Basty bet

Қант бағасының көтерілуін тосап қайнатудан көретіндер кімдер?

Ресейге салынған шектеулер салдарынан еліміздегі азық-түлік бағасы 30 пайызға қымбаттаған. Соның ішінде халық жиі тұтынатын шекер де бар. Қант бағасының өсуі осыдан екі ай бұрын байқалған. Ол тұста билік өкілдері халықты баға өспейді, нарық бағамы бақылауда деп сендіруге тырысқан. Бірақ нарық бағамы өз дегенін араға екі ай салып қайта қайталады. Халық алғашқы кездегідей жапа-тармағай дүкендерге ұмтыла қоймаса да, уәдеде тұрмаған жергілікті билікке деген сенімдерін жоғалтқандай. Бұл жолы бағаның көтерілуінің екінші себебі – тосап қайнату науқанының басталуы болды. Өзімнің шекерге аса құмарлығым болмаса да, тосап қайнату үшін алдын ала екі қап қант ала қояйын деген ниетпен қымбатшылық алдында базарға соқтым. Мен барған күні баға 1000 теңгеге көтеріліп кетіпті. Ораза айт мерекесі алдында 25 килограмдық қанттың бір қабы 11 600 теңгеден көргенмін. Дүкен қоймаларының барлығы сықа қап-қап қантқа толып тұрған. Сол күні бәрі түгесіліп босап қалыпты. Бірнеше дүкенге кіріп, қант таппай шықтық. Біреуінде ғана аз қалыпты.
Осының алдында бір күн бұрын Тараз қаласындағы «Нұрислам» сауда орталығында қант болса қабымен ала слайын деп барған едім. Онда қаппен сатпайтын болып шықты. Құмшекердің килограмын 445 теңгеден көргенмін. Оның өзін бес килограмнан артық ала алмайсың. Амал жоқ базарға барған соң 3 қабын айтқан бағасына алуға тура келді.
«Неге қант бағасы көтеріліп кетті?» деп сұрадым сатушыдан. Алғашында ол «білмеймін», деп иығын қиқаң еткізді. Сөйтті де: «Қант бағасының жоғарылайтынын өзіміз де білмей қалдық. Бас-аяғы бірі-екі күнде осындағы көтерме сауда орталықтарынан қантты консерві жасайтын, тәтті сусын дайындайтын өндіріс ошақтары тонналап алып кетті. Бір демде саудамызды жүргізіп, қоймамызды босатып тастады. Іле өзіміз бүгін дүкенге жеткізілген тауарды жоғары бағаға алып отырмыз. Зауыттар тосап жасау үшін қант қорын дайындап жатқан сияқты», – деп өз болжамын айтты.
Менімен қатар келген алушы, қазір «Себет» сауда орталығынан шықтым. Сөрелерде қант жоқ. Содан осында келіп тұрмын», -деді. Ол да екі қабын бірақ алып кетті.
Үйге келген соң «Нұрислам» сауда орталығының ақпан айындағы судатүбіртегін тауып алып қарасам, сол кезде 25 килограмдық бір қап құмшекерді 8350 теңге алыппыз. Килограммы 334 теңге болған. Содан бері бір қап (25 кг) құмшекер бағасына 4225 теңге қосылыпты. Кешкісін ерінбей үйдің маңайындағы сауда орталықтарына кірдім. «Нұрисламда» құмшекер 35 теңгеге қымбаттапты. Қазір сауда нүктелерінде оның бір килограммы 600-700 теңгеден өткерілуде, ал «SMALL»-да үш килограмын 1969 теңге аласың. Сонда оның килограмы 650 теңгеден айналуда. Ал әлеуметтік дүкендерде алғашында 220 теңге болған қант, өткенде 290 теңгеге, енді 330 теңгеге жоғарылаған.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевқа шығып, баға жайын сұраған едік. Оның айтуынша, 18 мамырынан бастап әлеуметтік дүкендердегі 1 килограмм қанттың бағасы 330 теңгеге жоғарылаған. Қант бағасының өсуі өндіруші зауыттардың сату бағасына және импортталатын шикізат – қант қамысы бағасының өсуіне байланысты көрінеді. Қанттың нарықтағы орташа бағасы (1 кг) 450 теңге дейді. Дегенмен әлеуметтік дүкендерде қант нарықтық бағамынан 27 пайыз төмен өткеріліп жатқанын айтты.
– Соңғы уақытта ел аумағында көршілес мемлекеттердегі геосаяси ахуалға байланысты қант өніміне баға біршама көтерілуі орын алды. Бұл ретте біздің елімізде қант өндіруге қажетті шикізат – қант құрағы шет мемлекеттерден сатып алынады. Бұл жағдай қант өнімінің сату бағасына әсерін тигізді. Ал, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызды тауарға жататын қанттың тапшылығын болдырмау және бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдауда.
Бұл ретте мамыр айында тікелей қант зауытымен арзандатылған бағада, әр ауданның ірі кәсіпкерлеріне сатылатын болады. Сатып алынған құмшекердің көлік және буып-түю шығындарының қаражаты ғана сауда үстемақысына қосылады. Сонымен қатар Тараз қаласындағы «SМALL», «Алма», «Вкусная корзинка», «Магнум» және «Нұрислам» ірі сауда дүкендеріне тұрақтандыру қорынан құмшекер аптасына 1 тоннадан жеткізіліп, 349 теңге келісіне өткерілуде. Әлеуметтік дүкендерге де аптасына 1 тоннадан құмшекер жеткізіліп 330 теңгеден сатылуда, – дейді ол.
Қазіргі кезде арнайы құрылған жұмыс топтары апта сайынғы негізде сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізуде. Одан нәтиже болса, қанекей. Баяғы жартас – сол жартас. Осы топ мүшесі Бақытжан Орынтаев: «Облысымыз бен Тараз қаласында қант тапшылығы жоқ. Сауда орталықтары мен тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының қоры кемі төрт айға жетеді. Халықтың шулайтындай негіз көріп тұрғаным жоқ, өйткені қант өндірісі тоқтаған жоқ. Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері айтқандай, еліміздегі зауыттар жұмысын тоқтатпайды, қант қорын толтырып отырады. Яғни, халықтың «төрт айдан кейін қор таусылады, қант тапшылығы болады» деген ақпараты шындыққа жанаспайды. Сондықтан шаһар және аудан тұрғындарын арандатушылық дүрбелеңіне қосылмауға шақырамын» дейді.
Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ өңірлік тұрақтандыру қоры басқару департаментінің директоры Арман Түймебаев бүгіннен бастап әлеуметтік дүкендерде бір килограмм қант бағасы 330 теңгеден өткеріліп жатқанын растады.
– Бүгінгі таңда «Тараз» қант зауытынан шығатын қант бағасы жоғарылап кетті. Зауыттан қанттың килограмы сауда орталықтарында 440-460 теңгеден өткерілуде. Бізге бұл зауыт қанты қымбат түскендіктен тауарды Солтүстік Қазақстан мен Алматы қаласынан арзан бағамен жеткізудеміз. Әлеуметтік дүкендерге қажетті қант уақытылы жеткізілуде. Дәл қазіргі таңда қорда 460 тонна қант бар. Аптасына үш күн әлеуметтік дүкендерге 18-20 тонна қант жеткіземіз. Ал бізбен байланыста жұмыс істеп жатқан ірі сауда орталықтарына 9 тоннадан қант үлестіреміз. Бұл шамамен 4 айға жетеді. 4 айдан кейін жаңа өнім дайын болады. Бірақ біз оны күтіп отырмай 1000 тонна құмшекерге келіссөздер жүргізудеміз. Сөйтіп қордағы қант қорын толтырып қоюды жоспарлаудамыз, – деді ол.
Мәселенің басын бүкпесіз ашып берген тұрақтандыру қорының директоры Арман Түймебаевтың айтуынша, қант бағасы сыртқы және ішкі факторлардың салдарынан біз қаласақ та, қаламасақ та көтерілгелі тұр.

Марат Құлибаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close