Basty bet

Жолың болсын, жолаушы!

«Жан-Ком Транс» ЖШС-ның басты мақсаты – жолаушыларды діттеген жеріне аман-есен жеткізу

Тамыз айының алғашқы жексенбісінде елімізде көлік қызметкерлері күні аталып өтіледі. Ел мен елді жалғастырып, алысты жақын етіп отырған көлік саласының халық шаруашылығы үшін маңызы зор.
Көлік логистикасы – экономиканың күретамыры. Жылдар бойы көлік саласында жүрген азаматтардың еңбегін елеп ескермеу мүмкін емес.
Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай, еселі еңбек етіп жүрген көлік қызметкерлерінің қоғам дамуына қосар үлесі зор деуге әбден болады. Өздеріне жүктелген міндетті мінсіз, тапсырманы тиянақты орындап жүрген сала мамандары қандай мақтауға да лайықты.

Қазіргі таңда, ауданымызда заман ағымына қарай көлік қатынасы да едәуір дамығандығын жақсы білеміз. Аудандағы орталық базардан Тараз қаласына қатынайтын қоғамдық көліктер де сіздерге таңсық емес. «Бауыржан Момышұлы-Тараз» бағыты бойынша жолаушылар тасымалын «Жан-Ком Транс» ЖШС үш жылға арналған тендерді ұтып алып, жұмыс істеу үстінде. Аталған серіктестікті Әсет Зауырбеков есімді азамат басқарып отыр. Оның негізгі мамандығы – заңгер.
Осы ретте, біз көлік қызметкерлері күні мерекесіне орай жолаушылар тасымалымен айналысатын серіктестіктің басшысымен әңгімелескен едік.
– Жолаушылар тасымалы бойынша біздің серіктестік 2020 жылдан бері жұмыс істейді. «Жан-Ком Транс» ЖШС тасымал бойынша тендерді үш жылға ұтып алып отыр. Заңдылық тұрғысынан жұмыс жасаймыз. Арнайы көлікжайымыз бар. Серіктестікте заңгер, дәрігер, механик, жолаушыларды көлікке отырғызып, жолақысын жинайтын екі адам жұмыс істейді. Жолға шығар алдында жүргізушілер арнайы дәрігерлік тексерістен өтеді. Көлік жүргізушілердің және жолақы жинайтын қызметкерлердің жалақылары күндігіне төленеді.
Біздің негізгі жұмысымыз аудан орталығы мен облыс орталығының аралығында адам таситын болғандықтан, әр күні жұмысымыз сағат таңғы жетіден басталады. Алдымен көлік жүргізушілері мен көліктер тексерістен өтеді. Мұнда барлығы 26 көлік жолаушыларды тасымалдап отыр. Жолаушыларды тасымалдауға арналған көліктердің дені «Мersedes-Benz Sprinter» маркалы жаңа автомашиналар. Жүргізушілер де тәжірибелі азаматтардың қатарынан. Олардың ішінен Алик Қалдарбеков, Николай Паладев, Қанат Орынбаев, Мадир Рахмешов, Болат Қожагелдиев, Ғалымжан Ысқақов, Сайлау Боранбаев, Қалижан Нәдіров, Жәділ Жақыпбеков, Руслан Жақыпбеков сынды азаматтарды ерекше атап өтуге болады. Одан бөлек, жолаушылардан жолақысын жинайтын Халима Баянова және Айсұлу Қожабаеваның да жұмысын айтпай кетсек жөн болмас.
Жолаушыларды тасымалдау, оларды тиісті жерлеріне аман-есен жеткізу – біздің басты міндетіміз. Одан қала берді жұмыскерлерден тазалықты және жұмысқа деген жауапкершілікті басты орынға қоюларын талап етемін.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дегендей, аудандағы сауапты істерге де бір атаның балаларындай атсалысамыз. Атап айтқанда, айлардың сұлтаны саналатын Ораза айы кезінде және қасиетті Құрбан айт мерекелерінде жолаушыларды тегін тасымалдау ісімен айналысамыз. Сонымен бірге, ауданда төтенше жағдай орын алған кезде де, біздің көліктеріміз бен қызметкерлеріміз көмек көрсетуге сақадай сай тұрады. Тағы бір айта кететін мәселе, өздеріңізге белгілі былтырғы жылы Байзақ ауданына қарасты Үшбұлақ ауылында жарылыс болған кезде де біздің қызметкерлер ауыл тұрғындарының жанынан табылды, – дейді серіктестіктің басшысы Әсет Ерданұлы.
Иә, дамыған елімізде қай жаққа сапар шексек те көлік қызметі дайын тұрады. Бұл – ел Тәуелсіздігінің жарқын бір көрінісі. Сондай-ақ, осы салада аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарымыздың қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close