Basty bet

Мейірбан жүректі медбике

Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне берілгендік және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті медбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Бүгінде заман ағымына сай орта буын медицина қызметкерлеріне қойылатын талап деңгейі де жоғарылады. Қазіргі заманауи медбике жоғары білікті, терең білімді болуы қажет. Мейірбикенің әр күні науқастардың жағдайын жасап, бәйек болумен өтеді. Міне, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі – аудандық орталық аурухананың балалар бөлімінің медбикесі Карима Толыбаева.

Карима Ордабекқызы Түлкібас ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Оның ақ халатты абзал жан болып себепші болып қалыптасуына әкесі Ордабек cебепші болған. Әкесінің қалауымен алдына биік мақсат қойған бойжеткен 1979 жылы Шымкент медициналық училищесіне фельдшер мамандығына оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын 1983 жылы Түлкібас ауданына қарасты М.Горький қазіргі Дауан ауылында ФАП-та жедел жәрдем бөлімінде фельдшер болып бастаған. Жас маман тұрмыс құруына байланысты Шымкент қаласында жәдел жәрдем бөліміне фельдшер болып ауысып еңбекке етене араласып, көпшілікпен тез тіл табысып кетеді.
Жолдасы оқу орнын бітірген соң ауданға қайтып, Нұрлыкент ауылындағы ауруханаға неврология бөліміне медбике болып жұмысқа орналасады. Аудан орталығына көшуіне байланысты аудандық орталық ауруханаға балалар бөліміне ауысады. Кейіпкеріміз сонау 1983 жылдан бастап аудандық аурухананың медбикесі болып абыройлы еңбек етіп келеді. Жоғары санатты медбике Карима Ордабекқызының медицина саласында еңбек еткеніне биыл 40 жыл толып отыр. Осыншама уақыт табан аудармастан ауруханада балалар бөлімінде медбике қызметін абыройлы атқарып келе жатқан ол өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Ол үшін алдымен науқастың көңіл-күйі маңызды. Дәрігердің нұсқауы бойынша балаларға ем жасайтын маман уақытпен санаспай, жүрек қалауымен таңдаған кәсібін ұзақ жылдардан бері абыроймен атқарып келеді.
– Қызығы мен қиындығы мол бұл мамандық өзіме ұнайды, талай жақсы адамдармен әріптес атанып, жұмыс істедім. Бұл салада кез келген адам жұмыс істей алмайды. Ең бастысы, өз ісіңді жақсы көріп қана қоймай, төзімді болуың да керек. Еңбек жолымда әртүрлі қызықтар да, қиындықтар да кездесті. Қызметте жүрген әр минут, әр сағат, әр күн мен үшін өте сәтті өтуде десем, артық айтқаным емес, – дейді Карима Толыбаева.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Бүгінде ақ халатты абзал жан балалардың сауығып кетуі үшін аянбай қызмет жасап, жаңадан келген жас мамандарға бар білгенін үйретуден жалыққан емес.
Қызметінде жемісті еңбек етіп, адамгершілігі мол маман болып қалыптасқан Карима Ордабекқызы өмірлік серігі Асқар Көбейұлымен екеуі құрған жарасымды отбасында үш ұл тәрбиелеп өсірді.
– Жолдасым Асқар аудандық «Агрострой» мекемесінде прораб болып жұмыс атқарып, Б.Момышұлы мемориалдық музейі, аудандық пошта, ХҚКО ғимараттарының бой көтеруіне және ауданың көркеюіне үлесін қосқан жан. Қазіргі таңда зейнет демалысында. Біз отбасында балаларымыздың тәрбиесіне өте жауапкершілікпен қарадық. Жолдасым екеуміз балаларымызды қатарынан кем қылмай өсірдік, жоғары оқу орнында оқыттық. Бүгінде үлкен ұлым Мақсат отбасылы, Тараз қаласындағы «Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде» энергетик қызметінде, ортаншы ұлымыз Әсет Алматы қаласында «Алатау жарық компаниясы» Акционерлік қоғамында, диспетчер-шебер болып жұмыс атқарады. Кіші ұлым Әділет мемлекеттік қызметті таңдап, яғни Мыңбұлақ ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман болып қызмет етеді,- дейді ол.
Үлгілі келін, мейірімді ана, сүйікті жар қазіргі таңда аналық бақытқа бөленіп, 4 немеренің әжесі атанып отыр.
Ұжымда беделді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Карима Ордабекқызының еңбегі де басшылық тарапынан әрдайым жоғары бағаланып отырады. Атап айтқанда ол «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалімен наградталған, сондай-ақ аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, «Аmanat» партиясының Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» деп бекер айтылмаса керек. Біз де жүрегі жомарт, көңілі дария, науқастарға сөзімен де, ісімен де шипа бола білген мейірбан жүректі медбике Карима Ордабекқызының алдағы уақытта да абыройы асқақтап, мерейі үстем болуына тілектеспіз.

Лаура Мұсабекова,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close