Basty bet

Аудан басшысының назарына бірнеше мәселені ұсынды

Кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза қоғамдық қабылдау жасады. Қабылдауға келген азаматтар аудан тұрғындарының атынан бірнеше мәселені көтерді. Оның бірі – аудан орталығындағы такси бағасының 400 теңгеден 500 теңгеге қымбаттауы. Бұл мәселеге аудан әкімі аудан орталығындағы такси тасымалдаушылар сөйлесу арқылы шешімге келген мән-жайды жеткізді.

-Ауданда 30-дан аса такси тасымалдаушылар болғанымен, оның нақты жұмыс істейтіні бес-алтауы ғана. Жаңа ғана ол азаматтарды шақырып, өзара пікірталас жасап, бір мәмілеге келдік. Такси тасымалдаушылар өз уәждерін айтуда. Яғни, көп көліктер ескі екенін, тапқан табысы оны жөндетуге, несиеге алған жаңа көлік иелері несие төлеуге, одан бөлек жанар-жағармай мен бала-шағасына жетпейтінін айтуда. Дегенмен, халықтың жағдайымен де санасу керек. Сондықтан азаматтармен пікірлесе келіп, дүйсенбіден бастап 450 теңгеден тасымалдайтын болып келісті. Сонымен бірге алдағы уақытта таксилер ақысын өзара негізсіз көтермей, әкімдікпен ақылдасып, есеп-қисабын көрсетіп, дәлелдеп барып бір шешімге келетін болады,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Қабылдауға келген азаматтардың кейбір қанағатсыз такси жүргізушілері такси күтушіні мінгізіп алып, оның уақытымен санаспай басқа клиенттерді де алып, бірін сабаққа, бірін жұмысына кешіктіріп жататыны туралы да айтты. Аудан әкімі бұл мәселе туралы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбаевқа такси жүргізушілеріне қатаң ескерту айтуды тапсырды.
Сонымен бірге азаматтар жаңа оқу жылының басталуына орай аудан орталығында жүрген қоғамдық көліктер, яғни автобустардың санын көбейтсе деген өтініштерін де жеткізді.
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза қоғамдық көліктердің қызметі қай қалада болсын субсидияланатынын, біздің ауданда да бұл мәселені шешуге жұмыс жасалып жатқанын, автобустардың маршрутын өзгерту мәселесі тұрғындардың сұранысына қарай өзгертуге болатын мәселе екенін айтты.
Қоғамдық қабылдау барысында орталық базар төңірегіндегі көлік қозғалысының ретсіздігі, азық-түлік бағасының қымбаттауы, ауылдан Шақпақата ауылына қарай жүретін бұрынғы ескі жолды жөндеу, қаңғыбас иттерді аулау, тағы да басқа мәселелер көтерілді.
Аудан әкімі бұл мәселелердің барлығынан хабардар екенін, ол мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.
-Өкінішке қарай, кейбір азаматтар өзінің құқығын біледі, яғни құқығы қорғай алады. Алайда міндеттерін білмейді. Осы жағы қынжылтады. Қоғамдағы көп мәселе адамдардың сана-сезіміне, көзқарасына байланысты туындауда. Кінәні өзімізден емес, басқа жақтан іздейміз. Егер тиісінше, әрбір тұрғын ауылына жанашырлықпен қараса, ерінбей еңбек етсе, қайырымды болса, көп мәселе шешімін табар еді.
Мемлекет басшысының бізге қояр талабы – әділдік, ашықтық, адалдық, отаншылдық. Мен осы ұстанымды ұстанамын. Барлық қордаланған мәселе кезең-кезеңімен шешімін табады. Себебі, әрбір мәселе бір адамға ғана байланысты емес. Бір мәселенің айналасында бірнеше мәселе бар,- деді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close