Basty bet
Демалыстың көркі – лагерь
Жазғы демалысты барлық бала асыға күтеді, ерекше жақсы көреді.
Балалардың жазғы демалысын әсерлі, пайдалы етіп ұйымдастыру – ата-ана, мектеп, қоғам үшін де маңызды мәселелердің бірі.
Демалысты пайдалы өткізу деген ол – біліміңді жетілдіру, яғни кітаппен дос болу, түрлі интеллектуалды үйірмелерге қатысу, қыдыру, ата-анаға қолғабыс ету, лагерьге бару. Соның ішінде балалар үшін ең қызықтысы – жазғы лагерь. Лагерьде балалар алаңсыз ойнап қана қоймай, түрлі іс-шараларға қатысып, өзінің жан-жақты дамуына, қабілетінің ашылуына, көпшіліктің арасында өзіне керекті қасиеттерді үйренуге, көпшіл болуға, көп достар табуға мүмкіндік көп.
Біздің ауданда 2021-2022 оқу жылын жалпы 1-11 сыныптар аралығында 10 827 оқушы аяқтап отыр. Оның ішінде 9-11 сыныптар бітіруші сыныптар болып есептеледі. 1-10 сыныптар аралығында 10 085 оқушы бар. 10 сынып оқушылары көгеріштендіру бригадасымен қамтылады.
Ал, 1-8 сынып аралығындағы оқушылар мектеп жанындағы лагерьмен қамтылады.
2022 жылғы жазғы каникул кезеңінде жылдағыдай оқушылардың сауықтыру демалысы мен жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі шаралар ұйымдастырылуда.
Білім бөліміне қарасты білім беру мекемелерінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалу ұйымдастырылып отыр.
Аудандық білім бөлімінің әдіскері Мөлдір Аманхостың берген мәліметіне сүйенсек, мектепішілік лагерь 2 кезеңге бөлініп ұйымдастырылып, өткізілуде.
-І кезең 30 мамыр мен 10 маусым аралығында болса, ІІ кезең 13 маусым мен 24 маусым аралығында өткізіледі. Аудан бойынша – 1-8,10 оқушыны қамту жоспарланған, білім беру ұйымдары 2 кезеңде мектеп жанындағы лагерьге 2395 оқушы (жеке санаттағы балалар) тамақпен қамтылатын болады,- дейді Мөлдір Аманхос. – Оқушылар көгеріштендіру бригадасы, «Спорттық ойындар», «Робототехника», «Логикалық математика», қол өнер, ағылшын тілі үйірмелерімен қамтылуда.
Қала сыртындағы лагерь Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №158 бұйрығының 11 қосымшасы «Мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарына қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде демалуы үшін құжаттар қабылдау және жолдама беру» мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
Жалпы аудан бойынша қала сыртындағы лагерьге жоспарға сәйкес 400 оқушы қамтылу жоспарланып отыр.
Билікөл аймағында орналасқан ЖШС «Рахат 90» сауықтыру лагеріне І кезеңде: 2022 жылдың 7 маусым күні – 50 оқушы; ІІ кезең: 20 маусым күні -150 оқушы, ІІІ кезең: 03 шілде күні – 200 оқушы демалуға жіберілетін болады.
Биылғы жыл Балалар жылы. Сондықтан биыл балалардың денсаулығына, жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Жазғы лагерьлерде де жақсы жағынан ерекшеліктер болады деген ойдамыз.
Әр баланың жақсы демалып, жаңа оқу жылына аман-есен, күш-жігер жинап баруына шын жүректен тілектеспіз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»