Еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз. Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп атап өтіп, Наурыз мейрамының жаңа сипаты мен мазмұнына айрықша тоқталады.
Қасиетті Жуалы ауданында бірнеше ұлттың өкілдері тұрады десек, соның ішінде өңірде құрылған әзірбайжан, өзбек, шешен және славян этномәдени орталықтары Наурыз мейрамын жергілікті тұрғындармен бірге кеңінен атап өтеді. Біз мұны жыл сайын мерекені атап өту кезінде көріп жүрміз. Оның ішінде, әзірбайжан ұлтының Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі ерекше деп айтуға болады.
Жыл сайын аталып өтетін Наурыз мейрамының ортасынан жергілікті әзірбайжан ұлтының да өкілдерін көреміз. Қасиетті Жуалы өңірінде «Мехрибан» әзірбайжан ұлттық орталығының құрылып, жұмыс істей бастағанына да ширек ғасырдан асып барады. Аталған орталыққа денсаулық сақтау жүйесінің үздігі, аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімінде ұзақ жылдар акушер болып жемісті жұмыс істеп, мыңдаған сәбидің «кіндік шешесі» атанған Эсмира Мамедова жетекшілік етіп келеді. Бауырлас халық әзірбайжан ұлтының Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі туралы орталық жетекшісі Э.Мамедовадан сұраған болатынбыз.
-Наурыз мерекесі – барша түркі халықтарына ортақ мереке. Әзірбайжандар да бұл мерекені ерекше салт-дәстүрлермен атап өтеді. Наурызда барлығы төрт сейсенбі белгіленеді. Бұл туралы таратып айтар болсам, ең біріншісі – Су сейсенбісі деп аталады. Бұл күні қыздар ағын судан құмыраға су толтырып алып, оған арман-тілектерін айтып, үйге алып келеді. Бұл суды ішуге де, онымен шомылуға да болады. Оны ауру науқас кісілер ішсе, дертінен жазылады деген де наным-сенім бар. Екіншісі – От сейсенбісі деп аталады. Бұл күні есік алдына от жағып, одан секіру рәсімі жасалады. Оттан аттаса, адамдардың арман-тілегі орындалып, бәле-жала, адам бойына жабысқан ауру-сырқау кетеді деп сенеді. Үшіншісі – Жел сейсенбісі деп аталады. Бұл күні тұрғындар желге бидайды суырады. Сөйтіп, бидайды өндіріп, одан өніп шыққан өскін «сәмәні» деп аталады. Бидай 10 күннің ішінде өніп шығады. Бұлай ететін себебі, өнген бидай молшылық пен тоқшылықтың белгісі саналады. Сондықтан бидайды өндіру әзірбайжандарда ежелден дәстүрге айналған. Наурыз мейрамында атап өтілетін төртіншісі сейсенбі – Топырақ сейсенбісі деп аталады. Бұл сейсенбінің орны бөлек. Бұл күні балалар о дүниелік болған ата-бабаларының және ата-аналарының қабірлерінің басына барып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым жасайды. Бір сөзбен айтқанда, Наурыз мерекесі әзірбайжан халқы үшін тұрмыстық мән-мағынасы өте ерекше мейрам,- дейді Эсмира Гашангқызы.
Ұлттық орталықтың жетекшісі одан бөлек, әзірбайжан халқының салт-дәстүрлері, оның ішінде қыз ұзату және келін түсіру, онда жасалатын негізгі рәсімдер, орталық мүшелерінің ұлттар арасындағы достықты нығайтуға қосып келе жатқан үлестерін де ерекше мақтанышпен атап өтіп, жуалылықтарды халықтық жарқын мерекемен құттықтап, ақжарма ақ тілегін де қоса жеткізді.
Иә, айтса айтқандай, қасиетті өңірде тұратын әзірбайжан ұлты өкілдерінің ақ дастарқанында Наурыз мерекесі күні ұлттық тағамдардан – шекербура, бұл берекелі ақ дастарқанның басты тағамы саналады. Ол ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті тағам. Ал өсіп тұрған жасыл бидай сабақтары «күн символын» білдіреді. Одан бөлек, пахлава, чоча, гоғал, тағы басқа тағам түрлері дайындалып, дастарқанға қойылады. Олар мерекенің құрметіне Наурыз көже дайындауды да ұмытпайды. Жеті түрлі дәннен жасалған бұл тағам әзірбайжан тілінде «догва» деп аталады. Оған дәндерден бөлек, су және дайын болған кезде қолдан ұйытылған айран қосылады. Бұл да қазақ және әзірбайжан ұлттарының арасындағы бауырмалдықты және салт-дәстүр ұқсастығын айнытпай көрсетсе керек.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»