Basty bet
Ауылым – алтын бесігім!
Боралдай ауылдық округінен шыққан түлектер игі істердің ұйытқысы болуды
Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ертеден-ақ ежелгі ақ мекені, бақ мекені – ауыл болғаны анық. Яғни, ауыл – ұлттың ұйытқысы, қазақтың қара шаңырағы. Ауыл – сан толқын ұрпақтың кіндік қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені. Сондықтан, ауыл дегенде елең етпейтін қазақ баласы жоқ шығар…
Ұланына қайтпас қанат, талмас талап беретін де құдіретті туған жердің қасиеті емес пе?! Сондықтан туған жер мен туған ауылды туған анаға теңесек те артық емес. Туған жер мен туған елдің алдындағы перзенттік борышты ұмыту – Ананың аялы алақаны мен оның ақ сүтінің алдындағы парызды ұмытумен бірдей. Туған жерге тағзым ету – азаматтық міндет.
Тұғырлы тұлғаларға алтын бесік болған қасиетті Жуалы ауданының құрылғанына биыл мерейлі 95 жыл толып отыр. Қасиетті өңірге қарасты ауылдарда көпшілікке үлгі боларлық және өскелең жас ұрпақ өнегелі тағылым аларлық іс-шаралар көптеп өткізілу үстінде. Сондай игі шараның бірі ауданға қарасты Боралдай ауылдық округінде де түлектердің ұйытқы болуымен өтіп жатыр.
Атап айтқанда, қыркүйек айының ортасында Боралдай ауылдық округінен шыққан, бірақ бүгінде қызмет бабымен Алматы қаласында тұратын туған жер түлектері өзара ұйымдасып, көпшілік іс-шараға ұйытқы болды. Олар ортадан қаржы шығарысып, сондағы азаматтарды ұйымдастырып, соның нәтижесінде қомақты қаржы жиналғанын айтады. Оның біразына ауылдағы тұрмысы төмен азаматтарға қайырымдылық жасалса, 1 миллионға жуық қаражат қазақтың ұлттық ойыны – көкпар ұйымдастыруға жұмсалды.
Иә, ауылдық округтің орталығы – Көлтоған ауылының шығыс жағындағы сайдың бойына киіз үй тігіліп, шатыр жасалды. Оның жанынан жылжымалы сахна қойылып, ауыл тұрғындарының және қадірлі қонақтардың қатысуымен көпшілік іс-шараның ашылуы болды.
Онда музыкалық құралдан ауыл, туған жер туралы әндер таңертеңнен бастап қойылып, іс-шара аяқталғанша ауыл аспанын ән-жырға, думанға бөледі.
Іс-шараның ашылуында Боралдай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Мақсатбек Байболовқа және округке қарасты Ертай және Рысбек батыр ауылдарынан келген қадірлі қарияларға құттықтау сөз берілді. Одан бөлек, шараның ашылуында еңбек ардагерлері, ауданның Құрметті азаматтары – Байұзақ Серкебаев, Әбуғали Ералиев, сонымен қатар, қауіпсіздік қызметінің құрметті ардагері Амангелді Аббасов сынды ел ағалары ауылдан түлеп ұшқан жерлес іні-бауырларының ауылдық округ тұрғындарының және ауылдан шыққан азаматтардың бастаған игі істеріне шын жүректен тілектестік білдіріп, ақ баталарын берді. Ауыл қарияларына қазақи салтпен зерлі шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Одан бөлек, жиында ауылдың сыйлы және көпбалалы аналарына да сөз беріліп, сый-сияпаттар жасалды.
«Ауылым – алтын бесігім, өзің деп соғар жүрегім» деп аталатын іс-шараның аясында жас балуандардың арасында күрес бәсекесі, садақ атудан, тағы басқа да ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар берілді.
Көпшілік шараның барысында алыс-жақыннан шақырылған қонақтарға және көпшілікке арнап киіз үйде және шатырдың астында ақ дастарқан жайылып, тамақ таратылды.
Түс ауа ауыл шетіндегі үлкен алаңда көпшілік көптен күткен ұлттық ойын – көкпар бәсекесі басталды. Ауданға қарасты ауылдардан келген білекті шабандоздардың айтулы бәсекеге жақсы дайындықпен келгені байқалады. Көкпар ойынының салымына да қомақты қаражат тігілген.
Күн батқанша созылған көкпар додасының соңында да ауыл қариялары ақ баталарын беріп, ұлттық ойынды ұлықтап, белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға ұйымдастырушы азаматтардың тарапынан сый-сияпат жасалды.
Ауылды қадірлеуді, қиналғанға қол ұшын беріп, жалпы ауыл-аймақтың амандығын тілеп, алтын бесіктің көркеюіне ниет еткен бүгінде Алматы қаласында тұратын боралдайлық азаматтардың қолға алған игі істері осы жиында көпшіліктің тарапынан қолдау тапты деп айтуымызға болады.
«Көп түкірсе, көл» деген. Бұл жолы өткен көпшілік шара болашақта атқарылар үлкен игі істердің бастамасы ғана. Іс-шараға ұйытқы болып, істің басы-қасында жүрген атпал азаматтардың айтуынша, алдағы уақытта Боралдай ауылдық округіне қарасты – Көлтоған, Ертай және Рысбек батыр ауылдарында жеке-жеке қоғамдық қор ашылып, ортақ қорға қаражат жинау мәселесі де пысықталу үстінде екен.
Игілікті шараның өтуіне тікелей мұрындық және ұйытқы болып жүрген азаматтардың қатарында бүгінде Алматы қаласында тұратын Боралдайдың түлектері – Өмірбек Шіркеев, Рүстембек Толымбаев, Қаһарман Бейсалиев, Нұргелді Абилов, Ерғали Пралиев және Ғани Рүстембеков сынды елжанды азаматтар бар.
Игілікті істің жалғасын табуы да заңдылық емес пе?! Бұл жолы көпшілік іс-шараны алматылық азаматтар ұйымдастырып, өткізсе, сәтін салса, келер жылы бұл ізгі үрдісті Тараз қаласында тұратын боралдайлық азаматтар жалғастыруға ниет етіп отыр.
Боралдай – аудандағы іргесі берік ауылдық округтердің қатарына жатады. Округтің тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығы, оның ішінде, егін және мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс және табыс көзі де атакәсіппен тікелей тамырлас. Әр ауылдың өз «Атымтай жомарт» атанған азаматтары да бар. Өзінің туған ауылына және ауылдастарына көмек қолын созуды азаматтық парызы санайтын азаматтардың қатарында Көлтоған ауылындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Алтынай» шаруа қожалығының басшысы, іскер азамат Ербол Рүстембеков те бар.
Оның ауылдастарына жасап жүрген басқа да қайырымдылық қол көмектері өз алдына. Ауылына жанашыр азамат былтыр Көлтоған ауылындағы «Тұрыс баба» мешітінің жанынан көпшілікке тамақ тарататын асхана салып, тұрғындардың игілігіне берген болатын. «Баталы ер арымас» деген. Асхананың ашылуында сөз алған қадірлі қариялар Ербол Әсетұлының атқарып отырған ісіне сәттілік тілеп, ақ баталарын берді. Мұндай игі бастама ауылдың басқа да қалталы азаматтарына үлгі болса игі.
Тағы бір айта кететін бір дүние бар. Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай және Рысбек батыр ауылдарында көпшіліктің күшімен атқарылып жатқан тірліктер жетерлік. Атап айтқанда, биыл тұрғындардың күшімен Ертайдағы «Құлбайымбет» мешітінің жанынан асхананың құрылысы жүргізіліп жатса, ынтымағы берік Рысбек батыр ауылының азаматтары биыл «Үрзада апа» мешітінің құрылысын қайтадан жүргізіп, имандылықты берік ұстанатындарын танытты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»