Basty bet

Ойын-сауық орталығындағы мерекелік кеш

1 маусым 1950 жылдан бастап Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту қолға алынған болатын. Әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз, риясыз күлкісін тоқтатпау аса маңызды. Осы орайда аудандық жоспарға сәйкес, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету құрылымдық бөлімше мамандарының ұйымдастыруымен «Бала күлкісі – әлемнің көркі» атты мерекелік шара өтті. Оған үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету есебінде тұратын 36 мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер қатысты. Мерекелік шараға бірнеше кәсіпкер демеушілік жасаған.

Мерекелік шараның Б.Момышұлы ауылындағы «Kids world» сауда және ойын-сауық балалар орталығында ұйымдастырылуы да жайдан жай емес. Бұл күні үйден шығуға мүмкіндігі жоқ балалар үшін аталған ойын-сауық орталығына келіп, уақыттарының қызықты өтуіне мүмкіншілік жасалды.
Мерекелік шараны аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Налекова ашып, ол өз сөзінде, дүниеге келген әрбір бала бақытты болуға лайықты және олардың әр күні жарқын болуына, дені сау ұрпақтардың көп болуын және жүзінен нұрын шашқан әрбір сәбидің бақыттына қоғам болып жәрдемдесуді мемлекет те назардан тыс қалдырмайтынын баса айтты.
Шара барысында кеш қонақтарына арнайы дастарқан жайылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Балалар үйден ата-аналары үйреткен тақпақ, ән-билерін әзірлеп, өнерлерін ортаға салды.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншісі Мадина Сванбаеваның орындауында «Құлыншағым», «Ана» әндері бүлдіршіндердің жүрегінен орын алады.
Аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Кеңесбек Абдраймов бастаған ұжым мүшелерінің балаларға арналған арнайы сыйлықтары да бала көңілін одан әрі шат-шадыман күйге бөлей түскені анық.
Баланың жүрегіне қуаныш сыйлау мақсатында өткен шараны аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшісі Жәмила Қалымбетова қорытындылады. Күндіз-түні баланың жанынан табылатын ата-аналар қауымына алғыс білдіріп, ұрпақтарының тезірек сауығып, ортаға терзірек бейімделуіне тілектестік білдірді. Шараға қатысқан балалардың ата-аналары ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін білдірді.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close