Basty bet
Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады.
Бұл құжат азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды мұқият талдаудың, ашық қоғамдық талқылаулардың, сондай-ақ жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тиянақты пысықтаудың нәтижесінде пайда болды.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын.
2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкімге қол қойылды. Оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Алайда талқылауларға барлық белсенді азаматтар қосылып, өз пікірлері мен ұсыныстарын e-Otinish және eGov порталдары арқылы жолдай бастады. Осылайша, жаңа реформаны кеңінен әрі қарқынды талқылау шамамен алты айға созылды. Осы кезең ішінде Жұмыс тобы азаматтардан түскен екі мыңнан астам ұсынысты жан-жақты қарап, жүйелеп шықты.
2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата Заңның шамамен 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті. Алайда жұмыс барысында өзгерістер көлемі әлдеқайда ауқымды болатыны айқындалып, олар саяси және қоғамдық өмірдің көптеген өзге де қырларын қамтитыны белгілі болды.
2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдерін қоса алғанда 130 адам кірді. Осылайша, Комиссия құрамында Қазақстанның барлық әлеуметтік топтары мен аймақтары толық қамтылды.
Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова басшылық етеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оның орынбасарлары болып белгіленді.
«Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Оның алдында ерекше миссия тұр. Ол – Ата Заңда бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі принциптерін сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге лайықты көзқарасты білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті алғашқы отырыста Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова.
Комиссияның барлық отырыстары толықтай ашық түрде өткізіліп, тікелей эфирде көрсетілді. Оның жұмысы БАҚ-та кеңінен және егжей-тегжейлі баяндалды. Өз пікірлерін, ескертпелерін және ұсыныстарын белгілі заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғамдық белсенділер, депутаттар, саяси зерттеушілер және басқа да сарапшылар білдірді.
Жұмыс барысында Комиссия мүшелері республиканың Ата Заңының барлық негізгі түзетулерін жан-жақты қарап шықты. Бұл түзетулер Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77 бабына қатысты, яғни жалпы мәтіннің 84%-ын қамтыды. Осылайша, Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесін алға тартты.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын арттыруға, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, сондай-ақ республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленді.
Егемендік пен Тәуелсіздік, біртұтастық, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды.
Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген.
Сонымен қатар, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны бекітілген.
Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.
Тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма бекітілді.
Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Осылайша, адам құқықтары мен бостандықтары жаңа Преамбулада ғана бекітіліп қоймай, бүкіл Конституцияның ерекше басымдығы әрі мағыналық өзегі ретінде айқындалған.
Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады.
Неке ер адам мен әйел адамның ерікті және тең құқықты одағы екендігі туралы ереже енгізіледі. Бұл шешім дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
[10:49, 11.02.2026] Аида: Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылым академиясы мүшелері, мемлекеттік органдар басшылығы, бірқатар облыс әкімдері және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен ғылым мәселелері, ғылыми жобаларды жүзеге асыру және Ұлттық ғылым академиясының әлеуетін экономиканың түрлі саласын дамытуға тарту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Президенттің экономика салаларын цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ғылым мен нақты сектор кооперациясын нығайту, сондай-ақ ғалымдарды қолдау шаралары талқыланды.
Жиынды ашқан Премьер-министр жаңа Конституция жобасын ашық әрі нақты түсіндірудің маңыздылығына тоқталды. Құжатта қоғамда болып жатқан жоспарлы саяси және экономикалық өзгерістер көрсетіліп, ел дамуының жаңа бағдарлары, оның ішінде білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтар белгіленгені атап өтілді.
«Ата Заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Біз Конституция жобасында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Заң мен тәртіп” жаппай үстемдік құрған, “Әділетті әрі таза Қазақстанды құру” идеясы халықтың кең қолдауына ие болғанын көріп отырмыз. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы басты орынға қойылады. “Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет” тұжырымдамасы саяси жүйенің тұрақтылығы мен сабақтастығын орнықтыра түседі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаһандық деңгейдегі өзгерістер мен жоғары технологияның қарқынды дамуы және «орта державалар» рөлінің артуы жағдайында конституциялық реформаның заман талабына сай уақтылы жасалған қадам екені баса айтылды.
Талқылау барысында ғылыми ортаның өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап пікір білдірді. Ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде шоғырлантыру жөніндегі бастамалар ерекше атап өтілді.
«Жаңа Конституция жобасы адам құқығы мен бостандығын мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітіп қана қоймай, Қазақстанның ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуының негізі саналады», — деп атап өтті Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
«Бүгінгі таңда медицина ғылымының дамуы – ғылыми прогресс қана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен орнықты денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың негізгі факторы. Конституцияның жаңа жобасында ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде қарастыру аса маңызды екені сөзсіз. Бұл ғылыми білім мен зерттеулердің және ғылыми кадрлардың еліміздің қосалқы емес, тікелей стратегиялық ресурсы екенін мойындауды білдіреді», — деді академик Вячеслав Локшин «өмір және денсаулық туралы ғылым» бағытын стратегиялық деңгейге шығару қажеттілігін атап өтіп.
Осыған байланысты жасанды интеллект және үлкен деректер базасында шешімдерді енгізу, цифрлық диагностика мен телемедицинаны дамыту, медицина ғылымының кадрлық әлеуетін нығайту мәселелері де күн тәртібінде өзекті бола түсті.
*
Жиынға қатысушылар ғылымның экономикаға қосатын үлесін арттыру мәселелері бойынша пікір алмасты. Бүгінгі таңда мемлекет қажетті жағдайлар жасау және бизнес тарапынан инвестиция салуды ынталандыру үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Ғылыми әзірлемелерді қаржыландыруға жұмсалатын шығыстардың 300%-на дейін салықтық жеңілдіктер енгізілген. Бюджет кодексінде жер қойнауын пайдаланушылардың өндіруге жұмсайтын шығыстарының 1%-ын орталықтандырылған түрде бюджеттік бағдарлама арқылы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) аудару міндеті бекітілген. Үш жыл ішінде республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру көлемі 3,5 есеге ұлғайып, 2026 жылы 214 млрд теңгені құрады. Президент 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті ЖІӨ-нің 1%-на дейін жеткізу міндетін қойды.
«Жалпы алғанда, отандық ғылымның тиімділігін, оның инвестициялық тартымдылығын, барлық процестердің айқындылығы мен ашықтығын арттыру бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізілуде. Академия еліміздің стратегиялық дамуына қолдау көрсететін негізгі зияткерлік орталыққа айналуы қажет. Дәл осы жерде экономиканы дамытудың ғылыми негізделген болжамдары жасалып, әлемдік инновациялық орталықтармен берік ғылыми байланыстар нығайтылуға тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев экономикаға ғылыми әзірлемелерді енгізуді жеделдетуге бағытталған шараларды ұсынды. Академия форсайтты жоспарлаудың тұрақты құралына айналдырғаны атап өтілді: мемлекеттік органдардың, ғылым мен бизнестің қатысуымен 70 өңірлік және салалық сессиялар өткізілді, 220 перспективалық міндеттер қалыптастырылды және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру үшін 65 ғылыми-техникалық тапсырмалар дайындалды. Бұдан басқа, жаңа төрт деңгейлі теңдестірілген басымдықтар жүйесіне көшу және оны Жоғары ғылыми-техникалық комиссия алаңында бекітіп алу ұсынылды. Бұл шешім стратегиялық міндеттерді шешуге және іргелі ғылымды қолдауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестердің маңыздылығы атап өтілді, олар жергілікті жерлерде ғылыми-инновациялық дамуды басқарудың пәрменді тетігі болуға тиіс.
Салалық мемлекеттік органдардың өкілдері ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың іс жүзіндегі нәтижелері туралы баяндама жасады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тау-кен металлургия кешені бойынша соңғы бес жылда сала кәсіпорындары шамамен 150 млрд теңге инвестициялап, 1,5 мыңнан астам жобаны жүзеге асырғанын атап өтті. Әзірлемелерді енгізу тікелей экономикалық тиімділікті және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруды қамтамасыз етеді.
Агроөнеркәсіп кешені саласында бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және отандық әзірлемелерді енгізу нәтижелері ұсынылды. Мәселен, мемлекеттік тізілімде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына еншілес ұйымдары әзірлеген отандық селекцияның 743 сорты мен гибриді тіркелген. Егіс алқаптарының шамамен 60%-ына қазақстандық тұқымдар егіледі. Соңғы екі жылда өңдеу саласында нарыққа өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі шығарылды.
Сондай-ақ өңірлердің ғылыми-инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі ұсыныстары тыңдалды. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жоғары оқу орындарында зертханалық базаны дамыту, инновациялық технопаркте жобаларды жүзеге асыру және шетелдік ғалымдарды тарту туралы мәліметтерді ұсынды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сирек кездесетін және аса маңызды материалдарды зерттеуді дамыту, технологиялар трансфертін кеңейту және Horizon Europe аясындағы жобаны қоса алғанда, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоспарларды таныстырды.