Basty bet

«Анамның тілі – айбыным менің!»

«Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – ай-күнім менің!
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйемін мәңгі өмірді думан!». Ақын, сатирик, көзі тірісінде туған тілдің шын жанашыры бола жүріп, өзі де ұлт қайраткеріне айналған Шона Смаханұлының осынау өлеңінде ана тілге деген қандай биік құрмет жатыр десеңізші… Дана Абайдың сөзімен айтсақ, «Толғауы тоқсан қызыл тілдің» тағдыры да толғауы тоқсан, әбден толғағы жеткен туған тілдің тағдырымен және оның ертеңгі болашағымен терең үндесіп жатқан жоқ па?! Ананың тіліне деген құрмет – әрбір перзенттің қасиетті борышы демеске тағы да амалың жоқ…
Еліміз егемендік алғалы Ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, оның қолданыс аясы кеңейіп келеді. Қазақ тілі жаңа заманның талаптарына сай қайта түлеу арқылы жаңғырып жаңа сипатқа ие болғаны белгілі. Қоғамда тіл тағдырына деген түсінік терең орнығып келеді. Бұл – Тәуелсіздік жылдары аралығында туған тілдің тағдырына байланысты мүмкін болған жағдайлардың барлығын жете бағамдай отырып жүргізілген мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі екені даусыз.
Өткен аптада Қазақстан халқы тілдері күніне орай Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру арқылы елдің бірлігін нығайтуға және қоғамдық татулықты дәріптеуге арналған «Тіл – достықтың дәнекері!» тақырыбында аудандық тіл фестивалі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – Ана тілдің қоғамдағы орнын кеңінен насихаттап, мемлекеттік тілдің беделін көтеру, сондай-ақ, өңірдегі этнос өкілдерінің өзара түсіністігі мен достығын нығайту.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде өткен «Тіл – достықтың дәнекері!» тақырыбындағы тіл фестивалін аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтау сөзбен ашты.
– Құрметті аудан тұрғындары және қонақтар!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің күшіміз – ынтымақта!» деп айтқанындай, бірлік пен ынтымақ – біздің елдің басты құндылықтарының бірі. Президент айқындап берген жалпыға ортақ құндылықтарды халық арасында кеңінен насихаттаудың ең тиімді жолы – мемлекеттік тіл саясатының жұмысын жан-жақты жетілдіру.
Тіл – қай елде, қай ұлтта болсын, қадірлі де құдыретті. Ұлттың ұлылығын, адамның кісілік келбеті мен биік парасатын танытатын үлкен күш. Мемлекеттік тілдің өзекті саласының бірі – ономастика саласы. Жуалы ауданындағы 1 ауыл және 49 елдімекенде барлығы – 264 көше орналасқан. Ауданға қарасты ауылдық округтер мен ауыл атауларының барлығы толығымен қазақшаланған. Даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті, жазушы Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамып, туып-өскен өңірі болғандықтан, Жуалы ауданының орталығына Батырдың есімі берілген.
2025 жылы Жуалы ауданында жаңадан 6 көше ашылды (Б.Момышұлы ауылында – 4 көше, Ақсай ауылдық округінде – 2 көше), идеологиялық тұрғыдан атаулары ескірген және қайталанатын 6 көше қайта аталды. 2014 жылы ауданнан облыстық тілдерді оқыту орталығының бөлімшесі ашылып, әр жыл сайын мемлекеттік Жол картасы аясында тіл оқыту топтары ашылып, онда өзге ұлттың өкілдері оқытылып жатыр. 2026 жылы 200 тыңдаушыны оқыту жоспарланып, міндетті меже жыл соңына дейін орындалады. Ауданда мемлекеттік тіл саясаты бағытында барлығы – 35 іс-шара ұйымдастырылған. Сондай маңызды іс-шаралардың бірі – бүгін өткізіліп отырған тіл фестивалі.
Жуалы жерінде 11 этносты біріктірген 4 этномәдени бірлестіктің өкілдері «Бірлігіміз – әралуандықта!» қағидатын ұстана отырып, қасиетті ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының бүгінгідей еңселі елге, іргелі мемлекетке айналуына өз үлестерін қосып келеді. Елдің өркендеуімен бірге, жыл санап ауданның экономикасы да ілгерілеу үстінде. Этностардың мәдениеті мен тілі, салт-дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған.
Қадірменді жерлестер және тіл жанашырлары!
Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді нығайтып, қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – әрбір қазақстандық үшін басты міндет! Бір шаңырақтың астындағы бейбітсүйгіш халқымыздың достығы одан әрі нығайып, қашанда ынтымақ пен бірлік мәңгі жасай берсін,- деді Анар Садыққызы.
Мемлекеттік тіл саясатын ілгерілету, сонымен қатар, тілдердің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталып ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шараның барысында қасиетті Жуалы өңіріндегі бірқатар тіл жанашырлары аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталды. Алғысхатқа ие болған азаматтардың қатарында – аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Ербол Нұрбеков, аудандық білім бөліміне қарасты №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кәмшат Құрматаева, аудандық Жастар ресурстық орталығының этнос жастарымен жұмыс жөніндегі маманы Надежда Галахова және аудандық почта байланыс торабының қызметкері Марина Бетхольд бар.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған фестивальда Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының директоры Қуаныш Дәуренбеков сөз сөйлеп, бұл бағытта қасиетті Әулиеата аймағында атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын айтып берді.
– Құрметті тіл жанашырлары!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді» деп мемлекеттік тіл болашағаның жарқын екеніне үлкен сенім білдіргені белгілі.
Шын мәнінде, еліміз Тәуелсіз мемлекет атанғалы бері Ана тіліміздің қолданыс аясы кеңейіп, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғаны баршаға белгілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бет-бейнесі. Тіл саясатын дамыту және мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтетін Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – достықтың дәнекері!» тақырыбында тіл фестивалі ұйымдастырылады.
Бұл күн – Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдерінің ана тілдеріне және мемлекеттік тілге құрмет көрсетілетін ортақ мереке. Аталған іс-шара тіл мерекесінің жалпыхалықтық сипатқа ие болуы үшін оның маңызын халық арасында кеңінен насихаттауды басты мақсат етеді. Тіл фестивалі – тек мәдени іс-шара ғана емес, бұл – ұлт руханиятын ұлықтайтын, тілге деген құрметті арттырып, қоғамды ортақ құндылықтарға біріктіретін маңызды алаң.
Облыста этностардың тілдік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты жүзеге асырылу үстінде. Бұл мақсатта Мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы бекітіліп, мемлекеттік тілді үйрететін облыстық Тілдерді оқыту орталығы және оның аудандардағы 8 бөлімшесі жүйелі жұмыс атқарады. Бұл ретте мемлекеттік тілді оқытуда этностар тығыз шоғырланған елдімекендерге басымдық беріліп отыр,- деп атап өтті.
Облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Қ.Дәуренбеков бірқатар азаматқа Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғысхатын табыстады. Марапатталғандардың қатарында тіл жанашырлары – Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті» ЖШС-ның Бас редакторы Н.Дербісәлиев, Қарасаз және Нұрлыкент ауылдық округтерінің әкімдерін Ж.Нұрмұратқызы және Н.Рақымбек, жас полиглоттар К.Чакова және Н.Мамедова, сонымен қатар, «Мыңбұлақ» халық театрының режиссері Е.Бекжанов бар.
Іс-шара барысында көпшілікке тақырыпты ашатын композициялық қойылым ұсынылды. Тіл туралы рухты өлеңдер оқылып, «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің орындауында күйлер мен жанды дауыста халық әндері орындалды.
Татулықтың тірегі, ұлттар достығының берік дәнекері болған – қазақ тілінің мәртебесі биіктеп, елдің бірлігі нығая берсін! Ел Тәуелсіздігі тұғырлы, бірлігіміз бекем, қасиетті Отанның іргесі берік болсын!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close