Basty bet
17 азамат жұмысқа жолданды
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде Еңбек мобильдігі орталығы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесіп “Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін” өткізді.
Жәрмеңкені аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жәрмеңкеге қатысушыларды ұсынылған бос жұмыс орындарымен, “2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба” шеңберіндегі жобалармен таныстырды. Оның ішінде қарапайым еңбек адамдарына арналған қоғамдық жұмыс аясының кеңдігіне тоқталды. Сонымен бірге үнемі жәрмеңкеге қатысып, белсенділік танытып жүрген “Төлеген” шаруа қожалығының басшысына алғысын білдірді.
Аудандық Мансап орталығының басшысы Нұрбол Құрмашев пен маман Наурызбек Тілесбаев та жобалардың шарттарын айтып өтті.
Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған жәрмеңкеде 18 мекемеден 57 тұрақты жұмыс орны ұсынылды.
Жәрмеңкеге аудан әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі, мәдени демалыс орталығы, Жастар ресурстық орталығы, білім бөлімі, «Жуалы-Су» мекемесі, аудандық орталық аурухана, ветеринария бөлімі, аудандық ПҚ бөлімі, аудандық жеке сот орындаушы, «Бурное Сүт Компаниясы» ЖШС, Өнер мектебі, «Алина» және «Төлеген» шаруа қожалықтарының басшылары, жеке кәсіпкерлер және жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз адамдар өзін өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған азаматтар келіп қатысты.
Жәрмеңке өткізу нәтижесінде Мансап орталығының мәлімдеуінше, 17 азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, тұрақты жұмыс орындарына 8 азамат жолданған. Кәсіптік оқу бағдарламасына қатысуға пробация қызметі есебінде тұрған 1 азамат және NEET жастардан 1 азамат тіркелді. “Күміс жас” жобасы бойынша 2 жұмыссыз азамат (1 дәнекерлеуші (сварщик), 1 аспаз) жолданды. Қоғамдық жұмыс орындарына 5 жұмыссыз азамат қосалқы жұмысшы ретінде жолданды.
Сонымен бірге қатысушыларға тұрақты жұмыс және субсидияланған жұмыс орындары, «Бизнес Бастау» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқытудың, мемлекеттік қайтарымсыз грант туралы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттары туралы ақпараттық-түсіндіру, консультативтік көмек көрсетілді.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”