Basty bet

Күреңбелдік келіншек моншақтан сөмке тоқиды

Моншақтардан зергерлік бұйымдарды тоқу қарапайым хобби болудан қалды. Қазір бұл ерекше өнерге ғана емес, кәсіпке айналып отыр. Күреңбелдік Бақыткүл Досова танымал сөмкелердің көшірмелерін жасаумен айналысады. Бақыткүл Мырзатайқызы қолөнердің бұл түрін 2021 жылдан бастап қолға алып, қазіргі уақытта бұл кәсіпті табыс көзіне айналдыруда.
-Кәсібімді бастамас бұрын жоғары сапалы жабдықтарды іздеу қиынға соқты, бірақ көп ұзамай бұл мәселе өз шешімін тапты. Моншақ тізу төзімділік пен үлкен еңбекті қажет етеді. Өйткені моншақтар ұсақ келеді, көз ауырып, арқа буындарына залал тиеді. Алғашқы сөмкені жасауға шамамен 2-3 күн қажет болды, бірақ тәжірибе жинақтағаннан кейін жұмыс барысы жеңілдей түсті. Кейінгі сөмкені тоқуға 8-10 сағат жұмсайтын болдым, – дейді Бақыткүл Мырзатайқызы.
Бала кезінен қолөнерге бейім болған ол көңілі қалаған кәсіпке көп ойланбастан қадам басты. Әлеуметтік желілерден моншақтардан бұйымдар ғана емес, сондай-ақ сөмке жасауға болатынын көріп, қызығушылығы одан әрі оянған.
Қазіргі таңда оның жасаған бұйымдарына тапсырыс берушілер де көп. Сатылымда қыздарға арналған аяқ киімдер, үй тәпішкесі, ерлердің аяқ киімдері бар. Оның айтуынша, тапсырыс берушілердің арасында бір метрлік шамға (светильник) деген сұраныс көп. Оның жасаған бұйымдарының бағалары да жүйелі. Мәселен, бір метрлік шамның (светильниктің) бағасы 18 мың, букет гүлден жасалған шамның (светильниктің) бағасы 10 мың болса, қыздарға арналған жеңіл аяқ киімнің (макаси) бағасы 10 мың және үй тәпішкесі 5 мың теңге көлемінде сатылуда.
«Еңбегімнің нәтижесін көріп, жаңа бұйым жасауға ынталана түсемін. Сондай-ақ, тұтынушылардың ілтипаты мен қуанышты жүздерін көріп, шабыттанамын. Бұл кәсіптің артықшылығына келсек, біздің ауылда бәсекелестердің жоқтығы жақсы болып отыр. Жұмыс барысы ұсақ моториканы жақсы дамытады және бүгінде қолдан жасалған бұйымдар сапасына қарай жоғары бағаланады. Бұл салада күн сайын дамып, жаңа нәрсені үйренуге болады. Дайын өнім тұтынушыларды өзіне еліктіреді деген ойдамын».
Оның меруерт моншақтан жасайтын көздің жауын алатын сөмкелері мен әр алуан әшекейлеріне сұраныс көп.
«Алғашқыда отбасылық табыс көзі үшін қолөнерге қадам бастым. Интернеттен меруерт моншақтан сөмкелер жасаудың курстарын көріп, әдіс-тәсілдерін үйрендім» деген ол өзіне қолөнер бұйымдарын жасауға қандай материалдар керектігін, оның жасау техникасын меңгеріп, қолын шыңдай берді. Ол ең алғашқы сөмкесін екі жарым аптада жасап шыққан. Уақыт өткен сайын тәжірибе жинақтап, жылдамдықты арттыра түсті. Қазір бір сөмкені кем дегенде 3-4 күнде жасап шығарады. Түрлі көрмелерге де қатысады. Тапсырыс беретіндер саны да артып келеді. Әсіресе, кішкентай сөмкелерге қызығатындар қатары көп. Ол киіммен жақсы үйлесіп, образыңызды ашады. Алдағы уақытта қолөнерші қобдиша жасауды қолға алуды жоспарлауда. Қобдишаны қыздар зергерлік бұйымдарын сақтауға қолданады.
Қолөнерші жақында аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткен қолөнер байқауына қатысып, өз бұйымдарын көпшілікке таныстырған болатын. Мұндай байқау оған қолөнер бұйымдарын таныстыруға көп мүмкіншілік берген. Нәтижесінде, оның бұйымдарына деген көпшіліктің қызығушылығы артып, тапсырыс берушілердің қатары артқан.
Бақыткүл Мырзатайқызының қолынан шыққан кәдесыйлар көздің жауын алады, әрі ауыл, тіпті ауданға кеңінен сұранысқа ие болып отыр.
Жасынан үй шаруасына үйір болып өскендігі, ұсақ-түйек жұмыстардан бастап ұсталықпен шұғылданғанынан шығар, бұл кәсіпті де жылдам меңгерген.
Оның бұйымдарды жасау әдісі де қарапайым. Балық аулауға арналған жіппен моншақтарды «өріп», қалаған бұйым, бейнелерін шығарады. Әр тасты есеппен түзу, қалыпқа келтіру, үйлесімін табу оңай шаруа емес. Темірдей төзім, ұшқыр қиял керек.
Ісмердің ең бірінші сыншысы да, қолдаушысы да келіні Нәзерке. Көздің жауын алатын әр бұйым көз майын тауысқан жанкешті еңбекпен келеді. Әр заттың жасалу уақыты әртүрлі.
-Бұл кәсібім өзіме ұнайды. Қолөнер бұйымдары адамның эстетикасына әдемі әсер береді. Ұзаққа шыдайды, әрі сапалы. Экологиялық таза бұйымдар. Қысқасы, жақыныңызды қуантуға таптырмайтын сыйлықтың түрі,- дейді Бақыткүл Мырзатайқызы.
Оның қолынан шыққан бұйымдары шынында да, кісі қызығарлық. Бақыткүл Мырзатайқызы отбасында аяулы жар, ардақты ана. Өмірлік жолдасы Сапарғали Тұяқов екеуі екі бала, үш қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеуде.
Бақыткүл Досова қарапайым үй шарауасындағы әйел, қолөнерге қызығушылығы бала кезінен анасының тігін тігіп, тоқыма тоқығанын көріп дарыған. Ал, Сапарғали аға өмірін еңбекке арнаған жан, яғни, зейнет демалысына шыққанша механизатор болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ата-әже. Бүгінде олар ұл-қыздарынан 15 немере сүйіп отыр.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close