Basty bet

Жеткіншектердің смартфоннан да қызықты іспен айналысуына не кедергі?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында, балаларға ерекше назар аудару керегін, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі екенін айтып, үстіміздегі жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Президент өз сөзінде «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» – деп балаларды қорғауға баса назар аударды.
Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласы жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстанда, оның ішінде ауданымызда да балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынып жатыр.
Балалар мектеп бағдарламасынан бөлек бос уақыттарын тиімді жұмсаса, өз қабілеттеріне қарай сүйікті істерімен айналысса кейін мамандық таңдауларына да көмек болмақ. Сол үшін әрбір ата-ана балаға көңіл бөліп, қабілетін біліп, оның дамуына күш салуы тиіс. Күн тәртібін жүйелі құрған бала зиянды әдеттен де аулақ болады. Осы тұста сабақтан тыс үйірмелердің маңыздылығын айта кеткеніміз жөн.
Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан үйірмелерге қаржы бөлініп, әр баланың қалаған ісімен айналысуына жол ашылып отыр. Балақайларымыздың түрлі курстарға, спорттық, өнер үйірмелеріне қатысуына мүмкіндігі бар. Ең бастысы ата-ана бұл мүмкіндіктерден хабардар болып, баласын сол үйірмелерге қатыстырып көруі керек. Бұл тек баланың қабілетін шыңдап қана қоймай, ұяң болса көпшіл болуына, көптеген жаңа достар табуына септігін тигізеді.
Қазір балаларымыздың ұялы телефонға телміріп сағаттап отыруы үлкен проблемаға айналды. YouTube арналарына балалардың дені тәуелді болып қалғандай. Балалар күн ұзақ YouTube-тан не көріп отыр? Онда қазақ тілінде сапалы контент бар ма? Өкінішке орай балаларға арналған қазақ тілінде сапалы әрі пайдалы контент жоқтың қасы. Денсаулығына орасан зиян келуімен қатар, әлеуметтік желілердің шырмалған торының тұтқыны болып барады. Міне мұндай балалардың сабақ үлгерімі төмендейді, өзімен-өзі болып тұйықталады, қызығушылығы болмайды. Зиянын айта берсек санап тауыса алмаспыз.
Бұл туралы психолог мамандар да талай рет дабыл қағып, әр ата-ананың баласына көңіл бөлуі маңызды екенін сан қайталап келеді. Осындай проблемалармен күресу үшін балаға смартфоннан да қызықты іспен айналысуға мүмкіндік тудыру керек. Балалар жылында жоғарыда атап өткендей түрлі үйірмелерді, секцияларды, курстарды ашу және қаржыландыру жұмыстары жалғасын тапса балаларымыз үшін үлкен қуаныш әрі жетістік болар еді. Өкінішке орай барлық курстар тегін емес. Көптеген ата-аналардың қалтасы көтермеуі мүмкін. Бұл сұрақ та өз шешімін табарына сенеміз.
Үлкен мән беріп, ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – балалар денсаулығы. Осы жылы балалар денсаулығына, сауықтыруына үлкен көңіл бөлініп, қолға алынбақ. Елімізде емге мұқтаж балалар өте көп. Әр ата-ананың перзентін толыққанды емдетуге шамасы жете бермейді. Телефоннан түрлі ауруға шалдыққан балалар туралы ақпаратты оқып, көмек сұраған ата-ананың жан айқайын көріп көбіміздің жанымыз ауырады. Шамамыз келгенше ақша жинап емделуіне өз үлесімізді қосамыз. Дегенмен науқас балақайлар үнемі ем-домды қажет етеді. Сондықтан, мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық қажет.
Иә, балалар жылында өміріміздің мәні мен сәні, көз қуанышымыз – балаларымыз үшін көптеген жақсылық жасаларына сенеміз. «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, балаларымызды бақытты ету баршамыздың негізгі міндетіміз.

Ғалым ҚОЖАҒҰЛОВ,
№16 С.Сейфуллин
атындағы орта
мектептің қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close