Basty bet

Аудан басшысы құрылыстарды аралады

Кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауданда салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарында болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Аудан басшысы ең алдымен Қайрат ауылдық мәдениет үйіне барды. Аталған нысан Қайрат және Диқан ауылдарының аралығынан салынуда. Тапсырыс беруші – аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Бас мердігер – «ЕрК Астана» ЖШС.
Ауыл тұрғындары көптен күткен мәдениет үйінің құрылысы былтыр жазда басталған. Қазіргі таңда мұнда ғимараттың қабырғасы бой көтеріп, шатыры жабылған, терезелері салынып, ғимараттың сыртқы бөлігі арнайы материалмен қапталу үстінде. Аудан әкімі Ж.Мұртаза құрылыс басында болғанда аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаев мұндағы жұмыстардың барысын баян етті. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарын барынша сапалы әрі уақтысында атқарып, пайдалануға берудің қажеттігін баса айтты.
Аудан басшысы келесі кезекте Қарасаз ауылында орта жөндеуден өткізіліп жатқан көше жолдарымен танысты. Атап айтқанда, биыл Қарасаз ауылында Жамбыл көшесі екі бұрылысымен бірге, Абай, Ы.Алтынсарин және Бірлік көшесінің бірінші және үшінші бұрылыстары жөндеуден өткізілуде. Қазір мұнда көше жолдарына құмшағал төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы мұнда болғанда ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызына және мердігер мекеменің өкілдеріне жұмысты сапалы атқару қажеттігіне байланысты өз ойын жеткізді.
Келесі кезекте аудан басшысы Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Тасбастау ауылында жүргізіліп жатқан ауызсу құбырының құрылысымен танысты. Жауапты мердігер мекеменің өкілі ауызсу ұңғымасының басында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен кеңінен таныстырып, ауылды ауызсумен қамтамасыз ету үшін магистральды құбырларды тарту жұмыстарының аяқталғанын айтып, сәтін салса, ауызсу жүйесінің құрылысы алдағы күзде аяқталатынын жеткізді. Айта кету керек, қазір су ұңғымасының басында су жинақтайтын резервуарлар салу, тағы басқа қосалқы жұмыстар атқарылу үстінде.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close