Basty bet
Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты
Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болсын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған. Жастар – болашақтың жарқын айнасы іспетті. Осындай жастардың бірі, Бауыржан Момышұлы ауылының жастармен жұмыс жөніндегі маманы Рауан Сапарбай. Ол Диқан ауылында туып-өскен. Сол ауылдағы орта мектептің 2019 жылғы түлегі. Рауан Баймұратұлы орта мектепті аяқтаған соң Тараз қаласындағы теміржол колледжіне оқуға түседі. Колледжде оқып жүріп 2020 жылы әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы борышын Ақтау қаласындағы 2018 шекара бөлімшесінде өтейді. 2022 жылы Ақсай ауылдық округі әкімінің аппаратында «Жастар тәжірибесімен» жұмыс істейді.
Ал, 2024 жылдың қаңтар айынан бастап «АмаNат» партиясы аудандық филиалының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы болып сайланады.
-Мектеп қабырғасында жүргенде жастардың басын қосып жиналыс, жайдарман ойындарын өткізетінмін. Көптеген іс-шараларға қатысатынмын. Осындай іс-шараларда көбінесе жүргізуші болғанды ұнататынмын. Сол кезден бастап маған жастармен жұмыс істеген ұнайтын. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Қай заманда болсын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барша үлес қосып келеді. Мен Ақсай ауылдық округінде жұмыс істеп жүргенде көп нәрсені үйрендім. Халықпен қалай сөйлесуді, қалай қарым-қатынаста болуды үйрендім. Жаңадан әкім болып келген Мақсат Мәтен өзінің білгенін, ақыл-кеңесін мен сияқты жастарға айтып отырды,- дейді Рауан Баймұратұлы.
Жалпы ауданда статистика көрсеткіші бойынша 2023 жылы тұрғындар саны 54367 адамды құраса, оның ішінде жастар 18170 адамды құрайды, жалпы халықтың 33,4 %. Олардың 9749 (53,6%) ерлер, 8421 (46,4%) әйелдер. Оның ішінде қаншама жастар өзін-өзі жұмыспен қамтып, жеке кәсіптерін ашып отыр. Бұл да бір қуантарлық жағдай.
Рауан Сапарбай аудандық «Жастар ресурстық орталығымен» бірігіп, іс-шаралар өткізуде. Алдына қойған жоспары да көп. Соның бірі қазіргі таңдағы жастар арасындағы жұмыссыздық ең бір бас ауыртар мәселе. Жұмыссыздық көптеген жат қылыққа апарады. Ондай мәселелерді шешудің бірден-бір жолы еңбекқорлық, болашаққа деген айқын көзқарас. Бірақ өкінішке қарай қазіргі көптеген жастардың бойында жалқаулық басымдау. Сол себептен шығар, кей жастарда «жеңіл табысқа» ұмтылу және олардың бойларынан өзімшілдік секілді қасиеттерді де байқап қалып жатамыз.
Қазіргі таңда тұрғындардың тұрмыстық табысын артыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында ауданға қарасты бірқатар ауылдық округтердегі қарапайым тұрғындар, көпбалалы отбасылар жеңілдетілген несие алып, жұмыстарын кеңейту үстінде. Осы бағдарламаның бесінші бағыты бойынша аудан тұрғындары, соның ішінде, жастарда кәсіп ашу үшін жеңілдетілген, төмен пайыздық несие алуға құқылы екендерін көбінесе біле бермейді.
Осы бағдарламамен жастарды таныстыру, әрі қарай үйлестіру жұмысымен Рауан Сапарбай үлкен жұмыс атқаруда. Ол жастарға аталған бағдарламаның тиімді жағын түсіндіруде.
– Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қашанда халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім ғана» — деп бекер айтпаса керек. Ондағы жазушының айтқан пікірін үнемі қаперімде ұстап, өзіммен теңдес замандастарымды сол айтылған ойға сай көргім келеді. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Меніңше, бүгінгі жастардың бойынан тұлғалық жетістіктер, қабілет-өнері, рухани интеллектуалдық бәсеке табылып жатса, қуантарлық жағдай. Сондай-ақ, бүгінгі жастарда ақпарат мүмкіндіктері бар, олар әлемдегі үдерістерден хабардар. Бүкіл әлеммен қарым-қатынас жасауға мүмкіндігі зор. Еліміздің білім жүйесінде өз елімізде білім алумен қатар шетелде оқу жастарға қолжетімді, яғни қайда оқимын, қайда барып білім аламын, тәжірибе жинақтаймын десе де бәрі өзіне байланысты,- дейді аудандық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Рауан Сапарбай.
Иә, әр жастың жағдайын ойлап, олармен іс шаралар өткізіп жүрген талапты жасқа біз тек табыс тілейміз.
Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»