Basty bet
Адам құқықтары – жаңа Конституцияның өзегі
Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық берілуі. Алғаш рет Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланып отыр. Бұл – Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі дамуының жаңа кезеңі.
Жаңа мәтінде Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі ретінде нақты бекітіледі. Бұл норма халықтың саяси процестердегі рөлін күшейтіп, демократиялық қағидаттарды тереңдетуге бағытталған.
Сонымен қатар Конституция жобасында цифрлық ортадағы құқықтарды қорғау туралы арнайы норма енгізілуі – заман талабына жауап беретін маңызды қадам. Қазіргі таңда дербес деректердің қауіпсіздігі, цифрлық сервистердің әділдігі және киберқауіпсіздік мәселелері өзекті. Осы тұрғыда азаматтардың цифрлық құқықтарын конституциялық деңгейде бекіту – халықаралық тәжірибеге сай шешім.
Жаңа редакцияда білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің басты даму басымдықтары ретінде айқындалады. Бұл Қазақстан болашағы табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен өлшенетінін көрсетеді. Яғни, ел дамуының негізгі факторы – білімді, бәсекеге қабілетті, креативті азамат.
Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітіледі. Сонымен бірге неке ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы ретінде айқындалады. Бұл нормалар дәстүрлі құндылықтарды қорғауға және құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы адам мүддесін бірінші орынға қоятын, құқықтық кепілдіктерді күшейтетін құжат ретінде бағалануда.