Basty bet
Арманы асқақ, талабы таудай
«Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі.
Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз халқымызды әлемге танытқан қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді», – деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлар жылының ашылуы кезінде.
Қай кезеңде болсын, жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Білімді, озық ойлы, отансүйгіш және жауапкершілікті сезіне алатын жас буын өкілдері болашақта еліміздің қарыштап дамуына өз үлестерін қосатыны сөссіз.
Сондай талапты жастың бірі – Гүлім Өмірбек. Гүлім Жанғалиқызы Күреңбел ауылында дүниеге келген. Бүгінде осындағы №10 Күреңбел орта мектебінің 10-сынып оқушысы. Оқу озаты және бірқатар жетістіктері де бар.
«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер»,- дегенді дана халқымыз бекер айтпаса керек. Гүлім кішкентай кезінен атасы Өмірбек Бердалиев пен апасы Сапаркүл Бердалиеваның қолында тәрбие алып, қамқор қариялардың берген тәлім-тәрбиесі мен ақылын бойына сіңіріп өскен. Соның әсері болса керек, Гүлім өз қатарының алды.
Жас талап Гүлімнің мектеп қабырғасында білім ала жүріп жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтар болсақ, ол қазақ тілі пәнінен республикалық қашықтық олимпиадасының жеңімпазы, «Ханталапай» республикалық математикалық зияткерлік сайысының бірінші орын иегері. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткен республикалық «Абай жолы» атты жас көркемсөз оқу шеберлерінің арасындағы сайыста екінші орынды иеленсе, «Сен ғылымға болсаң ынтық…» атты республикалық байқауда бірінші орынды қанжығасына байлаған. Сонымен қатар, «Үздік ғылыми жоба авторы» төсбелгісімен де марапатталған. Ол мұның барлығын өз білімімен және еңбегімен иеленген.
Сондай-ақ, Гүлімнің спорттық ойын түрлерінен де алған марапаттары бар. Білім мен саламатты өмір салтын қатар ұстанатын ол жеткен жетістіктеріне отбасының қосқан үлесі зор екендігін айтады. Кейіпкеріміз отбасында төрт ағайынды. Гүлім соның үшінші перзенті. Ағасы Нұрәділ әскери бөлімде фельдшер қызметін атқарса, ал әпкесі Шынайы студент. Інісі Әбілмансұр 9 сыныпта оқиды.
– Әкеміз бізді бала күнімізден еңбекке баулып өсіріп, тәрбиелеуде. Соның арқасында біз «Еңбек түбі – береке» деген қағиданы ұстанамыз. Менің арманым – мектепті жақсы көрсеткішпен аяқтап, өзім қалаған жоғары оқу орнына түсу. Болашақта өзге елдердің де мәдениеті мен көрікті жерлерімен танысқым келеді. Еліміздің туризм саласының дамуына өз үлесімді қосу да басты мақсаттарымның бірі,- дейді Гүлім Жанғалиқызы.
Алдына айқын мақсаттар қоя білген жас талаптың жетекшісі өзінің анасы – Гүлбарахан Рүстембекова. Ол №10 Күреңбел орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ұстаздық қызметте 27 жылдан бері тер төгіп келе жатқан білікті маман. «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері.
Кейіпкеріміз барлық пәнді сүйіп оқып қана қоймай, бос уақытында сурет салғанды, домбыра тартқанды және қөлөнермен айналысқанды ұнатады. Міне, осындай жан-жақты, арманы асқақ жастардың өсіп-жетілуі қоғамның ортақ қуанышы екені анық. Талабы таудай жастың болашақта жақсы мамандық иесі атанып, өз ісінің майталманы боларына кәміл сенеміз.
Нұрғалым МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
«Жаңа өмір»