Basty bet
Аға буынның жігері жарқыраған күн
Апта басында ауданының орталығында орналасқан Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығында ұлы Жеңіс күніне орай ардагерлер арасында аудандық спартакиада ұйымдастырылды.
Маңызы бөлек бұл шара спорттық бәсекеден әлдеқайда кең ұғымды қамтып, елдік пен ерлікке тағзым етудің және ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың жарқын көрінісіне айналды.
Спорттық іс-шарада майдан даласында Отан үшін жанын қиған боздақтар еске алынып, қазақтың біртуар перзенті, Халық жазушысы Мұхтар Шахановтың рухына тағзым етілді. Жиналған көпшілік бір минут үнсіздік жариялап, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақынның жарқын бейнесін жүрекпен сезінді. Ардагерлер қауымы оның «Төрт ана», «Жігерлендіру» секілді рухты жырлары ұлт жадында мәңгі сақталатынын, жас буынға жігер мен бағыт-бағдар беретін асыл мұра екенін тебіреніспен жеткізді.
Жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев ардагерлердің қоғамдағы орны айрықша екенін және аға буынның өмірлік тәжірибесі мен парасаты – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес қазына екенін атап өтті. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай игі бастамалардың ардагерлердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына серпін беретінін атап өтті.
Спартакиадаға ауданның барлық ауылдық округтерінен 100-ден астам ардагер спортшы жиналды. Бұл – Жуалы өңірінде аға буын өкілдерінің спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін айғақтайтын көрсеткіш. Қатысушылар спорттың алты түрі бойынша өзара сынға түсті: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі және бильярд. Әрбір жарыс тартысқа толы өтті. Қариялардың қимылы ширақ, ойы сергек екенін байқаған көрермендер олардың қайсарлығына тәнті болды. Бұл бәсекелерде тек жеңіс үшін күрес емес, өмірге деген құштарлық және сергектік пен табандылық анық сезілді.
Зияткерлік ойындар қатарындағы шахмат пен дойбыда қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті мен тәжірибесі айқын көрініс тапты. Ұлттық спорт түрлері – тоғызқұмалақ пен асық атуда ата дәстүрдің сабақтастығы сезіліп, бұл ойындардың тәрбиелік мәні тағы бір мәрте дәлелденді. Ал, үстел теннисі мен бильярд секілді спорт түрлері қатысушылардың ептілігі мен дәлдігін сынға салды.
Жарыс қорытындысында үстел теннисінен ерлер арасында М.Іргебаев, әйелдер арасында К.Бейсенова үздік нәтиже көрсетті. Дойбыдан Ж.Сармурзин мен А.Исаханова жеңімпаз атанды. Ал, асық ату бойынша О.Әбдіхалықов топ жарды. Сондай-ақ, шахмат бәсекесінде П.Кебеев пен З.Мажитова қарсыластарынан басым түсті. Тоғызқұмалақтан Ж.Майлықараев пен Н.Қадырбаева шеберліктерін дәлелдесе, бильярдтан Д.Жебешев жеңіс тұғырынан көрінді.
Марапаттау рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Шерелханұлы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, Дипломжәне қаржылай сыйлықтар табыстады. Спорттық шарада үздік шыққан спортшылар алдағы облыстық спартакиадада ауданның намысын қорғайтын болады.
Бұл спартакиада аға буынның тек өткеннің куәгері ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді мүшесі екенін айқын көрсеткен маңызды оқиға болғаны анық. Қариялардың сергектігі мен өмірге деген құштарлығы жас ұрпаққа әрқашан үлгі болары сөзсіз. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген халық даналығы осындай сәттерде өз мәнін тереңдете түсетіні де анық.
Ауданда ұйымдастырылған бұл тағылымды шара – өткенге тағзым, бүгінге өнеге және келешекке дұрыс бағыт-бағдар берген рухани әрі спорттық шара болды.