Basty bet
Төтенше жағдайдың туындау қаупі толықтай жойылды
аудан аумағында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу ойдағыдай өтті
Қазір еліміздің барлық өңірлерінде де қысқы кезеңге байланысты ауа райы жиі-жиі құбылып, тосын мінез таныту үстінде. Аспанды бұлт торлап, арагідік жауған қалың қар мен ақ түтек боран, одан қала берсе, көктайғақ тұрғындарды әбігерге салумен бірге, республикалық және облыстық мәндегі автожолдардың жабылуына, онымен қоса жолаушылардың да зардап шегуіне алып келу үстінде.
Қалың қардың құрсауында қалғандар, ақтүтек бораннан адасып кеткен адамдар, тағысын тағы қыстың қиыншылығына байланысты орын алған оқиғалар туралы хабарлар отандық телеарналардан жиі-жиі көрсетіліп, ел тұрғындарына мұндай кезеңде мүмкіндігінше алыс сапарларға шықпаудың жайы қатаң ескертілуде. «Сақтансаң, сақтайды» деген. Апат айтып келмейді. Мұндай жауапты кезеңде мүмкіндігінше жауаптылық танытуымыз қажет-ақ. Бұл – ең біріншіден, өз қауіпсіздігіміз үшін аса қажет.
Өткен аптада Жуалы ауданының аумағындағы әйгілі Күйік асуының маңында өткізілген «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының аясында облыс аумағындағы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды жүргізу бойынша кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің бірлескен іс-қимылдары тағы бір мәрте пысықталды.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аудан аумағында ұйымдастырылған «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының барысымен танысуға арнайы келді. Өңір басшысына авариялық-құтқару қызметтері мен облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы мен қабілеттілік деңгейі және материалдық-техникалық базасы көрсетілді.
Оқу-жаттығудың шеңберінде дағдарыс жағдайында туындаған аумақтарға қысқы мезгілде операцияларды өткізу кезіндегі әрекеттерге құтқару қызметтерін жөнелту мәселелері пысықталды. Бұдан бөлек, оқу-жаттығу барысында күш пен құралдарды басқаруды ұйымдастыру, мемлекеттік органдарды жедел хабардар ету, тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастыру мен зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету және оларды емдеу мекемесіне шұғыл жеткізу тапсырмаларын орындаудағы мемлекеттік органдардың өзара байланысы тексерілді.
Бірлескен іс-қимылға бағытталған оқу-жаттығудың бағдарламасына тоқталатын болсақ, жалпы болжамды оқиға бойынша метеорологиялық жағдайлардың күрт нашарлауының нәтижесінде, (қалың қар, күшті желдің екпіні 28 м/с дейін жетуі, көріну деңгейі нөлге жуық) «Алматы – Ташкент» республикалық маңызы бар үлкен автожолдың бойында көлік қатынасы тоқтатылды. Күйік асуында нашар көріну мен көктайғақтың салдарынан жол-көлік оқиғасы орын алып, жолаушылары бар қаларалық автобус қар құрсауында қалып қояды.
Оқиға орнына ең алдымен Жамбыл облысының төтенше жағдайлар департаменті және Жуалы ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің жедел тобы, өрт автоцистернасы мен жедел медициналық жәрдем көлігі, сондай-ақ адамдарды эвакуациялауға арналған техникалар барады. Онымен бірге жол бойындағы қар үйінділерін тазарту мен автокөліктердің қозғалысын қалыпқа келтіру үшін «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-ның екі бірлік техникасы жұмылдырылды. Онымен қоса облыстық жергілікті полиция қызметі Жамбыл ауданының Айша бибі ауылының маңында республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдар бойынша қозғалысты шектеу үшін уақытша бекеттер белгіледі.
Оқу-жаттығудың аясында орын алған оқиғаға қайта оралсақ, автожол бойында қар құрсауында қалған автобустағы зардап шеккен жолаушыларға шұғыл медициналық көмек көрсету және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету және емдеу мекемесіне жеткізу үшін «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының шұғыл ден қою бригадасы және екі бірлік жедел медициналық жәрдем автокөлігі жұмылдырылды. Зардап шеккен жолаушыларға дер кезінде алғашқы көмек көрсетіліп, олар арнайы көлікпен Күйік асуының маңына құрылған уақытша палатка-шатырларға жеткізіліп, онда оларға психологиялық көмек көрсетілді.
Іздеу-құтқару жұмыстары одан ары қарай жалғасып, облыстық полиция департаменті және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен топ радиобайланыс бойынша тұрақты өзара іс-қимыл жағдайында Күйік асуының таулы аймағын қамтып, ондағы жартастар мен ойпаттар, жартасты бөктерлер, бұталар мен таулы аймақтарда нөлдік көріну жағдайында адамның құлауы мүмкін деген жерлер толықтай зерделенді. Іздестіру және құтқару жұмыстарының барысында кинологиялық есептің күшімен гипотермиялық белгісі бар шопан (малшы) табылып, ол ТРЭКОЛ арнайы автокөлігімен эвакуацияланып, оған жедел медициналық алғашқы көмек көрсетілді.
Иә, кез келген апаттың айтып келмейтіні белгілі. Дер кезінде іске қосылған құрамалардың жедел бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде Күйік асуындағы төтенше жағдайдың туындау қаупі толықтай жойылды. Айта кету керек, оқу-жаттығуды өткізу кезінде оған барлығы 100-ге жуық адам, 33 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
«Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы түстен кейін аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында жалғасып, онда Рысбек батыр көшесінің бойындағы сайдың суын өткізуге арналған көпірдің табаны арнайы техниканың көмегімен және жұмысшылардың күшімен тазаланып, ретке келтірілді. Мұндағы оқу-жаттығудың барысын аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы бақылады. Көктемгі су тасқынына дайындық шараларын пысықтауға арналған маңызды шараға аудандық төтенше жағдайлар, өрт сөндіру бөлімдерінің және «Жуалы-Су» мекемесінің техникалары мен мамандары белсене қатысты.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»