Basty bet

Құрылысшы – қиын әрі қауіпті мамандық

Тамыз айының үшінші жексенбісі – құрылысшы күні. Бұл күні құрылысшылар мен сәулетшілердің еңбегі еленіп, құрметке бөленеді. Еліміздің дамуына бұл кәсіби мереке иелерінің қосқан үлесі зор.
Қиын әрі қауіпті мамандықты игерген, осы салада ұзақ жыл жемісті еңбек еткен сала ардагерінің бірі – Қамбарбек Момынқұлов. Ол Тасбастау ауылында туып-өскен. Кәріқорған ауылындағы орта мектепті бітіріп, екі жыл Россияда Кеңес әскерінің қатарында болған.
Әскерден соң Алматы Сәулет және құрылыс институтында бес жыл оқып, инженер-құрылысшы мамандығын алып шығады.
Еңбек жолын аудандағы құрылыс мекемесінде мастер-прораб болып бастайды. Әрі қарай жекеменшік құрылыс компаниясында басшы, «Алматы-Құрылыс-Қашаған» ЖШС-інде прораб, менеджер, аудан әкімдігінің құрылыс бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі, коммуналдық шаруашылық меңгерушісі болып қызмет етті. Одан кейінгі жылдары да бірнеше жекеменшік компанияларда жауапты қызметтерді атқарды. Бүгінгі таңда зейнет демалысына шықса да тараздық құрылыс команиясында келісімшартпен еңбек етіп, тәжірибесімен бөлісуде.
-Құрылысшы мамандығының ерекшелігі – жұмыс бірінші құрылыстан басталады. Яғни мектеп, аурухана, қала болсын ең бірінші оның ғимараты салынады. Сондықтан әр ғимарат сапалы, заман талабына сай, ажарлы болғаны қандай ғанибет.
Құрылысшыларға қойылар талап жоғары. Құрылысшы жәй маман емес, шебер маман болуы керек. Әрбір құрылыс жұмысын жобалық-сметалық құжатта көрсетілгендей сапалы орындау қажет. Қазір сапасыз құрылыстардың көбейіп кетуі біріншіден, білімді мамандардың азаюы, екіншіден, сапасыз материалдардың көбеюіне байланысты. Өкінішке қарай, қазір құрылыс жұмысын көп жігіттер күнкөріс көзіне айналдырған. Әрине олардың барлығы осал деп айта аламаймыз. Ішінде арнайы білім алмаса да еңбекқор, қабілетті жігіттер көп. Бір қуанарлығы қазір құрылыс жұмыстарына мемлекет тарапынан қойылар талап жоғарылап келеді. Бұл мердігерлердің де жауапкершілігін көтеруде.
Мен өзіме де, қол астымдағы жұмысшыларға да қояр талабым – жұмыстың көзін тауып, сапалы, артық шығын шығармай атқару, қауіпсіздікті қатаң сақтау, тиянақтылық, тәртіпке бағыну.
Құрылысшы қоғамда жауапкершілігі жоғары, жаман әдеттерден аулақ болуы керек. Себебі, құрылысшы халыққа, жас ұрпаққа, елге қызмет етуде,- дейді Қамбарбек Мадиярбекұлы.
Ардагер құрылысшы жұбайы аудандық аурухананың ардагері Сара Тіленшиева екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиеледі. Ұлы Берік Астанада заңгер, Ал қызы Айгүл Алматыда тұрады. Мамандығы – кардиолог дәрігер. Ұл-қызынан бүгінде алты немере сүйіп отыр.
Қамбарбек Мадиярбекұлын және барша құрылысшылар мен сәулетшілерді кәсіби мерекесімен құттықтаймыз! Елге сіңірген еңбектеріңіз еленіп, мәртебелеріңіз биіктей берсін!

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close