Basty bet

Бақытты балалық шақтың мерекесі

1 маусым – адамзат қоғамының ең сүйкімді әрі әрдайым қорғауды қажетсінетін, аялап, еркелетуді жақсы көретін жас өскін буынына ересектер тарапынан барынша ілтипат мейір төгетін күн. Осы орайда, бүгінгі мақаламызда Халықаралық балаларды қорғау күнінің шығу тарихы жайлы ақпаратпен бөлісуді жөн көріп отырмыз.
Балаларды қорғау күнінің пайда болу тарихы 1925 жылы Женевада Ұлттар Лигасы ұйымдастырған Халықаралық балалар конференциясында бастау алған. Конференция барысында Балаларды қорғау күнін белгілеу туралы шешім қабылданып, бұл күн бүкіл әлемдегі балалар құқығын қорғаудың символына айналған. Бастапқыда Балаларды қорғау күні әр елде әртүрлі уақытта атап өтілді. Алайда 1950 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 1 маусымды Халықаралық балаларды қорғау күні деп белгілеп, бұл мерекені біркелкі ету және оның халықаралық мереке ретіндегі маңыздылығын күшейткен болатын. Содан бері жыл сайын 1 маусымда әлемнің әр елінде балалардың құқығы мен мүдделерін қорғауға арналған іс-шаралар өткізу дәстүрге айналып отыр.
Атаулы күнді қай мемлекеттер атап өтеді?
Халықаралық балаларды қорғау күні Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Эстония, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина және Өзбекстан сияқты елдерде, көбінесе бұрынғы Кеңес одағының құрамында болған мемлекеттер атап өтеді.
Дүниежүзінде Халықаралық балаларды қорғау күні қалай тойланады?
Мәселен, Германияда балалар күні Kindertag деп аталады. 1950 жылдан бастап тойланатын бұл мерекені неміс балалары асыға күтеді. Бұл күні балалар ата-аналарынан құттықтау естіп, сыйлықтар алады. Сонымен қатар, экскурсиялар мен мектептегі іс-шараларға қатысады.
Ал Қытайда 1 маусым күні эксклюзивтік спектакльдер ұйымдастырылады және бірнеше туристік бағыттар, мейрамханалар мен кинотеатрлар тарапынан балаларға жеңілдіктер жасалады. Мерекеге орай ересектерге, соның ішінде үкіметтік мекемелерде жұмыс істейтіндерге балаларымен көбірек уақыт өткізу үшін демалыс беріледі.
Вьетнам балалары бұл күні ойын ойнап, хайуанаттар бағына барады. Кейбір ата-ана балаларын сүйікті мейрамханасына апарып тамақтандырады. Балалар мектептерде өтетін арнайы ән мен би шоуларына да қатысады. Оқу жылын үздік аяқтаған оқушыларға мұғалімдер сыйлық беріп, марапаттайды.
Польшада Халықаралық балаларды қорғау күні ерекше күн болып саналады. Мектептерде спорттық ойындардан тұратын арнайы іс-шаралар жоспарланады. Ата-аналар балаларымен көбірек уақыт өткізіп, сүйікті тағамдарын дайындап, ойыншықтар және тәттілер сыйлайды. Онымен қоса, Балалар күнінде поляк отбасылары табиғат аясында тамаша демалыс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.
Бұл күні қандай пайдалы іс жасауға болады?
Балаларға арналған қорларға қаражат жолдау. Ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық жасай аласыз. Бұл қаражат олардың қажеттіліктерін алуға көмектеседі. Ерікті ретінде жұмыс істеу. Әлемде көптеген ұйым балалардың игілігі үшін жұмыс істейтін еріктілерді іздейді. Волонтерлік қызметтің бұл түрі қай кезде де жоғары бағаланатыны анық. Бір балаға демеушілік жасау. Қайырымдылық көпшіліктің игілігі үшін жұмыс істеуде, бірақ балаларға арнайы демеушілік жасау өте жақсы нұсқа болуы мүмкін. Бұл баланың есейгенше толыққанды өсуін қамтамасыз етеді.
Қазақстанда балалардың құқығы қалай қорғалады?
1994 жылы Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы қабылданды. Елде балалардың құқығын қорғауға арналған мынадай заңдар қарастырылған: ҚР Конституциясының 27-бабы бойынша отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады.
«ҚР Балалар құқығы туралы» Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқығы бекітілген. Сонымен қатар, ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close