Basty bet
Жемқорлықсыз қоғам құру үшін құқықтық тұрғыдан сауатты болуымыз қажет
Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында «АМАNАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Отырысқа аталған қоғамдық кеңестің мүшелері, партия облыстық филиалы аппаратының қызметкерлері, аудан әкімі жанындағы Сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша комиссияның мүшелері, партия аудандық филиалының төрағасы және партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы, аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, сонымен қатар, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары және ауылдық округтердің әкімдері шақырылды.
Басқосуды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Рүстем Бегалиев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Жиында алғаш болып «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ-ның Жамбыл облыстық филиалының директоры, зерделеу тобының жетекшісі, кеңес мүшесі Қасымхан Төлендиев хабарлама жасады.
Зерделеу тобы жетекшісінің айтуынша, топ мұның алдында Жуалы ауданынан арнайы жұмыс сапарымен келіп, бірқатар мемлекеттік мекемелердің және құрылыс саласының жұмысына зерделеу жүргізген. Зерделеудің нәтижесінде топ мүшелері ауданда бірқатар кемшіліктерді анықтаған.
-Атап айтқанда, 2022-2023 жаңа оқу жылының қарсаңында пайдалануға берілген №27 Диқан орта мектебінің жаңа ғимаратының құрылысын жүргізу кезінде бірқатар кемшіліктердің орын алғаны анықталды. Мектеп басшылығының айтуынша, оқу кабинеттері мүлдем жылымайды. Осыған сәйкес, оқушылар қыстай бүрсең қағып, суық кабинеттерде білім алуға мәжбүр болған. Одан бөлек, нөсер жаңбыр жауған кездері және еріген қардың суы жертөленің ішіне кіріп кетеді екен. Мектептің құрылысын салар кезде спортзал ескерілмеген. Айта берсе, былтыр ғана қолданысқа берілген аталған мектепте мұндай кемшіліктер өте көп. Мұның бәрі ең біріншіден жобада кеткен кемшіліктер және мердігерлердің салғырттығынан орын алып отыр. Оны жою үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл аудандық орталық аурухананың жанынан қосалқы құрылыс жүргізілуі тиіс болса да, біз бұл нысанның басына барғанымызда құрылысқа жауапты мердігер мекеменің бірде-бір өкілін және атқарылып жатқан жұмысты мүлдем байқай алмадық. Ең қызығы, аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің бұл мәселеде жауапсыздық танытуы бізді түрлі ойларға жетелегені анық.
Әрбір жауапты қызметкер, оның ішінде мемлекеттік қызметші болсын, өз жұмысына деген жоғары жауапкершілік болуы керек емес пе? Қазір елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті заң және тұжырымдама қабылданған. Мемлекеттік органдарда кеткен заң бұзушылық үшін бірінші басшы жауапты болады. Осыны терең ескергендеріңіз дұрыс. Әрбір қызметкер өзінің қара басының ғана емес, ұжымның абыройын ойлауы қажет.
Сөзімді қорыта келе айтарым, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізу жөнінде тиісті пәрмен берді. Сондықтан бұл мәселеге баса көңіл бөлгендеріңіз жөн деп есептеймін,- деді Қасымхан Естемесұлы.
Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселеге сәйкес Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындайтын міндеттер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы аудан әкімі Жалғас Мұртаза есеп берді.
Аудан басшысы өз есебінде күн тәртібіне қойылып отырған мәселенің маңыздылығына тоқталып, жалпы қоғамды алаңдатып отырған сыбайлас жемқорлық кеселімен ымырасыз күрес жүргізіп, бұған нөлдік төзбеушілік қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өтті.
Баяндамадан мәлім болғандай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне және оған қоғам тарапынан тосқауыл қоюдың маңыздылығына ерекше мән беріп отыр. Президенттің салтанатты ұлықтау рәсімінде нақтыланған негізгі 10 маңызды бағыттың бірі ретінде де дәл осы сыбайлас жемқорлықты жоюды алып отырғаны да бекер емес. Сондықтан, аудан әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның жұмысын жетілдіру және ширата түсудің маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Иә, бұл мәселеде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың аясында 2022 және 2023 жылдары тиісті қаражат қарастырылған. Тиісінше, аудандағы мемлекеттік саяси қызметкерлермен құқықтық сабақтар және ағарту жұмыстары жүргізіліп отырады. Жалпы ауданда осынау қоғам дертімен күресу бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіледі. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес. Ал оларды дер кезінде жойып, тиімді шаралар қабылдау кезек күттірмеуі тіис.
Басқосуда кеңес мүшелері тарапынан бірқатар ұсыныстар тасталып, сұрақтар да қойылды. Олардың біразына жауаптар қайтарылып, тиісінше, алдағы уақытта ұтымды ұсыныстар ескерілетін болады.
Иә, еліміздің аса жауапты әрі жаңа кезеңнің қарсаңында тұрғандықтан, жемқорлықсыз қоғам құру мәселесі өте өзекті. Ал ол үшін ең біріншіден құқықтық тұрғыдан сауатты болудың маңызы зор. Білекке емес, білімге сенер заманда осыны терең ескергеніміз жөн болмақ.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»