Basty bet
Жас математик
Ауылдар мен аудандардың тұрмыс-тіршілігін арттыруда бәсекеге қабілетті, жаңаша ойлай білетін жастардың орны жоғары, қажет десек те болады. Бұл – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан да, кадр тапшылығы мәселесі де бар.
Бұл реттегі мәселелер жүйелі түрде өз шешімін табуда. Себебі, қалада оқуын бітіріп ауылға келіп, жұмыс істеп жатқан жастар қатары артуда. Бұл ретте, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының алар үлесі көп. Себебі, жастар мемлекет тарапынан жұмыс та, көтерме ақы мен баспана алуына да мүмкіншілігі бар.
Ауданда «Диломмен – ауылға!» бағдарламасымен жұмыс істеп жатқан маманның бірі, №22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте жұмыс істейтін математика пәнінің мұғалімі, жас маман – Әлихан Қорғанбай.
Ол 5, 7 және 8 сынып оқушыларына математика пәнінен сабақ береді.
-Сабақ беру барысында бірінші оқушының көңіл күйі мен сабаққа деген ынтасын қараймын. Себебі, отбасында келеңсіз жағдайлар болған оқушылар сабақты орындай алмайды. Ондай баланың сабаққа ынтасы да болмайды.
Әлихан Махмутжанұлы 2017 жылы №22 Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепті үздік деген бағада бітіреді. Сол жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне “математика” мамандығына оқуға түсіп, оны 2021 жылы аяқтайды.
Әлиханның бала кездегі арманы – ұстазы Лиза Абданбаева секілді математика пәнінің мұғалімі болу. Асылында, оқушыларға қандай да бір сабақтың ұнауы мұғаліміне байланысты. Мұғалімнің баланы сабаққа қызықтыра алуында, сол сабақты түсіндіруі мен ұстаздың жеке адамгершілік қасиеттерінде жатыр. Бұл ретте, кейіпкеріміздің ұстазы Лизаға ұқсағысы келгендігінің де бірден бір себебі осыда.
Енді міне, Әлихан Қорғанбай да балалаларға үлгі болатын ұстаз болып жүр. Оның оқушылары ұстаздарын ерекше құрметтейді. Оқушыларының қатарында жарыстарға барып, жеңімпаз атанып жүргендер де бар.
Қазақтың ағартушысы Әлихан Бөкейханов: «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – демекші, ұлы нар тұлға Әлихан Бөкейхановпен аттас жас ұстаз Әлиханның да басты өмірлік мақсаты – ұлтқа қызмет етіп, болашақ ұрпаққа білім беру.
-Қазір барлық ғылым математика мен роботизациямен байланысты заманда математиканы жақсы меңгерген оқушылар сұранысқа ие,- дейді ұстаз.
Бұл ретте, білімді, бәсекеге қабілетті оқушыларды дайындай білу үшін де ұстаздың жеке білімі мен педагогтық шеберлігі үздік болуы тиіс.
Ұстаз Әлихан әр баланың сабақты түсініп, дұрыс білім алғанына ерекше мән береді.
– Себебі, математиканы үйренген адам өмірде қиналмайды. Есепке жақсы болады, әрі аналитикалық ойлау қабілетін арттырады. Мен бала кезімнен есеп шығарғанды жақсы көремін. Сондықтан да, оқушылардың бұл пәнді жақсы көріп, жетік меңгергенін қалаймын,- дейді педагог.
Ия, расында да математика – ғылымдардың атасы.
-Мемлекетіміз жас, білікті мамандарға жақсы мүмкіндіктер беруде. Мен “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен баспанаға көтермеақы мен үй де алдым. Бұл – жастар үшін жақсы мамандық деп ойлаймын, – дейді ол.
Сөзімізді қорыта келе, болашақ ұрпаққа білім беріп жүрген жас ұстаз Әлихан Қорғанбайдың жұмысына сәттілік пен табыс тілейміз. Үздік шәкірттері көп болсын!
Қазір ХХІ ғасыр – ақпарат пен технологияның заманы. Ендігі адамдардың білім алу деңгейі мүлде жаңа деңгейге көтерілді, сапасы артты. Ізденген адамға білім ақпарат алу көздері жетерлік. Бұл ретте, ауыл аймақтардағы мектептерге білікті ұстаздар қауымы ауадай қажет.
Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»