Basty bet

ШУ АУДАНЫНЫҢ ДЗЮДОШЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНДА ЕКІНШІ РЕТ АЛТЫН МЕДАЛЬ ЕНШІЛЕДІ

Шу ауданының жас спортшысы Тұрлыбек Дияс Саматұлы дзюдодан Қазақстан чемпионатында топ жарып, өңір мерейін үстем етті. Жезқазған қаласында 3–4 қараша күндері 23 жасқа дейінгі жастар арасында өткен ел біріншілігінде жерлесіміз екінші рет чемпион атанды.

81 келі салмақ дәрежесінде белдескен Жаңақоғам ауылының тумасы Тұрлыбек Дияс барлық қарсыласынан басым түсіп, жарыстың алтын жүлдесін иеленді. Осылайша, жас дзюдошы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанып, өзінің жоғары спорттық шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жеңіспен оралған спортшыны туған жерінде аудан жұртшылығы, ата-анасы мен жаттықтырушылары салтанатты түрде күтіп алды. Жерлестері чемпионға ыстық ықыласын білдіріп, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

Бұл жеңіс – спортшының табанды дайындығы мен қажырлы еңбегінің, сондай-ақ бапкерлерінің кәсіби шеберлігі мен қолдауының нәтижесі.

Шу ауданының абыройын асқақтатқан Дияс Саматұлын жарқын жеңісімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта халықаралық додаларда да биік белестерді бағындырып, ел намысын абыроймен қорғауына тілектеспіз!

Таңдаулы материалдар

Close