Basty bet
Қаламгерлер шекарашылармен ой бөлісті
ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде «Жазу – өмірімнің бір бөлшегі» тақырыбында әдеби кеш өткізіліп, оған облыс қаламгерлері Қамар Қарасаева мен Марал Хантөреқызы шақырылып, шығармалары таныстырылды.
Кешті ұйымдастыруға мұрындық болған Шекара қызметінің кітапханашысы Камила Әбсеметова аталған кездесу әскери қызметшілерді қауырт жұмыстан бір серпіліп, оларды бір мезгіл кітап оқып, рухани құндылықтармен сусындауға шақыру мақсатында өткізіліп отырғанын баса айтты.
Кездесу тізгінін қолға алған тәрбие бөлімінің аға офицері, капитан Нұрдос Ынтызарбек қаламгерлермен кездесуге департаментке қарасты Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының әскери қызметкерлері де қатысып отырғанын жеткізді.
Кеш барысында сөз алған қаламгерлер өз кезегінде қазіргі қоғамды алаңдатып отырған кейбір мәселелер төңірегінде ой қозғап, сонымен қатар отбасы құндылығы және баланың тәрбиесінде әке рөлінің әлсіреп бара жатқанының салдарынан қоғамда түрлі келеңсіз әрекеттердің көрініс бере бастағанына тоқталды. Олар сондай-ақ аталған мәселенің төңірегінде жазылған өз туындыларын оқыды.
Қатысушылар да өз ойларын ортаға салып, қаламгерлермен кездесу ашық сұхбаттасу алаңына айналды. Рухани құндылықтарды басты орынға қоятын кеш қонақтары кітапханаға өздерінің авторлық кітаптарын сыйға тартты.
Кеш соңында тәрбие-идеологиялық және кадрлар жұмысы бөлімінің бастығы, подполковник Данияр Сарымсақов кеш қонақтары, қаламгерлер – Қамар Қарасаева мен Марал Хантөреқызына әдеби құндылықты сақтап, оны насихаттап жеткізу мақсатында әскери қызметшілермен ағарту жұмыстарын өткізу ісіне қосқан үлестері үшін оларға департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Д.Абсаматовтың Алғысхатын тапсырды.
Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті