Basty bet

Еңбек еткенге бақыт басын иеді

Жуалының табиғаты қай адамды болсын ынтық етпей қоймайды. Жері ырысты, берекелі, мал шаруашылығына да жайлы, құтты мекен.
Медетбек Мәдібек Қаратау қаласында дүниеге келген. Ата-анасы кейіннен Кәріқорған ауылына қоныс аударуына байланысты осында тұрақтап қалады. Ол №7 Жетітөбе орта мектебінде білім алып, кейіннен Алматы қаласындағы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы академияда көлік және көлік техникасы мамандығында білім алып шығады. Осы орайда жас та болса тірліктің көзін тауып, ауылының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген еңбекқор шаруаның бірі. Ол «Мәдібек» шаруа қожалығының жұмысын он жылдан бері жүргізіп келеді. Еңбекқор отбасында өскен елгезек бала Медетбек жастайынан шаруаға епті, ауыл тіршілігіне бейім болып өсті. Ауылда жастайынан мал бағып, істің көзін таба білуге дағдыланып өскен азамат үшін бұл жұмысты игеріп кету қиынға түсе қойған жоқ.
Алған білімі де ауыл шаруашылығындағы жұмысына пайдасын тигізді. Ауыл баласына тән шаруаға деген ерекше махаббаты күн санап арта түсті. Оқуын аяқтап келген жылдардан бастап, шаруа қожалық иесі жұмысын жүргізе бастады. Оның күнделікті жұмыс уақыты таңғы 5.00-ден түнгі сағат 23.00-ге дейін жыл он екі ай жалғасып отырады. Қытымыр қыста да, шілденің аптап ыстығында да шаруаның күйбең тіршілігі үнемі әрекетте болуды талап етеді. Ауа райының қолайсыздығы шаруаның жұмысын екі есе қиындата түсетін де кездері болады.
Шаруа азамат егін және мал шаруашылығымен айналысады. Сол кәсіптің көзін тауып, шаруашылықты дамыту ісіне ерекше ден қойып келеді. 45 гектар егістік алқабында көпжылдық жоңышқа, картоп, бидай, арпа егіледі. Мал азығы үшін егістік алқаптарына жаз бойы егілген мол өнім қорын қысқа жинайды. Шаруа қожалығында бір мезгілде бірнеше бас жылқы бордақыланады. Осылайша ауыл тұрғындарын қажетті ет өнімімен қамтамасыз етіп отыр. Еншісінде 80 бас жылқы және 400 бас қойы бар. Қыс бойы ауылда болса, жаз мезгілінде таудағы жайылымда бағады.
Кейде жұмыстың өзіне тән ерекше қиыншылықтары шаруаны шаршатып, біраз әбігерге салса да осы тірлікпен өсіп-өнсем, шаруамды кеңейтіп, табысты ете түссем деген арманы бар. Бүгінгі таңда, шаруа қожалығында төрт малшы тірліктің алға жылжуына қолғабыс етеді. Шаруаның жұмыстарын жүргізу үшін шөп ору, мал бағу, сиыр сауу түрлі тазалау жұмыстарына жұмыс қолы ретінде ауыл тұрғындарын тартады. Осылайша, ауыл тұрғындарын да тұрақты, уақытша жұмыстармен қамтамасыз етіп келеді.
Мемлекеттен субсидия алуға өтінім білдіріп, ендігі кезекте өтінішінің қолдау табуын күтіп отыр. Ол да мемлекет тарапынан шаруа қожалық иелеріне жасалатын жеңілдіктердің бірі. Шаруасын өз қаражатымен бастаған азамат. Қымыз баптап, құрт жасап, май шайқап ауыл тіршілігінің берекесін одан әрі кіргізіп келеді.
Қолы қалт етсе ат спорты, оның ішінде көкпар ойынына деген қызығушылығы ерекше. Жүйрік аттардың бабын келтіріп қарауы оның сүйіп істейтін хоббиі десек болады. Қазақ-қырғыз арасындағы көкпарға қатысып, ІІ орын иеленген т.б көптеген көкпар ойындарынан жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүрген шабандоз жігіт. Ол үлкен шеберліктің, тыңғылықты дайындықтардың арқасында жүзеге асатын жеңіс.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Жуалы жайсаңдары» байқауында «Жылдың үздік шаруа азаматы» номинациясының иегері, аудан әкімінің және Жетітөбе ауылдық округі әкімінің Алғысхаттарымен марапатталған.
Шаруа жігіт Медетбек Затыбекұлы Шу өңірінің аруы Саида Гамзатовамен отбасын құрып, қара шаңырақта ата-анасының қолында тұрып жатыр. Жары Саида Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығын тамамдаған. Қазір ол №7 Т.Әкімов атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Жұмыстан босай сала, жолдасына қолғабыс етіп, үйдің берекесін кіргізіп келеді. Ауыл тіршілігіне жас та болса етене араласып, көптің алғысын алып жүр.
-Бұл шаруаға маңдай терімді төгудің нәтижесінде, тынымсыз еңбекқорлығымның арқасында осындай дәрежеге жетудемін. «Дарақ бір жерден көгереді» деген тәмсіл қазақта ертеден бар. Бұл сөз өз ісінің нағыз шеберіне айналып, сол жолдардағы түрлі қиындықтарды артта қалдыра білген жанға айтылған қанатты сөз. Дәл осы сөз менің өмірде мықты болып және бір саланы толық меңгерген азамат ретінде қалыптасуыма көмектесіп келеді,- дейді шаруа жігіт Медетбек Затыбекұлы.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close