Ана құрсағынан ұлылыққа дейінгінің бәрі де мұғалім алдына өтеді, барлық тағдырдың іргетасы ұстаз қолымен қаланады, жүрек жылуынан өнеді.Ұлт мүддесін өз мүдесі тұтқан ұстаз демекші өткен аптада Билікөл ауылдық округіндегі №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепте Қазақстанның Еңбек ері, «Алтын жұлдыз» медалі мен «Отан» орденінің иегері «Ыбырай Алтынсарин», «Республикаға еңбегі сіңген қызметкер» медальдарының иегері , ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамотасының иегері, Алматы қаласының Құрметті азаматы, білім беру саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде біраз жетістіктерге жеткен ардагер ұстаз Аягүл Миразова және Жеңіскүл Сейітқұлқызымен кездесу кеші өтті.
Іс-шарада Аягүл Төреқызы кездесуге жиналған ұстаздармен өзінің мол білімі және тәжірибесімен бөлісті. Оның сөздері білім қоғамдастығы үшін шабыт пен ынталандырудың қайнар көзі. Ол өзінің өмір жолын, кездескен қиындықтарын, батылдығы мен шыдамдылығы және ісіне деген адалдық айналадағы әлемді қалай өзгертетіні туралы айтып берді.
“Арманым бар адамдар, білгің келсе,
Қайта айналып жас дәурен бір күн келсе.
Жеті кітапты оқыңдар, келер ұрпақ,
Біз сияқты дос боп жүргің келсе”, деп келесі сөз кезегі жан құрбысына арнап жеті кітап жазған ақын Жеміскүл Ілгербаеваға берілді. Ол өзінің естеліктерімен бөлісіп, құрбысына арнап шығарған кітаптары туралы айтып берді.
Әрі қарай келген қонақтарға мектеп оқушылары Айкерім Талғат Жеңіскүл Сейітқұлқызының «Берікқара» өлеңін мәнерлеп оқып берсе, Ақниет Айшықбек Фариза Оңғарсынованың «Ұстазым» өлеңін жатқа айтып берді.
Әрі қарай сөз №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің директоры Динара Молдабаеваға берілді.
-Аягүл Төреқызымен өткен кездесу еліміздегі білім аясының дамудағы көрнекті еңбегін жарықтандыра ғана қоймай, сондай-ақ, бізге даналық пен мықтылық сабағын сыйлады.
Бүгінгі бұл кездесу – құнын ұғу ғұмырдың,
Бүгінгі бұл кездесу – мықтылығы тұғырдың.
Бүгінгі бұл кездесу – іс-шарасы ақылдың,
Бүгінгі бұл кездесу – ақ батасы ақынның!- деп біз Еңбек ері Аягүл Миразова білімге қосқан баға жетпес үлесі үшін және бізге үлгі-өнеге көрсетіп отырған шабыты үшін алғысымызды білдіреміз. Оның келуі біздің жүрегімізде мәңгі қалып, болашақ жетістіктерімізге шамшырақ болмақ. Біздің мұғалімдер бұл кездесуден білім жолындағы кез келген қиындықтарды еңсерумен ынталанынп, білімге бай болып кетпек,- деп іс-шараны №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің директоры Динара Лесбекқызы қорытындылады.
Іс-шара мектеп оқушылары дайындаған ән-шашуға жалғасты.
«Жаңа өмір» ақпарат