Basty bet

Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы

Елімізде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні 2013 жылдан бастап аталып өтуде.
Қазақ – өнердің киесін ұғатын, өнерпаздың қадірін білетін жұрт. Шын мәнінде, руханияты бай елдің ойы озық, болашағы жарқын болады. Яғни, мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем. Сондықтан бұл – еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке.
Мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған мерекелік шара облыс деңгейінде «Талбесік» этно орталығында ерекше форматта аталып өтті. Шараға аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаев, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызы, мәдениет майталмандары Ришад Қуанышев пен Нәзипа Қаттебекова да арнайы шақырылды. Мерекелік шарада Нәзипа Тұранқызы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Аудан деңгейінде мәдениет пен өнер саласында қызмет етіп жүрген жандарды аудан басшылығы Қайрат ауылдық мәдениет үйінде құттықтады.
Мерекелік шараның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметоваға берілді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз» деген сөзі салаға берілген үлкен баға деп білемін,- дей келіп, аудан басшылығы аудандағы мәдениет саласының қызметін де жоғары деңгейде бағалайтынын және сала қызметкерлерінің ауданның мәдениет саласының дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Сонымен бірге аудан өнерпаздарының облыстық, республикалық түрлі байқауларда топ жарып жүргенін мақтанышпен атап өтті.
– 2026 жылы 16 наурыз күні ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрлерді кеңінен насихаттау және ғұрыптық әндердің өзіндік ерекшелігі мен өңірлік маңызын айқындау мақсатында Шымкент қаласында өткен «Жарапазан Fest» республикалық байқауында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарынан құралған «Жуалы» тобы ІІІ орынды иеленді.
27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай ақын, жыршы-жырау Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы аясында халық театрлары арасында өткен республикалық фестиваль-байқауында «Мыңбұлақ» халық театры «Үздік режиссура» номинациясын жеңіп алды.
Сәуір айында шығармашыл жастардың дәстүрлі «Әулиеата әуендері» облыстық жобасына қатысқан жуалылық өнерпаздар Еркебұлан Жандарбек пен Ғалымжан Шопанбаев галла концертке жолдама алды.
Күні кеше, яғни 19 мамыр күні Байзақ ауданында өткен облыстық «Жігіт сұлтаны – 2026» мәдениет саласы қызметкерлері арасында өткен байқауда аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Қуаныш Сүйінбай ІІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды. Міне, бұл жетістіктің барлығы үлкен ізденістің, еңбектің жемісі,- дей келген Анар Садыққызы мәдениет саласының бір топ қызметкерлерін облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғысхатымен марапаттады. Мәдениет саласының үздіктері аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаевтың және «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбековтың, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Жаңабаевтың, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының директоры Салтанат Біләнқызының марапаттарын да иеленді.
Марапаттау рәсімі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Концерттік бағдарламада өнерлі жұптар Бауыржан Маймақов пен Мадина Свамбаева, Алмат Нұрқұс пен Сымбат Төребекова, «Қазына» тобы, «Ардақ БЭНД» аспапты инструментальді ансамблі, «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері өнер көрсетті.

Перизат Шымыртайқызы,
аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы директорының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close