Basty bet

Домбыра – қазақ халқының киелі аспабы

Домбыра – қазақ халқының өте ерте және кең тараған ұлттық музыкалық аспабы. Мәліметтерге қарағанда, домбыра сөзі көне шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағына береді. Алматы облысының Жамбыл ауданы аумағынан шамамен екі жарым ғасыр бұрын табылған таста қашалған суреті мен ХVІ ғасыр бұрын Мысыр еліндегі Нахт қабіріне салынған пішінінен еш өзгермеген. Қос ішекті шертіп ойнайтын бұл музыкалық аспап ішекті, шертпелі аспаптар тобына жатады.
Домбыра – қазақтың ұлттық жеті қазынасының бірі саналады. 2007 жылы отандық ғалымдар мемлекет пен халықтың рухани дамуына, соның ішінде, қалыптасуына ықпал еткен жеті ерекше мәдени құбылысты анықтаған. Бұл тізімге домбыра, Тамғалы шатқалында тасқа салынған суреттер, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Маңғыстаудағы жерасты мешіттері, қазақтың киіз үйі, «Бәйтерек» монументі, Есіктен табылған «Алтын адам» кірді. 2010 жылы домбыра Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.

Қазақ халқының аспаптық музыка саласы сан ғасырлар бойы қаншама тарихи кезеңдердің рухани нәрін бойына жинап, өзіндік айрықша үнмен, өзгеше нақышпен, шебер шыңдалып, кемел дамып, ұлттық дара сипатта қалыптасты. Әсіресе домбыра аспабының қазақ халқының руханиятында алар орны ерекше. Қазақ домбырасының түп тамыры көне замандардан бастау алады. Көне түрік дәуірінен бері талай ғасырлардың талқысынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып жеткен домбыра – қазақ халқының баға жетпес ұлттық рухани құндылықтарының бірі болып саналады.
Өнер зерттеушісі, академик Ахмет Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», деп баға береді қасиетті аспапқа.
Домбыра ерте замандарда пайда болып бүгінгі күнге дейін саф алтындай сақталып, халқымыздың тыныс-тіршілігімен етене қабысып, кеңінен қолданылып келе жатқан музыкалық аспаптардың бірі. Археологиялық қазба жұмыстары, тасқа түскен ескерткіштер мен зерттеулерге сүйенер болсақ, домбыраның пайда болуы ежелгі түркі дәуірінен бастау алады. Алғаш домбыраның шыққан жері түркі халықтарының алтын бесігі Алтай тауы болып саналады.
Белгілі түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының зерттеу дерегі бойынша Монғол Алтай тауының сілеміндегі Жарғалант-Қайырқан жотасының бір үңгірінен табылған домбыра тектес көне саз аспабы екі ішекті, тоғыз пернелі болып келеді.
Күй атасы – Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет, Сүгір домбыраның үнімен еркіндікті аңсаған қазақ халқының тыныс-тіршілігін, халқымыздың тарихын, салт-дәстүрін, мызғымас құндылықтарын жеткізген. Қайталанбас дауыс иесі Әміре Қашаубаев домбыраның үнімен-ақ ат төбеліндей ғана қазақ дейтін халықтың бар екенін паш етіп, ұлттық өнер арқылы Еуропа жұртшылығын тәнті еткен. Ғасырлар бойы қазақтың жан серігі болып, қиындықта сүйеу, қуанышта көңілінің қанаты болған домбыраға арнайы күн белгіленіп, жыл сайын оның мадақталуы үлкен қуаныш.
Міне, дәл осылай! Қазақты танимын десең, ең алдымен домбыра үніне құлақ түр. Осы бір ұлтымыздың – көне ішекті аспабының шығу тарихы мен ол жайлы, ерте кездерден сақталып, бүгінге жеткен талай-талай қызықты аңыз-әңгімелер жетіп-артылады.
Бір деректе үш мың, ал бір дерек көздерінде бес мың жылдық тарихы бар деп жүрген, көнекөз қасиетті домбыра тарихы жайлы сыр мен жыр бір мұнымен ғана бітпейді. Әуелде домбыра үш ішекті, бітеу болған деседі. Оның үш ішегінің біреуінің тағылмауы мен домбыра шанағының бетіндегі ойықтың пайда болуы мына бір аңызбен байланыстырылады.
Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы бірде аңға шығып, құлан атуға кеткеннен қайтып оралмай қалады. Бір күн, екі күн өтеді. Одан да көп күн өтеді. Хан болса, ба-ласының опат болғанын жүрегімен сезеді. Бірақ жаманат хабарды естігісі келмеген хан: «Кімде-кім менің ұлымның суық хабарын жеткізсе, соның көмейіне қорғасын ерітіп құямын!» деп жар салғаннан кейін, халық жаманатты білсе де, ханның алдына келіп, қазаны ешкім де батылы барып естірте алмайды.
Содан бір күні әлгі хабарды естіген бір домбырашы хан сарайының алдына келіп, оған кірмекші болғанымен, күзетшілер қақпадан ішке кіргізбейді. Қақпаның сыртына отырып алып, домбырасын тарта береді. Домбыра үнін хан да естиді. Бұл кім, қайдан келген, неғылған адам, шаруасы болса маған шақырыңдар, деп хан әмір береді. Хан алдына келген домбырашыдан жөн сұрағанда, ол үндеместен домбыраға ерік береді. Домбыра дауысы майдақоңыр үнмен басталып, жаймашуақ өмірді көз алдына елестетеді. Оқиға қоюланып, мұңды-қайғылы әуезге ауысып, бір әлемтапырық сұмдық оқиға басталады.
Осы кезде, ұлының өлгенін біліп, ақырып қалып, домбырашыны тоқтатқан қатулы хан: – Мынаның көмейіне ыстық қорғасын әкеліп құйыңдар, – деп әмір береді. – Оны айтқан мен емес, мына қара домбыра, хан ием, – дейді күйші. Ендеше домбыраның көмейіне құйыңдар. Уәзірлері шөмішпен, ыстық қорғасын әкеліп, оның шанағына құй-ғанда, үш ішектің біреуі тырс етіп үзіліп кетіп, бітеу бетте ойық тесік пайда болады.
Осы оқиғамен байланысты тағы бір аңыз былайша тарқатылады. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының өлімін естірткен домбырашыны айдаһардың інінің аузына апартып тастатады. Домбырадан төгілген күй үнінің әсерімен балқыған айдаһар, әбден риза болып, інінің терең түкпірінен аттың басындай алтын әкеліп беріп, күйші аман қалады… Міне домбыра үнінің, күйдің құдіреті. Оның тылсым күші.
Сөйткен, қазақтың қоңыр үніндей домбыра кешеден бүгінге жетіп, бүгіннен болашаққа жол тартып барады. Оған дәлел, қазақта бес мыңдай күй бар десек, күні кеше ғана «Қазақтың 1000 күйі» жинағының жарық көруі, кешегі өткен күй кемеңгері Тәт-тімбет Ресей Патшасын қара домбыраның құдіретті үнімен баурап, риза етіп, оның қолынан күміс медаль алып, ұлтымыздың ішекті аспабының атын әйгілеп аспанға бір-ақ шығарса, бүгінде домбыра өзінің құдіретті үнімен әлемді шарлап, жағымды әуенімен талай халықтың жүрегін жаулап алды.
1995 жылдан дүние жүзінің барлық аймағында Құрманғазының «Сарыарқа» күйі оркестрдің орындауында тұрақты беріліп тұру құқығын жеңіп алғанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Әр жылдар ішінде Американың «Корнеги Холл», «Кеннеди центр», Римнің «Аудиторим», Берлиннің «Берлин Хаус», Париждің «ЮНЕСКО залы», Мәскеудің «Съездер сарайы», «Үлкен театры», П.Чайковский атындағы концерт залы, Бейжің мен Шанхайдың концерт залдары ғажайып күйдің құдіретімен талай мәрте дүр сілкініп, құдіретті әуенге бас игенін еске түсіретін болсақ, ғажайып күй қанаты әлемге танылды деп кеудемізді қуаныш кернеп, мақтанышпен айта аламыз.
Әрине, күй мен домбыра егіз. Домбыра барда – күй, күй барда – домбыра бар. Ал жер бетінде қазақ деген ұлт барда – қасиетті, киелі үкілі домбыра да, сан ғасырлардың куәсі – баға жетпес мол мұрамыз – күй де, мәңгілік жасай бермек. Күй демекші, Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай Қазақстанның әрі өңірінде бір мезгілде бірнеше мың домбырашы күй атасы Құрманғазының күйлерін асқақтата орындау үрдісі қалыптасып келеді. Бұл үрдіс күй құдіретін көрсетсе керек.
Домбыра – қасиет, домбыра – өсиет. Домбыра – қазақ халқының киелі аспабы. Киені қадір тұтпау қазақ дейтін қасиетті халыққа жат құбылыс болса керек. Күмбірле, қазағымның қасиетті қара домбырасы! Домбыра шанағынан төгілген қарт Қаратаудай шежірелі күй мен халқымыздың Алатаудай асқақ әні баршамызға тек қуаныш сыйласын.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close