Basty bet

РЕФЕРЕНДУМНЫҢ МӘНІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Жуырда Қызыларық ауылдық округіне қарасты Алатау ауылындағы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан Алатау орта мектебінде «AMANAT» партиясының жанындағы штаб мүшелері, партияның облыстық мәслихаттағы ауданнан сайланған депутаттары Әлімбек Жұмабаев, Керімқұл Бегалиев және аудандық мәслихат депутаты Жақсыбек Қасымбеков құрылысшылармен кездесу өткізді.
Кездесуге сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Саурбаев қатысты.
Штаб мүшелері алдымен арналған 100 орындық Алатау орта мектебінің құрылыс барысымен танысты. Айта кету керек, бұл мектептің құрылыс жұмыстары да аяқталуға таяу және ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Штаб мүшелері аталған мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Нұрбосын Ысқақов және «Агроспецстрой» ЖШС-ның өкілі Асқар Қожабаевпен тілдесіп, құрылыс жұмыстарына қатысты ұсыныс-тілектерін қағазға түсіріп, депутаттарға сауал жолдауға болатынын ескертті. Сонымен қатар, мектеп соғылып біткеннен кейін кемшіліктерді айтқаннан гөрі, мектеп директоры құрылыс барысын жіті қадағалау қажеттігін баса айтты.
Құрылысшылармен кездесудегі негізгі мақсат – жалпыхалықтық референдумның мәні мен маңыздылығын түсіндіру.
Кездесу барысында облыстық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиев Конституцияға енгізілетін негізгі өзгерістерге тоқталды. Сондай-ақ, мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізілетінін және мәслихаттардың ықпалы артатындығын жеткізді. Одан бөлек, бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік беретіндігін, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашатындығын баса айтты.
Өз кезегінде Әлімбек Жұмабаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” атты Жолдауындағы негізгі 10 басым бағытқа кеңінен тоқталып өтті. Ол өз сөзінде әділетті мемлекет құру үшін БАҚ өкілдері таза жұмыс істеу керектігін және ақпарат дұрыс таратылса ғана халық дұрыс шешім қабылдайтынын айтып, кездесуге қатысушыларды референдумға бір атаның балаларындай жұмылып, белсенділікпен аса жауапкершілік танытуға шақырды.
Ал, Жақсыбек Қасымбеков жиынға қатысушыларға референдум жайында айта келе, интернет желісінен де қажетті ақпараттарды алуға болатынын және референдумды түсіндіру бойынша облыс және аудандарда штабтар құрылғанын айтып, құрылысшылардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close