Basty bet
Мақсат – Пәндік және базалық біліктілікті арттыру
Педагогтер үшін біліктілік арттыру – оқыту және оқу сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін оқу түрі.
Ағымдағы жылдың 22 мамырдан бастап «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы Жамбыл облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен Жуалы ауданының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің 25 мұғалімі жаңа бағдарлама бойынша біліктілік арттыру курсынан өтуде. Бұл курс бұрынғы курстан өзгерек, өйткені бүгінгі күнде орта білім беру саласындағы сұранысқа сәйкес ұйымдастырылған, нақты айтқанда курс бағдарламасы мұғалімдердің пәндік және базалық білімдерін дамытуға бағытталған.
Білім беру бағдарламасының өзектілігіне тоқталатын болсам, 10-11-сыныптарда оқытылатын «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерінен бірқатар күрделі тақырыптар бар. Соңғы жылдардағы қорытынды аттестаттау нәтижелеріне жасалған талдаулар жоғары сынып оқушыларының бақылау эссесін жазуда, мәтінмен жұмыс жасауда және пән мұғалімдерінің бағалау деңгейлеріндегі оқу мақсаттарына қол жеткізуде қиындықтардың бар екенін айқын көрсетіп отыр.
Күрделі тақырыптарды анықтау мақсатында жүргізілген мұғалімдердің сұхбаттарын талдау және соңғы жылдардағы 11-сыныптың қорытынды аттестаттау нәтижелері бойынша курс бағдарламасына 8 күрделі тақырып іріктеліп алынған. Пән мұғалімдері арасында өткізілген фокус топтың диагностикалық зерттеуі бойынша «Тыңдалым бойынша әртүрлі мәтіндерді (дәріс, интервью, пікірталас, мақала, т.б.) талдау», «Шешендік өнер және сөйлеу мәдениеті (айтылым)», «Стилистика және мәтін талдау (тыңдалым/оқылым)», «Әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыру, эссе және креативті жазылым», «Қазақ тіл білімі салалары мен әдеби тіл нормаларын оқытудың ерекшеліктері», «Әдебиет теориясы: көркем шығармаларды оқыту», «Шығармашылық жазба жұмыстарын (сыни мақала, сыни пікір, әдеби эссе) құрылымдау ерекшеліктері» сияқты тақырыптар аясында педагогтердің теориялық және әдістемелік құзыреттілігін арттыру қажеттілігі туындап отыр.
Екі апта ішінде ауданымыздың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері 10-11-сыныптардағы «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерін оқытудың теориялық, практикалық және әдістемелік негіздері тұрғысынан пәндік құзыреттіліктерін жетілдіреді. Курстың басында алынған мұғалімнің бастапқы білімі диагностикалық тестпен анықталса, курс барысында меңгерген пәндік және базалық құзыреттіліктерінің артуы қорытынды тестілеу арқылы бақыланады.
Аудан мұғалімдері біліктілік арттыру курсының теориялық және практикалық мазмұнының тиімділігін жоғары бағалады, курсқа қатысушылардың біліктілік көрсеткіштері де жоғары болады, курс соңында аудан мұғалімдері толықтай сертификатталады деген сенім бар. Біліктіліктерін арттырған педагогтер білім сапасына қол жеткізу мақсатында тәжірибелерін табысты жалғастыратын болады.
Дильвара Қаржаулова,
№14 Б.Майлин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі