Basty bet

Мектеп асханаларына зерделеу жұмыстары жүргізілу үстінде

Балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігінен бөлек, олардың дұрыс тамақтануы да еліміздегі әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі. Өскелең ұрпақтың саулығын ойлаудан туған бұл бастаманы жүзеге асыруда ең алдымен сапаға, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуына мән беру қажет. Баланың мектеп асханасынан қарын тойдырғанын қанағат тұтпай, олардың не ішіп, не жеп жүргенін үлкендер де қадағалағаны жөн.
Мектеп оқушысының тамағынан мемлекет ақша аяп жатқан жоқ. Жыл сайын облыс бюджетінен қаржы бөлініп, мектеп асханаларында кәсіпкерлер ыстық ас ұйымдастырып келеді.
Өткен аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков және Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Мұхамеджан Әсемов мектеп асханаларына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Зерделеу барысында «AMANAT» партиясының аудандық филиалы білім беру мекемелеріндегі ыстық тамақтың сапасы, бейнебақылау камералары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуы бойынша бақылау жұмыстары жүргізілді.
Зерделеу жұмыстары кейбір мекемелерде күмәнді жартылай фабрикатты қолдану, өрт сөндіру құралының тексерілу мерзімінің өтуі, санитарлық тазалықтың сақталмауы, бақылау камера жадысының болмауы жағдайы ұшырасты.
Зерделеу қорытындысы бойынша анықталған кемшілікті жою туралы комиссия тарапынан ұсыным енгізілді.
Сондай-ақ, енді мектептер мен балабақшаларға ескертусіз тексеріс жүргізіледі. 1 ақпаннан бастап мемлекеттік бюджеттік қаржыландырумен жұмыс істейтін ұйымдарға жоспардан тыс тексерулер жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік бақылау тәртібі қолданысқа енеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Білім министрлігінің мәліметінше, тексерулер балаларға тамақтану, білім, тәрбие және денсаулық қызметтерін ұсынатын ұйымдарға қатысты болады.
Бұл бақылау іс-шараларын жылдам әрі тиімді өткізуге, сондай-ақ мүмкін болатын бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының «Баланың құқықтары туралы» Заңымен реттелетін болады. Заң бақылаудың ерекше тәртібін бекітеді және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтеді.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close