Basty bet
Өнерлі балалар – ел болашағы
«Қазақстанның жарқын болашағы өз қолымызда, яғни ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл, ниеттес, мүдделес азаматтардың қолында. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек» дей келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды елімізде «Балалар жылы» деп жариялаған болатын.
Қай заман, қай қоғамда болсын адамзат баласы жас ұрпақ тәрбиесіне зор мән беріп келген. Себебі, ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесінде. Бүгінгі іні-сіңлілеріміз, бүлдіршіндеріміз – ертеңгі біздің орнымызды басатын, тәуелсіздігіміз бен еліміздің іргесін биік етіп ұстап тұратын азаматтар. Олардың білімді, денсаулығы мықты азамат болып өсуі үшін, бір қоғам болып ынтымақтасып атсалысуымыз қажет.
Көпке үлгі болатын, болашағынан үміт күттіретін бүлдіршіндеріміз біздің ауданымызда да бар. Осы орайда, балалардың шығармашылық қабілетін арттыруға, олардың тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін аудандағы №1 Балалар өнер мектебі қызметкерлерінің алар орны ерекше деп айта аламыз.
Аталған өнер мектебі 1971 жылы «Музыка мектебі» деп ашылып, кейіннен 1993 жылы №1 Балалар өнер мектебі болып өзгертілді. Өнер мектебінде домбыра, гитара, қолөнер, көркемсурет, эстрадалық вокал, баян, кино өнері, би, хореография және фортепиано бағытында барлығы 10 үйірме жұмыс жасауда. Қазір өнер мектебінде 160 бала білім алуда.
Қолөнерге бейім Сымбат
«Өнерлі өрге жүзер» демекші, ауданымыздағы өнерлі азаматтармен, №1 Балалар өнер мектебінің дарынды шәкірттерімен тілдесудің сәті түскен еді.
Бүгінгі біздің әңгімемізге қолөнерге жақын дарынды оқушылардың бірі – Сымбат Дүйсенбай есімді ару арқау болмақ. Ол – Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның 9 сынып оқушысы, ал №1 Балалар өнер мектебінің 4-сынып оқушысы.
-Қолөнер сыныбында 4 сынып – ең соңғы сынып. Дегенмен де, бала оқуын жалғастырамын, үйренгім келеді дейтін ізгі ниеті болса, жалғастыра алады. Мысалы, қолөнер сыныбында күрделі тоқымалар тоғып, әдемі көйлектерін тіге алады, Яғни, алған білімдерін тереңдете алады. Бұл онымен шектеліп қалмайды.
Қолөнер басқа өнер түрлеріне ұқсамайды. Қолөнерге сабырлық пен шыдамдылық қажет. Оның бір артықшылығы баланың зейінін арттырады, – дейді ұстазы Гүлнар Мәжитқызы.
Сымбат бос уақытында киім тіккенді, тоқыма тоқығанды және шет тілдерді үйренгенді ұнатады. Өзі тіккен белдемшені ұната киіп жүр.
– Қолөнер бұйымы дайын болған соң ата-анама көрсетуге асығамын. Сондай-ақ, процесс кезінде демаламын, – дейді ол.
Сымбат он жасынан бастап республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Атап айтар болсақ, Шымкент қаласында өткен «Қысқы әуен» атты халықаралық балалар өнер сайысының II орын иегері, 2020 жылы Алматы қаласында өткен «Асыл мұра» халықтық дәстүрлі ән-би, жыр мен аспапта орындаушылардың балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауының «Қолөнер» жанры бойынша жеңімпаз атанған, ал 2018 жылы бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған II республикалық «Дарабоз» өнер мен білім байқауында «Қолөнер» жанры бойынша өнер көрсетіп, II орынды қанжығасына байлаған. Айта берсең жетістіктері көп.
Кейіпкеріміздің өнер мектебіндегі жетекшісі, ауданымызға танымал қолөнер шебері Гүлнар Нукусбекова. Қазақта «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген ұлы сөз бар. Расында да, Сымбаттың ұстазы халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы. Ол шәкіртінің өте талантты қыз екенін айта келе, оның болашағынан үлкен үміт күтетінін де атап өтті.
Сымбаттың бала арманы – ағылшын тілі мұғалімі болып, шет елдерді саяхаттау. Ендеше бүлдіршініміздің арманы орындалады деген сенімдеміз.
Армандарың орындалсын!
Қарлығаш Қалмахан №1 Балалар өнер мектебінің Қолөнер сыныбының 4-сынып оқушысы. Қолөнерге бейім Қарлығаштың арманы – ұлттық нақыштағы киім дизайнері болу. Қазақтың ою-өрнектерімен әсемделген киімдерді шет елдерге танытып, жеке брендін қалыптастырғысы келеді.
Қарлығаш қолөнердің ішінен тоқыма мен киім тіккенді ұнатады. Оның туған сіңілісі Көркем де қолөнер үйірмесіне қатысады. Ол 3-сыныпта оқиды. Қарап тұрсаң мәселе жаста да емес.
11 жастағы Қарлығаш алдына тоқыма тоқып, киім тігіп, қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін тігетін дизайнер болам деген мақсат қойып отыр. Арманына адал болып, талмай еңбектенсе, мақсатына жететініне сенеміз.
Келесі кейіпкеріміз – Шапағат Қалмахан. Қарлығаш екеуі туыс. Мүмкін олардың бойындағы қолөнерге деген құмарлық қаннан берілген шығар…
Қарлығаш та, Шапағат та – түрлі жарыстардың жеңімпазы. Олар 2020 жылы Алматы қаласында өткен «Асыл мұра» халықтық дәстүрлі ән-би, жыр мен аспапта орындаушылардың балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауының «Қолөнер» жанры бойынша II орын иеленген, ал 2018 жылы бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған II республикалық «Дарабоз» өнер мен білім байқауында «Қолөнер» жанры бойынша өнер көрсетіп, III орынды алған.
Шапағат – №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның 7 сынып оқушысы. Мектептен тыс бос уақытында ағылшын тілі үйірмесі мен қолөнерге қатысады. Шапағат әдеби шығармалар мен жырларды оқығанды жақсы көреді. Оның жақсы көретін жырларының бірі – Қыз-Жібек жыры.
-Бұрынғы кезде ғашықтар бір-біріне қосыла алмаған. Оған бай мен кедей деп бөлінушілік пен ерте жастан атастырып қою секілді салттар себеп болған. Қыз-Жібек жырында да дәл солай. Олар Төлеген екеуі қосыла алмады. Ал қазіргі таңда ондай мәселелер жоқ. Қазір ата-аналар жастарды қолдайды, – дейді Шапағат.
Шапағаттың ең сүйікті жұмыстарының бірі – шимен тоқылған қошқармүйіз оюы.
-Бірінші оюдың суретін шығарып алдық, артынан шимен тоқыдық, – дейді кейіпкеріміз.
Шапағат сабағын да жақсы оқиды. Ол өскенде адамның тәнін емдейтін хирург дәрігер болғысы келеді.
Қолөнерші қыздарымыз қай мамандықты таңдаса да, елге, қоғамға пайдалы тұлға болуын тілейміз.
Қарлығаш пен Шапағаттың ұстазы – Гаухар Рахмет. Ұстазы 2018 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетінің «қолөнер ұстазы» мамандығын тамамдаған. Ұстазының да республикалық, халықаралық дәрежеде жетістігі көп.
Шынымен де, балалардың тәрбиесінде ұстазының рөлі жоғары. Оқушы ұстазына еліктеп өседі. Бұл ретте, ұстаздарының жолын қуған Сымбат, Шапағат пен Қарлығашты мысал ретінде айта аламыз.
Сөзімізді Мағжан Жұмабаевтың мына бір өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр:
Жас қырандар – балапан,
Жайылып қанат ұмтылған.
Көздегені көк аспан.
Мен жастарға сенемін!,- демекші, біз де олардың елдің атын шығарар, халқына пайдасы тиетін азаматтар болып өсетініне сеніміміз мол.
Қорыта келе, адам баласы ертелі кеш өзін, қабілеттері мен мүмкіндіктерін тани білуі тиіс. Себебі, сол кезде ғана оның жолы мен өмірлік мақсаты айқын болмақ. Ендеше осы тұста, еліміздегі өнер мектептері баланың шығармашалық қабілетін дамыту арқылы өмірлік мақсаттарына бағыт-бағдар беруде зор еңбек сіңіруде деп айта аламыз.
Үміт МАДИЯРБЕК
«Жаңа өмір»