Basty bet

Тәрбие мен білімнің берік баспалдағы

Қазақ халқының нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын тұңғыш мектеп – ол балабақша. Ол – баланың екінші үйі. Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Балабақша – келешек, ел басқарар, жер суына иелік етер, ел халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды шыңдап, өмірдің ең басты сатысын қалайтын киелі ұя. Балабақша келер ұрпақты еңбекке, өнер-білімге, елінің ар-намысын қорғауға және ізгі адамгершілік қасиеттерге баулиды. Сондай балабақшалардың бірі – Ақбастау ауылындағы “Қарлығаш” бөбекжай-балабақшасы.

Балабақша ұжымы жас ұрпақтың тәрбиелі болып өсуі жолында талмай қызмет етуде. Балабақша 2011 жылы 25 балаға арнап ашылып, өз жұмысын бастаған. Қазіргі таңда балабақшада бес педагог, бір медбике, бір есепші, алты кіші қызметкер жұмыс істейді. Аталған мектепке дейінгі мекемені Дана Тұрмаханбетова басқарады. Мекемеде менеджер, педагог сарапшы, екі педагог модератор және бір жас маман бар.
Балабақшада балалардың жас ерекшелігіне қарай “Жұлдыздар” ортаңғы тобында тәрбиешілер бүлдіршіндермен күнделікті жұмыс істеуде. Оқу процесінде бақша педагогтары стандарттан ауытқымай, әдістемелік нұсқаухатты басшылыққа ала отырып жұмыс жоспарын жасап, бүлдіршіндерді ортаға бейімдеу және тәрбие беру жұмыстарын атқаруда.
Бүлдіршіндерге құзыреттілік дамытушылық орталар, ойыншықтар және ұсақ маторикалар қолжетімді. Топ тәрбиешілері балалармен күнделікті циклограмма жасап ұйымдастырылған іс-әрекет өтеді. Оның ішінде, физикалық қасиеттерді дамыту үшін «Кім жылдам?», «Көңілді эстафета» және «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» ұлттық қимылды ойындар өткізіледі. Шығармашылық дағдылар бағытында бүлдіршіндермен бірге қолөнер жұмыстары жасалып, шығармашылық қабілеттерін дамытуда жұмыс жасауда. Танымдық және зияткерлік дағдыларды дамыту үшін «Үлкен кіші, түсіне қарай ажырат», «3 саны мен цифрі» тағы да басқа тақырыптарда сабақ өтілуде.
«Қарлығаш» бөбекжай-балабақшасында балалардың әр күнін қызықты өткізуге күш салынуда. Мәселен, жылдық жоспарға сәйкес, мерекелік іс-шаралар мен ертеңгіліктер өткізіледі. Қандай іс-шаралар болсын, бірінші кезекте қауіпсіздік шаралары басты назарда болады. Апта сайын балабақшада «Әжелер мектебі» бағытында балаларға ертегілер оқылып, түрлі шаралар ұйымдастырылып, сонымен қатар, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында айына екі рет іс-шаралар өткізіледі. Одан бөлек, потриоттық тәрбие беру мақсатында да ертеңгіліктер өткізіліп, “Берекелі алтын күз” мерекесіне арналып көрме ұйымдастырылған. Сонымен қатар, гигиеналық машықтарды сақтай отырып, күнделікті тәрбиеленушілер белгіленген «Ас мәзірі» бойынша тамақтанады.
Балабақша ұжымы қызметкерлерінің басты міндеті – бүлдіршіндерге бақыт сыйлау. «Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп ойшыл Жүсіп Баласағұн айтқандай, балабақша ұжымы әрбір жұмыс күнін ізденіспен өткізеді. Соның нәтижесінде, педагогтар жыл сайын аудандық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде.
– Балабақша – білім мен ортаға бейімделудің тірегі, бастамасы десек, ал тәрбиеші – сол балабақшаның жүрегі, яғни олардың қолында баланың тағдыры тұрады. Бұл мамандықтың қыры да, сыры да сол – күн сайын көз алдымызда өсіп, дамып келе жатқан жас ұрпақпен дұрыс жұмыс жасау. Мекемеде аса сабырлықты, шыдамдықты, жылулықты қажет ететін үлкен кәсіп иелері жұмыс атқарады. Балабақшаның жоғары жетістіктерге жетуі, әрбір тәрбиешінің біліктілігі мен білімінің нәтижесі деп білеміз. Балабақша ұжымының міндеті – бүлдіршіндерге бақыт сыйлау,- дейді меңгеруші Дана Тұрмаханбетова.
Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспеттес. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше, мектепке дейінгі үздіксіз тәрбие және біліммен қамту мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басты мақсаты болып қала бермек…

Таңдаулы материалдар

Close