Basty bet
“Қайтарымсыз грантқа қолжеткізуге қолдау болса…”
екінші бір жылыжайдың иесі, осы ауылдың имамы Баһадүр Әристанов осылай дейді
Баһадүр Жаппарқұлұлы бұл кәсіппен былтырдан бастап айналысуда. Жылыжай соғылған жердің көлемі – алты соттық.
-Жылыжайды соғуыма 1,5 миллиондай қаржы жұмсадым. Былтыр оған алғаш рет қияр ектім. Жақсы өнім алдым. Жинаған өнімдерімізді аудан орталығындағы кәсіпкерлерге саттық. Ауылдағы жылыжай егетін азамат екеуміз жақсы байланыстамыз. Бір-бірімізден білмегенімізді сұрап, тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз.
Биыл қатты желден жылыжайдың целлофандары жыртылып, бәрін қайта қаптап шығуға тура келді. Сондықтан көшет отырғызуда сәл кешігіп қалдым. Бірақ Шымкентте көшеттерім дайын.
Қиярлар тамшылатып суғаруға арналған шланг арқылы суғарылады. Суды жылытуға бір тонналық бөшке қойылған. Ол аздық етеді екен. Енді екі тонналық бөшке қоюды жоспарлап отырмыз. Былтыр құдықтың суымен суғарып, бір-екі рет ауыртып алдым. Сондықтан әрі қарай ағын сумен суғардым.
Жылыжайда көктем, жаз, күз айларында ғана жұмыс істейміз. Қыс бойы жұмыс істеу үшін ішіне жылу жүйесін жүргізу керек. Ол үшін қомақты қаржы керек. Былтыр көпбалалы отбасы ретінде Үкіметтен қайтарымсыз грант алып, жылу жүргізсем деп құжаттарымды жинап едім. Үш балам Өзбекстанда, үш балам атажұртта туылғандықтан, үш баламның құжаты электронды үкімет порталынан көрінбей тұр, деп қол жеткізе алмадым. Осы мәселеме тиісті мекемелер көмектесіп, қол жеткізсем, отбасымызға үлкен көмек болар еді.
Әйелім ауылда қоғамдық жұмыста. Үлкеніміз Алматыда Қыздар педагогикалық институтында оқиды. Төртеуі мектепте оқушы, кенжеміз кішкентай.
Үйіміз ескі. Сондықтан балалар өсіп келе жатыр, үлкен үй соқсақ деп іргетасын да қалап қойдық. Аздаған малымыз бар. Жаз бойы еңбек етіп, үйімізді жәймен бітіріп алсақ деп жоспарлап отырмыз,- дейді Баһадүр Жаппарқұлұлы.
Баһадүр аға сонымен бірге көшет өсіріп, сатумен де айналысады екен. Шағын ғана жерге қызанақ, қияр, қырыққабат, тәтті, ащы бұрыш, баклажанның дәндерін отырғызыпты. Өскен көшеттерді ауыл тұрғындарына сатамын дейді. Еңбекқор жанның тірлігіне сүйсіндік.
Ауылда жұмыс істеймін деген жанға жұмыс көп. Тек көзін тауып, еңбектену керек. Баһадүрдей еңбекқор әрі көпбалалы отбасыға жергілікті билік пен кәсіпкерлік палатасынан, басқа да тиісті мекемелерден қолдау болса, жолын көрсетіп, демеп жіберсе. Диқаншының өтінішін тиісті мекеме басшылары ескереді деген ойдамыз.
Екі жылыжайдың да жағдайын көзбен көрдік. Бірін темір құбырлармен соқса, бірі ағашпен соғылған. Барлығы қолмен құрастырылған.
Әрине Шымкенттегідей соңғы үлгіде, шетелдік қондырғылармен жабдықталған заманауи, әлеуетті жылыжайлармен салыстырғанда, арасы жер мен көктей. Онда жұмыс едәуір жеңіл. Ал, біздегі жылыжайлардағы жұмыс ауыр. Әрбір тірлік тек қолмен атқарылады. Біздің жуалылық диқандардың да алдағы мақсаты – заманауи жылыжайларға қол жеткізу. Алла еңбектерін жандандырып, мақсаттарына жетуіне тілектеспіз.
“Әрекет түбі – берекет”, “Қимылдаған қыр асады” деген дана халқымыз. Жуалылық диқандар талай биіктерді бағындыратындарына сенім білдіреміз. Алла тағала істеріне береке берсін!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»