Basty bet
АЩЫ ІШЕК ҚАТЕРЛІ ІСІГІ: СИРЕК, БІРАҚ ҚАУІПТІ
Ащы ішек қатерлі ісігі – сирек кездесетін онкологиялық ауру түрі, бірақ ең айлакер аурулардың бірі. Оның басты ерекшелігі – кеш диагноз қойылуы, өйткені алғашқы белгілері жиі гастрит немесе асқазан-ішек жолының басқа ауруларына ұқсап кетеді.
Бұл қандай ауру
Ащы ішек – ас қорытуда маңызды рөл атқаратын мүше. Оның қабырғасында дамитын қатерлі ісік ағзаның жұмысын бұзып, тез таралуы мүмкін. Бұл ісіктің үлесі ас қорыту жүйесінің барлық ісіктерінің 5%-нан азын құрайды. Алайда кеш анықталған жағдайда болжам нашарлайды.
Қауіп факторлары
• ішектің созылмалы қабыну аурулары;
• тұқым қуалаушылық бейімділік;
• дұрыс тамақтанбау (майлы, қақталған тағамның көп болуы, клетчатканың аз болуы);
• шылым шегу мен алкоголь;
• егде жас.
Назар аударуға тиіс белгілер
• іштің ауыруы немесе жайсыздық;
• түсініксіз салмақ жоғалту;
• нәжісте қан, қара түсті нәжіс;
• жүрек айну, құсу;
• әлсіздік, анемия.
Диагностика қалай жүргізіледі
Дәрігер эндоскопия, компьютерлік томография, биопсия тағайындауы мүмкін. Бұл әдістер диагнозды растауға және сатысын анықтауға көмектеседі.
Емдеу әдістері
• ісікті хирургиялық алып тастау;
• химиотерапия;
• нысаналы (таргетті) терапия – заманауи, тек ісік жасушаларына әсер ететін дәрілер.
Неғұрлым ерте басталған ем – соғұрлым тиімді.
Алдын алу шаралары
• дұрыс тамақтану, көкөніс пен жемісті көбірек тұтыну;
• зиянды әдеттерден бас тарту;
• белсенді өмір салтын ұстану;
• қауіп факторлары бар адамдарға тұрақты тексерілуден өту.
Қорытынды
Ащы ішек қатерлі ісігі – сирек кездесетін, бірақ қауіпті дерт. Күмәнді белгілер кезінде дәрігерге дер кезінде қаралу – өмірді сақтап қалуы мүмкін.
Денсаулығыңызды сақтаңыз – ол сіздің ең басты байлығыңыз!
Жанерке Кемелбек,
онколог-маммолог дәрігер