Basty bet
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА МАЛ АЗЫҒЫНЫҢ 3,3 МЛН ТОННАДАН АСТАМЫ ДАЙЫНДАЛДЫ
Жамбыл облысында мал шаруашылығын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары жалғасуда. Биыл өңірде төрт түлікті қыстан аман алып шығу үшін 3,3 миллион тонна мал азығын әзірлеу жоспарланып, бүгінгі күнге дейін межеленген көлемнен асыра орындалды. Қысқы науқанға дайындық мәселесі облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте қаралды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәліметінше, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдегі мал басы 3,8 миллионнан 4,1 миллионға дейін өскен. Яғни өткен кезеңмен салыстырғанда 300 мың басқа артқан.
Алдағы қысқы маусымда облыс бойынша 484,9 мың бас ірі қара, 3,5 миллион бас қой мен ешкі, 204,2 мың бас жылқы және 8,6 мың бас түйін қыстату көзделген.
Төрт түлікті қажетті азықпен қамтамасыз ету үшін 3,3 миллион тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Оның ішінде 2 млн 211 мың тонна пішен, 141,2 мың тонна пішендеме, 484 мың тонна сабан, 117 мың тонна сүрлем және 364 мың тонна құнарлы жем бар.
Қазіргі таңда 3,365 миллион тонна мал азығы жиналып, жоспар 101,4 пайызға орындалды. Атап айтқанда, 2 млн 284,6 мың тонна пішен, 134,7 мың тонна пішендеме, 491,9 мың тонна сабан, 117,1 мың тонна сүрлем және 337,9 мың тонна құнарлы жем дайындалған.
Дегенмен жекелеген аудандарда азықтың кейбір түрлерін әзірлеу жоспары толық орындалмаған. Мәселен, пішендеме дайындау бойынша Мойынқұм және Т.Рысқұлов аудандарында, ал құнарлы жем әзірлеуде Жамбыл, Мойынқұм және Талас аудандарында межелі көрсеткішке қол жеткізілмеген.
Жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бұл санаттағы шаруашылықтарға 1 485,8 тонна мал азығын дайындау жоспарланса, нақты 1 519,7 тонна жиналған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарымен өзара ынтымақтастық орнату арқылы тұрғындарды қолжетімді жемшөппен қамту көзделіп, өңірде 98 меморандумға қол қойылған.
Қазіргі уақытта облыста бір түк пішеннің бағасы 600–700 теңге, жоңышқа 1 000–1 200 теңге, ал құнарлы жемнің бір келісі 110–120 теңге аралығында сатылуда.
Өңірде барлығы 5 862 мал қыстату орны бар. Оның 1 020-сы шалғайдағы жайылымдық аумақтарда орналасқан. Осыған байланысты облыс әкімі мал азығы бағасына тұрақты мониторинг жүргізіп, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін резервтік азық қорын қалыптастыруды тапсырды.
«Қысқы науқан кезінде шаруалар ешқандай қиындыққа тап болмауы тиіс. Шалғайдағы 1 020 қыстаудың әрқайсысы бойынша жолдың, байланыстың, су көзінің, отын мен азық қорының жеткіліктілігін қазірден бастап тексеру қажет. Вакцинациялау жұмыстарын қыстату маусымына дейін толық аяқтау керек», – деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ шалғайдағы қыстауларға қызмет көрсететін жылжымалы ветеринариялық топтар жасақтап, биотермиялық шұңқырларды талапқа сай келтіру міндеттелді. Қыс мезгілінде мал ұрлығының алдын алу үшін профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, ветеринария қызметтерімен бірлесіп мал тасымалына бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға мал азығын дайындау жоспары орындалмаған бағыттардағы жұмысты жандандыру, жеке қосалқы шаруашылықтардың нақты қажеттілігін қайта есептеу және меморандумдар санын арттыру тапсырылды. Бұдан бөлек, қыстауларға апаратын жолдарды қардан тазалауға қажетті техниканы анықтап, мердігерлерді алдын ала бекіту міндеті жүктелді.
Осылайша, облыста мал азығын әзірлеумен қатар, шалғайдағы қыстаулардың жағдайын, ветеринариялық қауіпсіздікті және қысқы кезеңдегі инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.