Basty bet
«Қазақстан Республикасына қызмет етемін!»
әскери-патриоттық клубтың мүшелері салтанатты түрде ант қабылдады
Әскери тәрбие мен құқықтық сауаттылыққа баулуды бала кезден бастаған нәтижелі болмақ. Осы бағытта ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жастарға Отан қорғау жауапкершілігін, әскери тәртіп пен патриоттық тәрбиені сіңіруде маңызды қадамдар жасап келеді. Осы орайда Жамбыл ауданының шекара басқармасында «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының оқушылары салтанатты түрде ант қабылдады. Бұл рәсім – жас ұрпақтың Отанға, оның Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне деген адалдығын білдіретін маңызды сәт болғаны анық.
Ағымдағы жылдың қараша айында Жамбыл облысының Жуалы, Жамбыл және Т.Рысқұлов аудандарының орта оқу орындарының 124 оқушысы «Жас шекарашы» әскери-патриоттық ұйымының мүшелігіне салтанатты түрде қабылданып, оларға растайтын куәліктер мен төсбелгілер табысталды.
Салтанаты іс-шара орта мектептерде және барлық шекара бөлімшелерінде ҰҚК ШҚ өкілдерінің қатысуымен өткізілді. Жаңадан тағайындалған ӘПҰ мүшелері ел шекарасын қорғауға, ұйымның негізгі қағидаларын ұстануға, өз Отаның сүюге, сақтауға және жастарды тәрбиелеуге үлес қосуға салтанатты уәде берді.
Ант қабылдау рәсімі шекара қызметіне деген құрметті арттырып, оқушыларды әскери қызметтің жауапты міндетіне дайын болуға тәрбиелейді. Әскери-патриоттық клубтың мүшелері өз анттарында шекара күзетінің маңыздылығын терең түсініп, елдің қауіпсіздігі жолында адал қызмет етуге дайын екендерін мәлімдеді.
Әскери-патриоттық клубтың мүшелері қаршадайынан «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» деп ант берген бала жауапкершілікті сезініп өсетіні анық. Бұдан бөлек, олар қоғам өміріне ерте жастан араласады. Өзін-өзі дамытуға, мектепте әдеп пен тәртіпті қатаң сақтауға құштар оқушыдан ел ертеңіне алаңдайтын елжанды азаматтар шығатынына кәміл сенеміз!
Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы