Basty bet

«Мемлекеттің қаржысына жанашырлық керек…»

Мәжіліс депутаты М.Ескендіров өңірдегі құрылыстардың сапасына баса назар аударды

Елге адал қызмет ету – барлығымыздың азаматтық борышымыз. Елдің дамуы мен халықтың тұрмысын көтеруге жергілікті атқарушы орган өкілдерімен қатар, халық қалаулылары да хал-қадірінше атсалысуда. Жақында жазғы демалысқа шыққан Парламент Мәжілісінің депутаттары ел өңірлеріне сапарлап, сайлаушылармен кездесулер өткізіп, сонымен қатар, өңірлердегі түйінді мәселелерге баса назар аудару үстінде. Мұндағы басты мақсат – ел ішіндегі ахуалмен танысу және жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйінді проблемаларға баса назар аудару.

Жамбыл облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров жұмыс кестесіне сәйкес, кеше Жуалы ауданына да арнайы атбасын бұрды. Ол таулы өңірде салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап көріп, онда атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аударды.
Халық қалаулысы Мұқаш Зұлқарнайұлы ең алдымен аудан аумағында орналасқан стратегиялық маңызы бар нысан – «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жұмысымен танысты. Су қоймасының басшысы, гидролог маман Қайрат Шымыровтың айтуынша, бұл су сақтау қоймасы 1963 жылы қолданысқа берілген. Су жинау мүмкіндігі 158,6 млн текше метрді құрайтын қойманың су өткізгіш қабілеті секундына 36 текше метрге тең. Иә, бұл су қоймасында жиналған мол су шлюздар арқылы төмен тасталып, бұл өз кезегінде көршілес Жамбыл ауданында 21,5 мың гектар егістік алқапты суландыруға мүмкіндік береді. Қазір мұнда секундына 20 текше метр су тасталуда. Су қоймасы қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Су қоймасының жұмысымен кеңінен танысқан халық қалаулысы стратегиялық маңызы бар нысанды қайта жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, оған қатысты мәселелерді өзіне жазып алды.
Мәжіліс депутаты М.Ескендіровтың назарына Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылын ауызсу жүйелерімен жабдықтау жобасы таныстырылды. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, мұнда құрылыс жұмыстары жақында ғана басталған. Қазір су тарату стансасының басында қоршау және резервуарлар мен сусорғы стансасының құрылысы басталып, бетон құюға негіз жасалу үстінде. Одан бөлек, мұнда тереңдіктен су бұрғылау жұмыстары да қоса атқарылуда.
-Жамбыл облысындағы жұмыс сапарымның барысында құрылыс нысандарын және ауызсу жүйелерімен жабдықтауға қатысты құрылыстардың бірқатарымен таныстым. Міне, бүгін Түктібай ауылындағы ауызсу жүйелерінің құрылысымен танысып отырмын. Басқа нысандарға қарағанда, мұнда жұмыс өте баяу жүруде. Құрылыс басына су тарату нысанына қажетті су құбырлары да жеткізілмеген. Уақыт сіз бен бізді күтіп тұрмайды. Ауа райының қолайлы кезін тиімді пайдаланып, жұмысты кестеге сәйкес атқарудың маңызы зор.
Мемлекеттен қаражат бөлінді ма, оны тезірек игеруге күш салғандарыңыз жөн. Жалғыз бұл емес, барлық құрылыста сапалы жұмыс жасалуы керек. Қаржы – мемлекеттен қарастырылған. Демек, мемлекет қаржысына жанашырлық керек,- деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Халық қалаулысы Түктібай ауылындағы №12 М.Әуезов атындағы орта мектептегі жапсарлас ғимараттың құрылысымен танысты. Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс басқармасының тапсырысымен құрылысы жүргізіліп жатқан мектептің жапсарлас ғимаратының құны да өте қомақты. Жобаға 1 миллиардтан астам қаражат бөлінген құрылыстың барысында жапсарлас ғимаратпен қатар, ескі мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да қоса атқарылады. Бас мердігер – тараздық «Бином» ЖШС. Құрылыс мерзімі 10 ай мерзімді құрайды. Құрылысқа жауапты серіктестіктің прорабы Ринат Еспенбетовтың айтуынша, жұмыс кестеге сәйкес атқарылуда. Сәтін салса, жапсарлас ғимарат салынғаннан кейін ескі мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ.
Сонымен қатар, Талапты ауылында бес келушіге арнап салынып жатқан медициналық пункттің құрылысы да халық қалаулысының назарынан тыс қалған жоқ. Медициналық пункттің құрылысы туралы айтатын болсақ, аталған құрылысты тараздық компания «Синдикат групп» ЖШС жүргізу үстінде. Жобаның құны – 150 млн теңгені құрайды. Оның 30 млн теңгеден астамы медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға жұмсалмақ. Аталған құрылыспен танысқан халық қалаулысы мердігер компанияның өкіліне оны уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Мұқаш Зұлқарнайұлына келесі кезекте Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылында салынып жатқан 150 орындық мәдениет үйінің және Шақпақ ауылдық округіндегі Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының құрылысы таныстырылды.
Амангелді атындағы ОМ-ның күрделі жөндеуін «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда мұнда демонтаж жұмыстары толықтай аяқталған. Сонымен қатар, мектеп ғимаратының жарылған кейбір қабырғалары қайта нығайтылу үстінде. Жарылған қабырғаның бетіне торкөз темір жабыстырылып, сырты құм сылақпен қалың етіп сыланған. Айта кету керек, құрылысқа отандық материалдар пайдаланылу үстінде. Құрылысқа қажетті цемент, басқа да қоспалар Тараз және Шымкент қалаларынан тасымалдануда. Күрделі жөндеу жұмыстарын аралау кезінде құрылыста орын алған бірқатар өркескел кемшіліктердің де сынға алынғанын айту қажет.
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров жұмыс сапарының барысында ең алдымен өңірдегі құрылыстардың сапалы атқарылуына және жұмысты кестеге сәйкес жүргізуге баса назар аударды.
Айта кету керек, халық қалаулысы М.Ескендіровтың өңірге сапары барысында аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және облыстық мәслихаттың депутаттары – Керімқұл Бегалиев, Ерұлан Мағзымбеков және Гулам Умаров бірге құрылыстарды аралап, маңызды мәселелерге де бірге назар аударды.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close