Basty bet

Алғашқы қоңырау

Қыркүйектің бірінде,
Жол ашар күн ғой білімге.
Ғажайып сыр жатыр-ау,
Қоңыраудың сыңғырлаған үнінде.

Ерекше атты таң күліп,
Жатпайды ешбір жан бұғып,
Бүгін – алғашқы қоңырау,
Ол – айнымас заңдылық.

Наздана күліп, жай ғана,
Жүздері бал-бұл жайнаған.
Қандай әсем көрініс,
Нұрға толы айнала.

Киініп мектеп формасын,
Бетке алып білім ордасын,
Сағынып бәрі қалғандай
Сыныптасын, өз ортасын.

Білімнің кәусар бұлағын,
Санаңа құяр мұғалім.
Жадыңнан мәңгі өшпестей,
Сәуленің жағып шырағын.

Ұстазың, мынау мектебің,
Өтпесін жаным, текке күн.
Білімді болсаң, қалқам-ау,
Мұратыңа жеткенің.

Жақсының біліп бағасын,
Кітаптан бәрін табасың.
Ізгілікке бұрар ұстазы,
Шәкіртінің санасын.

Шат-шадыман бар қауым,
Тілегін айтып, арнауын.
Ұстазға шәкірт гүл сыйлап,
Көңілдің тапқан қалауын.

Біліммен керек жарқырау,
Білімдінің күні жарқын-ау.
Сиқырлы үні сыңғырлап,
Соғылды алғашқы қоңырау.

Әлия Жақсыбекова,
ардагер ұстаз.
Көлтоған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close