Basty bet
ЖҮЙРІКТЕН ЖҮЙРІК ОЗАР ЖАРЫСҚАНДА…
былғары қолғап шебері Мұхамедәли Рүстембек Амманда Азия чемпионы атанды
Бұл күнде қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. Қайсар мінезді қазақтың қыз-жігіттері шаршы алаңда өздерінің шеберлігі жоғары, шоқтығы биік екенін мойындатуда. Жастардың бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары деп нық сеніммен айта аламыз. Оған дәлел, жақында ғана жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты отандық спортсүйер қауым үшін сәтті аяқталды. Нақтылай түссек, Иордания мемлекетінің астанасы Амманда өткен біріншілікке қатысқан Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетіп, суырылып алға шықты.
Осы тұста жасөспірімдер арасындағы Азия бокс федерациясы Қазақстан құрамасын Азия құрлығындағы «Ең үздік федерация» деп танып, жария еткенін айта кетпеске болмас. World Boxing ұйымдастыруымен алғашқы Азия біріншілігіне құрлықтың 18 елінен 400-ге жуық спортшы қатысқан. 12 күнге созылған бұл бәсекеде U15 және U17 санатында барлығы 56 жүлде жиынтығы сарапқа салынды.
«Жарыс жарыс болмайды шындығында, Жамбылдың бір жүйрігі жүлде алмаса» деп айтыс ақындары жырға қосқандай, ел абыройын асқақтатып жүрген дарынды жастардың арасында жерлестеріміздің көптігі көңіл қуантарлықтай. Сары құрлық додасына ел құрамасы сапында Жамбыл облысынан 6 спортшы бақ сынады. Соның ішінде, қасиетті Жуалы өңірін көпшілікке танытып, ел намысын қорғаған жерлесіміз Мұхамедәли Рүстембек U17 санатында Азия чемпионы атанды. Ол финалда үндістандық Деванш Деваншты 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп шықты.
Жақында ауылға оралған чемпион шәкірттерін Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің ұжымы құрмет-қошеметпен қарсы алған болатын. Қуанышты жаңалықты ести сала, жас та болса мақтанып айтарлықтай жетістіктерге жетіп үлгерген Мұхамедәлиге хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
Мұхамедәли Дидарұлы ауданға қарасты Қайрат ауылында дүниеге келген. Отбасында ата-анасының тұңғыш перзенті. Ол інісі мен қарындасына үлгілі де қамқор аға. Әкесі Дидар спорт нұсқаушы болып еңбек етсе, анасы Ақерке ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
– Азия чемпионатына бір жылдан аса уақыт дайындалыппыз. Аптаның алты күнінде үзіліссіз жаттықтық. Еңбек еш кеткен жоқ. Кез келген спортшының арманы – чемпион болу, мен сол арманыма жеттім. Бұл жолғы жеңіске жеткендегі сезім мүлде ерекше. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қолдау көрсеткен жақындарыма, бапкеріме ерекше алғыс білдіремін. Мұнымен тоқтап қалмайтыным анық. Алға қойған өзіндік мақсаттарым бар, соған жету үшін аянбаймын,- дейді ол өз сөзінде.
Қай салада болсын, уақытын тиімді пайдаланған еңбекқор адам ғана жеңіске жетеді. Мұхамедәли де әрбір уақытын барынша тиімді пайдалануға тырысады. Бұл – жас спортшыны жетістікке, дамуға жетелейтін жақсы қасиеттің бірі.
Оның айтуынша, әкесі Дидар спортқа жақын болғандықтан, оны кішкентай кезінен өскенде боксшы боласың деп, спорт үйірмесіне береді. Тіпті, есімін бүкіл әлем мойындаған спорт тарихындағы ең танымал боксшы Мұхамед Әлидей болсын деп ырымдап қойған. Жас былғары қолғап шеберінің спортта үлгі тұтатын тұлғасы да осы танымал боксшы. Сонымен қатар, ол дәстүрлі қазақы ортада төрт түліктің төресі саналатын жылқы малын ерекше жақсы көреді екен. Қолы босай қалса атын баптап, оған күтім жасайды.
Бір анығы, мақсатшыл жігіт әлі талай спортсүйер қауымды толағай табыстарымен қуантары сөзсіз. Ой-өресі биік таланттың жасы небәрі 17-де. Десе де, ол тілдесу барысында тартымды әңгіменің тиегін ағытып, пайымды пікір айта алды.
Осы ретте оны дайындап, жоғары нәтижеге жеткізген бапкерін айтпай кету әбестік болар. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» деп әрдайым жас өреннің жанынан табылатын Нұркен Рақманқұл оған деген қолдауын аямайтынын жеткізді.
– Мұхамедәли, 2019 жылдан бері бокспен шұғылданып келеді. Алғаш шаршы алаңға көтерілген сәті әлі есімде. Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында өткен жасөспірімдер арасындағы жарыста жүлделі I орын алған болатын. Қай жарыста болсын, намысты қолдан бермей, жүлдесіз қайтпайтын оның бұл жолы да қоржыны бос қайтқан жоқ. Болашағынан зор үміт күтемін,- дейді бапкері Нұркен Рақманқұл.
Жалпы, Мұхамедәлидің спорттық көрсеткіштері жақсы. Ол бұған дейін екі мәрте Қазақстан чемпионы, екі мәрте аймақтық Қазақстан чемпионы және төрт дүркін облыс чемпионы атағын иемденген. Одан бөлек, алған жүлдесі мен марапаттары қаншама.
Бүгінде қасиетті өңірде атой салған тек Мұхамедәли бастаған жастар ғана емес. Өйткені, бізде бокс өнерінде шеберлігі жоғары, мықты спортшылар жетерлік. Оны құлақпен естіп, көзбен көріп те жүрміз. Бір ғана Жуалы өңірінде бұл спорт түрімен шұғылданушылардың қатары күн санап артуда.
Шаршы алаңға шыққанда қызу қандылықтан гөрі аса шыдамдылықпен қатар ұтқыр болуды мақсат еткен Мұхамедәлидің келешекте спортшы ағаларының ізін жалғастыратынына күмәніміз жоқ. Ол әлі талай дүбірлі додаларда топ жарып, ел еңсесін көтеремін дейді. Бастысы, спортшының төккен тері мен бапкерінің еңбегі зая кетпесе болғаны. Біз оның армандары орындалып, сәттілік серік болсын деп тілейміз!
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»