Basty bet
Нардың жүгін арқалаған Саятбек
Мемлекет басшысының алдыңғы Жолдауларында да шағын және орта кәсіпкерлікпен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамытуға айтарлықтай көңіл бөліп келді. Бұл салаға қатысты мәселелер Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында да көрініс тауып отыр.
Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы экономикамыздың маңызды саласы болып саналады. Соның ішінде мал шаруашылығының алатын орны зор. Бейнеті шаш етектен келетін кәсіпті қорықпай бастап, бүгінде аяғынан тік тұрғызған шаруаның бірі – «Батырбаева С» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Саят Батырбаев отбасы бизнесін қолға алған 2006 жылдан бері шаруашылығын үнемі дамытып, жетілдіру үстінде.
«Жыртық үйдің Құдайы бар» демекші, кейінгі жылдарда ауыл шаруашылығын көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар өз жемісін беріп келеді. Соның ішінде қожалық «Сыбаға» бағдарламаларының арқасында мал басын көбейтіп, сүт және ет бағытында жұмыс істеуде.
– Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық беріп отыр ғой. Соның арқасында шаруалар мен шағын және орта кәсіпкерлер несие алып, сүт және ет өндірісін жолға қоюда. Ал мал мен егін шаруашылығын қатар алып жүрген біз сияқты ауыл шаруашылығы құрылымдарына субсидия да қаралған. Сүтке, тыңайтқышқа субсидиялар берілуде. Оның игілігін ел көруде. Жалпы қандай кәсіп болмасын, оны бастау оңай шаруа емес. Кеңшардан бөлінген соң қолға тиген азынаулақ мал мен өз жұмысымызды бастадық. Әрине, бастапқыда түрлі қиындықтарға кездестік. Мал өзінен-өзі көбеймейді. Оның жем-шөбі, жайы болмаса, күтімі келіспесе төл ала алмайсың. Осының барлығын отбасыммен бірге еңсеріп, табандылықтың арқасында қожалықтың жұмысын жолға қойдық, – дейді Саятбек.
«Малды табу оңай, бағу өте қиын. Соның қиындығына төзген, азабына шыдаған адам ғана түптің түбінде пайдаға кенеледі. Мал өзі мал болмайды. Қазір бұрынғыға қарағанда жағдай түзелді. Көп жұмысты техника атқарады. Бірақ, жұмыс істеймін, кәсіп ашамын деген адамға бүгінгі таңда барлық жағдай жасалған. Ең бастысы ынта керек» деген Саятбек, бүгінгі таңда үш адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр.
Қазір шаруашылықта 70-ке жуық мүйізді ірі қара бар. Оның 20-сы сауынды сиыр. 30 басы бордақы. Қалғаны торпақ. Күнделікті сауылған сүт Б.Момышұлы ауылындағы сыр зауытқа өткеріледі.
– Мал азығын өзіміздің егіс алқаптарынан дайындаудамыз. Мал азығы үшін арпаны 25, бидайды 11 гектар алқапқа сепкен болатынбыз. Өнімін қамбаға құйып, жем етіп тартып алдық. Ал 54 гектарға орналастырылған жоңышқалықтан мая тұрғызып, сүрлем дайындап алдық. Мал бүгінгі таңда жайлы қорада қыстатылуда. Жем мен шөп қоры жеткілікті.
«Мемлекет басшысының Жолдауында «Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз», деуінің өзі, бүгінгі таңда шағын және орта бизнеске қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын аңғаруға болады. Әсіресе, кәсібін жаңа бастаған жастарға қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетуі, қолдау емей немене. Ендеше, ел жастары Үкімет қолдап тұрғанда бизнеске қорықпай кіріскендері абзал. Біз де мемлекеттің қолдауының, шаруаларға арнаған арнайы бағдарламалардың арқасында төмен пайызбен несие алып, шаруамызды дөңгелетіп отырмыз. Шыны сол, мемлекеттің қолдауымен қора салдық, мал алдық. Енді, міне, біз де өңірдегі экономиканың артуына, облыстағы азық-түлік бағасының тұрақтануына, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлесімізді қосып келеміз» дейді Саятбек.
Қандай іс болсын, оның қалыптасқан нормасы, жоспары, ішкі тәртібі болады. Қожалық үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың әрбірі өз жұмысына жауапты. Бақташыға дейін. Жалпы қожалықта бордақыға қойылатын ірі қараның салмағынан бастап, жасына дейін қатаң бақылауға алынған. Негізінен бір жарым жастан бұқалар бордақылау алаңына кіргізіледі. Оған дейінгілері өсу үшін жайылымға жіберіледі. Ірі қаралар төрт айға дейін арнайы күтімде болады. Олардың тірі салмағы үш жүз келіні тартқанда етке өткізіледі.
Сүт және ет бағытында жұмыс істеп отырған қожалықтың алға қойған мақсаттары да көп. Соның бірі – сүт бағытында асыл тұқымды шаруа қожалығын құру. Оған дайындықты қазірден бастап кеткен. Өткен жылы сауын фермасын салған болатын. Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысып, несие алып, мал басын арттырып, сүт өндірісін дамыта түсуді қолға алмақ ниетте.
«Еңбекпен тапқан – нан тәтті» демекші бүгінде еңбегі ескерусіз емес. Аудан жұртын етпен қамтып отыр. Сонымен қатар өнімін Тараз қаласына да шығаруда. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ағымдағы жылды шаруа қожалық табысты аяқтаған. Бұл жылдар бойы төккен тердің, талай жылғы қажырлы еңбектің ақталғаны да.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
«Жаңа өмір»