Basty bet
Мақсат – сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету
Аудандық әкімдікте Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жылдық есеп беру және 2022 жылға арналған сайлау процесіне қатысушыларды сайлау-алды оқытудың күнтізбелік жоспарының жобасын талқылау мақсатында есепті жиналыс өтті. Оған Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов, аудандық құқық қорғау органдарының, мекемелердің басшылары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері және бірқатар бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және олардың жанындағы жергілікті қауымдастық төрағалары, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері және учаскелік сайлау комиссияларының төраға/төрайымдары қатысты.
Жиынды аудан әкімі Олжас Қаржауов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Алтыбаева өткен жылы атқарған жұмыстары бойынша есеп берді. Баяндамада сайлау учаскелері мен комиссия құрамы, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауының аудан бойынша қорытындысы, сайлаушылардың тізімі бойынша жұмыс, кандидаттарды ұсыну және тіркеу, байқаушылар, үгіт-насихат жұмыстары, сайлау комиссиясы мүшелерінің сауаттылығын арттыру, тағы да басқа мәселелер қамтылды.
Баяндамашыға аудандық полиция бөлімінің көші-қон полициясы бөлімшесінің аға инспекторы Меруерт Тәжібаева кандидаттыққа өзін-өзі ұсынған азаматтар заң аясында тіркелу үшін қол жинау парағындағы азаматтардың қолдарын көші-қон қызметі арқылы тексеру үшін берілген уақыттың тым аздығын, осыны ұсыныс жасау арқылы өзгерістер енгізіп, уақытын ұзарту мәселесі туралы сұрақ қойды.
Аудан әкімі баяндамашыға бұл мәселе міндетті түрде назарға алынуы қажеттігін айтты.
Жиында аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов, №473 сайлау комиссиясының төрағасы Сүйінжан Құрманұлы, халықтық сайлаумен сайланған әкімнің бірі Қызыларық ауылдық округінің әкімі Ермұхамбет Сүгірбеков, Мыңбұлақ ауылдық округі жанындағы қауымдастықтың төрағасы Мұхтар Тұрғымбеков халықтық сайлаудың халыққа берер пайдасы жайлы ойларымен бөліссе, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков партияның ауыл әкімдері сайлауындағы рөлі жайлы айта келіп, аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Нүрзия Бақтыоразқызының жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Ал, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Марат Искаков сайлау комиссиясымен коронавирус індетіне байланысты 2020 жылдан бастап тағыз байланысты жұмыс істеп келе жатқанын, сайлау өткізу арнайы қаулымен бекітілген алгоритммен өткенін айтты.
Серғали Айдапкелов елімізде Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілгенін, ондағы мақсат сайлаудың барынша ашықтығын қамтамасыз ету екеніне тоқталды.
-Сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша 30 жыл ішінде елімізде сайлау дүниежүзіндегі сайлауға қатысты бірнеше форматта өткізілді. Яғни, төте сайлау, аралас сайлау, партиялық тізіммен сайлау. Алайда олардың нәтижесіз болуы кандидаттардың саяси білімінің, мәдениетінің жетпеуіне де байланысты. Әрине, партиялардың қоғамдағы орны да үлкен рөл атқарады.
Партиялар толыққанды бір-бірімен бәсекелес бола алуы керек. Өкінішке қарай, бізде партияның атынан ұсынуға лайықты кандидат таппай жатамыз.
«Nur Otan» партиясының жақсы істері де бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Алайда кемшіліктері де бар. Билікте де кемшіліктер болды.
Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа Қазақстанды құру кезеңі басталды. Президент бастамасының өз деңгейінде орындалуы оның насихатталуына, азаматтардың саяси білімі мен мәдениетіне, көзқарасына көп байланысты. Нәтиженің соған қарай болары сөзсіз.
Ауыл әкімі болсын, мәслихат депутаты болсын ол сол қызметке, депутаттың қоғамдағы орнына лайық болуы керек. Олар алдын ала іріктеліп, мәдени мектептен өтуі керек. Мәселен, мемлекеттік бағдарламалардың 50 пайыз сапалы орындалуы ауылдық округ әкіміне тікелей байланысты. Мәселен, ауылдық округ әкімі субсидияның берілу тәртібін жете білуі керек. Сонда ғана ол шаруаларға жеткізе алады. Депутатта мәселені жете түсініп, дер кезінде көтере білетіндей білімі болуы керек. Үкіметте қабылданатын әрбір мәселе депутаттың біліміне, қабілетіне тікелей байланысты. Дер кезінде көңіл бөлінбей қабылданып кеткен шешімдердің салдарын кейін халық тартады. Сондықтан халық таңдау жасағанда сергек қарауы керек.
Барлығымыздың ең басты міндетіміз – халықтың ауызбіршілігін сақтап, жағдайының жақсаруына өз үлесімізді қосу. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмектесу. Халық біздікі, ел мен жер біздікі. Сондықтан немқұрайды қарауға хақымыз жоқ.
Басшылар халықпен тығыз байланыста болуы тиіс. Халыққа еркіндік беру керек, бірақ, барлығы тәртіппен белгіленуі керек. Онсыз, тәртіпсіз ел болмайды. Зиялы қауым өкілдері оған белсенді атсалысуы керек. Зиялы қауым ол кімдер? Бізде көбінде пайдасы өз басынан артылмаған, халыққа бір тиын пайдасы жоқ адамдарды зиялы қауымның қатарына жатқызамыз. Зиялы қауымның құрамына қарапайым тракторшы болса да өзінің отбасын, әулетін ұйыта білген, өмірлік тәжірибесі бар, ортасына сыйлы, сөзін елге тыңдататын жандар жатады.
Қысқасы, халық ішінде ашық пікірталас болуы керек,- деді Серғали Өмірзақұлы.
Соңынан 3 ақпан – Дүниежүзілік сайлау күніне орай аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мәжит Айжанов пен №198 сайлау комиссиясының төрағасы Нарбек Ордабекұлы мен №473 сайлау комиссиясының төрағасы Сүйінжан Құрманұлын облыс әкімінің Алғысхатымен марапаттады.
Аудан әкімі Олжас Есалханұлы 2021 жылы өткен ауылдық округ әкімдерін сайлау барысы жайлы айта келіп, жиынды қорытындылады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»