Basty bet

Тағылымы мол қасиетті шаңырақ

Жалпы музейлер жұмысының мақсаты – табиғи және мәдени жәдігерлерді сақтай отырып, өткен мен келешекті байланыстыру. Кез келген қоғам музей арқылы тарихи-мәдени мұраларға деген көзқарасын, құрметін білдіреді.

Біздің ауданда екі музей бар. Бірі Бауыржан Момышұлы атындағы мемориалдық музей болса, екіншісі аудандық тарихи-өлкетану музейі.
Батыр атындағы музей 1995 жылы 5 мамырда ашылған. Мәдени орталықта тұғыры биік тұлғаның тұтынған заттары, сыйға алған кітаптары мен бағалы сыйлықтары қойылған. Бұл дүниелерді музейге Бауыржан атамыздың келіні Зейнеп Ахметова тарту еткен.
Бұл жердегі әрбір бұйым шежіре шертетіндей. Сарғайған суреттерден алып денелі Сәбит Мұқановтың ылғи тақия киіп түскен кейпін көруші едік. Аяулы Сәбең сол тақияны бір өзі кимей, өзінің қаламдас інісі болған Бауыржанға да көзінің тірісінде біреуін сыйға тартқан екен. Ал, «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» сияқты шығармаларын дүниеге әкелген қалам мен сия сауыттың да өзіндік ерекшелігі бірден аңғарылады. Бұл көрініс қарапайым қағидаларды негіз ете отырып, қатпар-қатпар сырларды ашатын қаламның құдіретін түйсінуге жетелейді.
Соғыс қасіретін басынан кешкен Батырдың өз қолымен сызған картасы да тұр. Онда майдангерлердің қай жолмен жүру керектігі, жау аңысын қалай аңду қажеттігі бейнеленген. Қазақ, араб әріптерімен жазылған жазуларда да жаудың шоғырланатын орны көрсетіліпті. Бірақ араб әріптеріне басымдық беріліпті. Себебі, егер бұл карта жау қолына түсіп қалған жағдайда, қазақ әскерлерінің жауға барар жолдағы шығу нүктесі белгісіз болсын деген ой болған екен. Соғыс психологиясын терең меңгерген командирдің бұл көрегендігі де талай әскерді аман сақтап қалуға ықпал етті деуге болады.
Жалпы, Бауыржан Момышұлы – әскери тұлға болумен қатар, халқымызға жазушы ретінде де танымал тұлға. Тырнақалды шығармаларын өлең жазудан бастаған ол кейін келе әдеби шығармалар мен мемуарлар жазды. Баукеңнің елге әлі етене бола қоймаған қасиетін де музейден көруге болады.
Ұлттық өнер десе өне бойы тебіреніп сала беретін Батырдың музейінде халқымыздың арда ұлы Әміре Қашаубаевтың өз даусы жазылған таспа да бар екен. Бұл таспа да осы орталықтың құнды жәдігерлерінің қатарына жатады.
Баукең жайлы жазылған кітаптардың ішінде Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабының орны бөлек. Бұл кітап даңқты қаһарман Бауыржан Момышұлының азаматтық, ерлік тұлғасын мүсіндеуге арналған. Автор Баукеңнің сонау балауса жастық шағынан бері, Совет Армиясының үздік мектебіндегі шыңдалу кезеңін, Ұлы Отан соғысының отты жылдарынан бастап соңғы күндеріне дейінгі ұлағатты өмір жолын шынайы фактілер аясында қызғылықты баяндайды. Романның жазылу формасы да ерекше: бүкіл оқиға автор мен кейіпкер диалогы арқылы өтеді.
Кітаптан қысқаша ғана үзінді келтіре кетсек. Себебі, Баукеңнің бұл сөздері қай қоғам жастары болсын жігерін жанып, рух береді.
“Әскери қызмет дегеніміз дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы.
Кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес. Армия өмірінің басты негізі – қатаң әскери тәртіп. Қатаң әскери тәртіп саяси биік саналылыққа, партиоттық сезімге, әр жауынгердің өзінің әскери борышын терең түсінуіне негізделеді.
Әрбір жауынгер тәртіпті болуға, өз қолындағы қарудың тетігін әбден игеріп, сақтай білуге, өз білімін үнемі көтеруге, өзінің әскери коллективін құрмет тұтуға, барлық істе өз жолдастарына көмектесуге, өз жолдастарын лайықсыз қадамдардан сақтандыруға және өз командиріне сөзсіз бағынуға міндетті.
Командир өз бағыныштыларын ашумен емес, ақылмен тәрбиелеп үйретуі тиіс.
Командир қара қылды қақ жарған әділ болуға, біреуді шектен тыс мақтауға да немесе жазықсыз жазғыруға да бармауы керек.
Талап қою дегеніміз – заң, қаталдық дегеніміз – заңсыздық.
Қаталдық басқа да заңсыздықтар сияқты, жауынгерді қорлайды, езеді, ызасын қоздырады.
Саяси саналылықтың, жауынгерлік дәстүр мен озат тәжірибенің, тәртіпсіздікке төзбеушілік көзқарастың негізінде жауынгер намыскер адам болып тәрбиеленіп, үйренуі керек.
Намыскер емес адам – ерлік жасауға қабілетсіз.
Ерлік – табиғат сыйы емес, ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі».
Міне, бұл кітаптағы Баукеңнің Кубада айтқан әскери ойларынан үзінді.
«Намыс – азаматтың алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады.
Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды жерге қаратпаймын дейді. Ер жігіттің елі – ата-анасы. Отаны – өз үйі.
Патриотизм – «Отаным, сені сүйемін, Сен үшін құрбан болуға әзірмін!» деп құрғақ сөзді гүмпілдете беру емес. Ол – формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген осы, париотизм осыдан басталады.
Жастардың Отан қорғау қызметін атқарып қайтуы – адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал еңбекшілдік, білімділік, тәртіптілік, тәлімділік, шыдамдылық – армия үшін ең қажетті қасиет. Әскерде бас бұзарлыққа орын жоқ. Өйткені оның қолында елдің тағдыры – қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол техниканы тастап қыдырып, қыз қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды.
Жастар араққа үйір болмауы керек. Арақ – адамгершіліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа жетелейді. Араққа бір үйреніп алсаң, одан қашып құтыла алмайсың. Ең алдымен осыдан сақтану керек. Арақ – адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды техниканың күшімен құртуға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайсың. Нәпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің де шамасы жетпейді.
Ей, жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естейсің бе менің үнімді, жете ме саған менің даусым. Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көпұлтты соцалистік Отанымыздың барлық болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол – Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! – деген сөз»,- дейді Баукең. Бұл кітап жас ұрпаққа берері мол құнды дүниелердің бірі.
Батыр атындағы музей 2020 жылы күрделі жөндеуден өтті.
Бүгінгі таңда музейде 2360 жәдігер бар. Оның 1156-і Баукеңнің жеке заттары.
Мәдени орталықта 8 кісі қызмет етеді. Олар: меңгеруші, ғылыми қызметкер, экскурсовод және техникалық қызметкерлер.
-Батыр атамыздың музейінде қызмет ету ең бірінші мақтаныш, бақыт және үлкен жауапкершілік,- дейді музей меңгерушісі Қаламқас Берікова мен ғылыми қызметкері Нұрлыхан Нұржаубеков.
-Мен бұған дейін Тараз қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде еңбек еттім. Мұнда келгеніме алты айдай уақыт болды. Тарихи-өлкетану музейінде келушілерге өлкенің тарихын жеткізсек, мұнда Баукеңнің, яғни жеке тұлғаның қасиеттерін, танылмаған қырларын ашу керек.
Біздің мақсатымыз – музейге келушіге ерекше әсер сыйлау.
Музейге келген келушінің бірінші кезекте жас ерекшелігіне, психикасына қараймыз. Яғни, бала болса, баланың тілінде жеңіл түсіндіреміз. Ал, үлкен кісі болса және ол ерекше қызығушылықпен келсе, оған барынша тереңірек түсіндіріп, барлық сұрақтарына қанағаттанарлық жауап беруге күш саламыз.
Музейде қызмет ету үнемі ізденуді талап етеді. Музей қызметкері келушіге жәдігерлердің тарихын түсіндіріп, насихаттап қана қоймай, келушіден де үйренері көп болады. Мәселен, жақында музейге келген күреңбелдік Нұрмахан Елепай атадан кітапта жазылмаған Баукеңнің балажандығы, мейірімділігі жайлы естіп білдім.
Музей ұжымы Баукеңнің немере інісі Бекет Момынқұл ағамызбен жақсы байланыста. Бекет аға бүгінгі таңда Ресейдегі орталық музейден Баукеңе қатысты тарихи құжаттарды сұратып, көп еңбек етуде. Ағамызға жақында сол музейге барып зерттеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілді. Ардагер журналист Баукеңнің 30 томдық кітаптарын 50-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл әрине өте үлкен еңбек.
Музейге көбінде әскери адамдар келеді. Баукеңнің туған жеріне қонаққа келген кісілер, тарихшылар, оқушылар келеді. Өкінішке қарай, жастардың арасында ерекше қызығушылықпен келетіндер жоқтың қасы деуге болады. Кейбір жастар мұнысын «өткен күнмен емес, алдағы күнмен өмір сүру керек» деп түсіндіріп жатады. Бұл әрине, дұрыс түсінік емес. Себебі, кез келген жас ең бірінші тарихын танып-біліп, тарихқа құрмет көрсетуі керек,- дейді музейдің ғылыми қызметкері Нұрлыхан Нұржаубеков.
Иә, Баукеңнің тапқырлығы мен шешендігі, ұлтжандылығы мен ойшылдығы, турашылдығы бүгінгі ұрпаққа аса қажет қасиеттер.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close