Basty bet
Оқу жылын толайым табыстармен аяқтады
Бүгін кең-байтақ Отанымыздың барлық өңірлеріндегі білім ұяларында соғылған соңғы қоңырау үні, ұстаздар үшін әсіресе мектеп аяқтағалы жатқан түлектер үшін әсерлі күн болғаны анық. Мектеп бітірушілер өмірге жолдама алып жатса, мектеп табалдырығын өткен жылы алғаш аттаған бүлдіршіндер бір сатыға көтеріліп, ата-ананың, ұстаздар қауымының көз қуанышына айналды. Бұл – үлкен қуанышты оқиға.
Аудан орталығындағы іргелі білім шаңырақтарының алдыңғы қатарындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда да соңғы қоңырау салтанатына арналған жиын өтті. Салтанатты шараға әрине, оқушы, ұстаздармен қатар, ата-аналар да шақырылды. Аталған мектеп-гимназияда биыл 64 түлек мектеп бітіруде. Оның екеуі «Алтын белгіге», бесеуі үздік аттестатқа үміткер түлектер.
Соңғы қоңырау салтанатына арналған жиынға «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, аудандық білім бөлімінің әдіскері Валентина Ефремова қатысып, салтанатқа қатысушы қауымға ізгі тілектерін білдіріп, мектеп-гимназия оқушыларын оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
Жиында алғашқы құттықтау сөз мектеп-гимназияның директоры Эльмира Әбішеваға берілді. Эльмира Әбішева ұстаздар мен түлектердің жетістіктеріне тоқталып, жалпы 2022-2023 оқу жылының педагогикалық ұжым үшін толайым табыстарға толы жыл болғанын тілге тиек етті. Айта кету керек, бірқатар ұстаздар халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқаулар додасына түсіп, жоғары көрсеткіштерге ие болды. Сонымен қатар, оқушылар түрлі деңгейдегі білім бәйгелері мен олимпиадаларда үздік нәтиже көрсеткен. Сондықтан оқу жылы табысты болды деп айтуымызға болады.
Марат Нарымбеков соңғы қоңырау салтанатындағы сөзінде, ел болашағы мен оқушы жастардың жан-жақты дамуына ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан ұлағатты ұстаздардың еңбегіне табыс тілеп, алтын ұя мектептен түлеп ұшқалы отырған түлектердің үлкен өмірге басар алғашқы қадамдарына сәттілік серік болсын деген ізгі тілегін жеткізді.
Ата-аналар атынан Гүлнар Болатбекқызына да сөз кезегі берілді. Өз сөзінде, жиналған қауымды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, үлкен өмір жолына қадам басқалы отырған жас түлектерге сәттілік тіледі.
Салтанатты жиын «Оқуға құштар мектеп» жобасының жеңімпаздарын марапаттауға ұласты. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынған «Оқуға құштар мектеп» жобасы жаңа оқу жылының басында басталған болатын. Жобаға 5-7, 8-11 сыныптар аралығында 100 оқушы қатысып, нәтижесінде 20 оқушы жеңімпаз атанды. Жеңімпаздарды марапаттау сәті соңғы қоңырау салтанатымен тұспа-тұс келді. Жоба жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталып, демеушілерге алғыс білдірілді.
Мектеп бітіруші түлектер «Қоштасу вальсін» билеп, «Последний звонок» әнін қосыла орындады.
Анар ТІЛЕНШИЕВА
«Жаңа өмір»