Basty bet
Патриоттар форумы өтті
Жамбыл облысында ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттық форум ұйымдастырылды.
Салтанатты жиында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.
Форумда Мемлекеттік Гимн шырқалып, көк байрақ желбіреді.
– Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамас бөлігі. Тәуелсіздіктің бойтұмарына айналған мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, құрмет көрсету – қасиетті парызымыз, қастерлі борышымыз!
Рәміздер арқылы біз, бейбітшілік пен тыныштық, ізгілік пен татулықты ту еткен ел екенімізді бүкіл әлемге жеткіземіз.Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан патриоттар форумы биыл Жамбыл облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бүгінгі форум ел тұтастығын, тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетініне сенім мол. Тәуелсіздігіміз баянды, Мемлекеттік рәміздердің мәртебесі асқақ болсын! – деді облыс әкімі.
Шара барысында патриотизмді нығайтуға, өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан және бейбіт күннің батырлары атанған бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғысхатымен марапатталды.
Форум соңы К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық рухтағы әндер шырқалды.
Айта кетейік, осы тұрғыдағы түрлі шаралар облыстың барлық аудандарында да ұйымдастырылды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі