Basty bet

“Сот болатын азамат әділетті болуы керек”

Ақ пен қараны ажыратып, өзге адамның тағдырына төрелік ету – көп адамның қолынан келе бермейтін іс. Себебі, судья лауазымына кандидаттар Жоғарғы Сот Кеңесіне біліктілік емтиханын тапсырып, психологиялық тест, кейстік тапсырмалар шешіп, эссе жазып, әңгімелесу нәтижесімен ғана таңдалады. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясын аяқтауыңыз қажет. Дегенмен де, Сот болғым келеді деген нақты арман-мақсаты бар кез келген болашақ түлек сабағын жақсы оқып, ерінбей сол жолда еңбек етсе, ол мақсатына жете алады.
Соттың жұмыс барысын түсіндіру мақсатында Жуалы аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Самат Ералиевпен сұхбаттастық. Аудандық соттың кеңсе басшысы ретінде оның негізгі міндеттері – істерді, материалдарды, арыздарды, шағымдарды автоматты түрде бөлу жұмыстарын ұйымдастырады; қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істер, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер, материалдар, азаматтардың өтініштері және т.б. бойынша ақпараттық есептік құжаттардың жүргізілуін, мемлекеттік статистикалық есептердің дұрыс және уақтылы жасалуына бақылауды жүзеге асырады, аудандық соттың кеңсе қызметкерлерінің функционалдық міндеттерін әзірлейді және бөледі.
-Болашақта Судья болғым келеді деушілерге кеңес: Біріншіден, заңды көп оқыңыздар, заңдарды білген өздеріңізге жақсы. Екіншіден, табанды болыңыздар. Сонда ғана сот боламын деген арманыңызға жете аласыз. Себебі, сотқа қойылатын талаптар өте көп. Сіз өзге адамның тағдырына төрелік етесіз. Жазықсыз адамдар әділетсіздікке ұшырамас үшін әділ шешім шығаруыңыз қажет. Әрі арыңыз да таза болады , – дейді кеңсе меңгерушісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: “Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым”, – деп, қаңтар оқиғасы бойынша жеңіл қылмыс істегендерге “рақымшылық” жасайтынын, бірақ “ұйымдастырушы” ретінде айыпталғандарға қатаң жаза қолданылатынын айтты.
-Бұл – дұрыс шешім. Себебі, қаңтар оқиғасына білместікпен, арандатушыларға еріп шығып кеткендер де бар. Оларға кешіріммен қарауымыз қажет. Ал, ұйымдастырушылар лайықты жазасын алуы қажет, – дейді ол.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажыманұлы Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым міндетті саралап, 2018 жылы «Сот жүйесінің жеті түйіні» деп аталатын негізгі жеті басымдықты айқындап берді. Аталған басымдықтың жетінші түйіні болып «Сотқа дейінгі татуласу орталығы» бағдарламасы қамтылды. «Сотқа дейінгі татуласу орталығының» басты мақсаты – араздасқан екі жақты мәмілеге әкелу, ортақ бітімге келтіру.
-Татуластыру орталықтарында медиаторлардың көмегімен шешілген даулар сотқа жетпей екі тарап бітімгершілікке келеді. Бітімгершілікке келу үшін барлық жағдай жасалған, біріншіден дауласқан жақтар Билерге жолығады, Билер болса екі тарапқа дауды сотсыз шешудің оңтайлы жолын тауып береді. Мысалы, біреудің мүлкін ұрласа немесе біреудің денсаулығына зиян келтірсе, егер ол қылмыстық істер онша ауыр емес, орташа ауырлыққа жататын болса, онда аталған қылмыстық істі сотқа дейін АІІБ-де Билердің қатысуымен шешуге толық мүмкіншілік бар. Билер кеңесінің арқасында 2022 жылы 9 айдың қорытынды есебімен 80 азаматтық іс бойынша даулар, 6 қылмыстық іс бойынша дау, 32 азаматтық іс бойынша дау және 9 әкімшілік іс бойынша даулар тоқтатылған. Сондықтан да, ауданда билердің абыройы жоғарылауда.
Аудан тұрғындары тарапынан дауларды билердің көмегімен сотқа дейін жеткізбей тоқтатуы күннен- күнге өріс алуда. Даулардың ішінде көбінесе жер дауы, қарызды өндіру, отбасы-тұрмыстық даулар, неке бұзу даулары, материалдық шығынды өндіру т.б. тоқтатылып, екі тарап татуласып бір-біріне деген талаптарынан бас тартуда, – дейді кеңсе басшысы.
Әңгімемізге арқау болған, кейіпкеріміз Самат Абдуғалиұлының өмір жолы мен еңбек жолына тоқталар болсақ, ол 1986 жылы Жуалы ауданында дүниеге келген. 2003 жылы №19 Д.Қонаев атындағы мектепті тамамдап, 2008 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Ауыл шаруашылық өнімдерін стандарттау және сертификаттау» мамандығын аяқтайды. Сонымен қатар, екі жыл әскери кафедрада оқып, арнайы запастағы лейтенант шенін алған. 2013 жылы Әулие-Ата (ЖГТУ) университетінің құқықтану мамандығын бітірген. Самат Ералиевтің сот саласындағы еңбек жолы 2013 жылы басталған.
2013 жылы аудандық сот кеңсесінің жетекші маманы болып қызметке тұрады.
2014 жылы Тараз қаласындағы мамандандырылған әкімшілік сотында әкімшілік істерді тіркеуші маманы болып жұмысқа ауысады. Ал 2015-2017 жылдары Жуалы аудандық сотында сот мәжілісінің хатшысы қызметінде жұмыс істейді. 2017 жылы Тараз қалалық №2 сотында сот мәжілісінің хатшысы ретінде бір жыл қызмет атқарып, 2018 жылы аудандық соттың кеңсе меңгерушісі қызметіне ауысады.
Самат Абдуғалиұлы 2021 жылы ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясында «Сот және сот төрелігі» мамандығының магистрі дәрежесін алады.
Сөзімізді қорыта келе, болашақта сот болам деушілер қазірден өмірде әділетті болуды үйреніңіздер, заңды көбірек оқыңыздар. Армандарыңызға берік болсаңыздар, судья бола аласыздар. Ал, біз кейіпкеріміз Самат Ералиев өзінің білімі мен үлкен тәжірибесінің арқасында қара қылды қақ жаратын, әділ судья болатынына сенімді азамат.

Үміт Мадиярбек

Таңдаулы материалдар

Close