Basty bet
Жаңа Ата Заң: Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі жаңғырту кезеңі
Қазақстанда конституциялық реформа жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия әзірлеген жаңа Ата Заң жобасы жарияланып, қоғам талқысына ұсынылды. Бұл құжат – бірнеше ай бойы жүргізілген кең ауқымды қоғамдық талқылаулардың, азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен мыңдаған ұсыныстардың нәтижесі.
Реформаның бастауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында көтерген бастамасы тұр. Президент елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін күшейту үшін парламенттік реформаның қажеттігін атап өтті. Бұл бастама аясында бір палаталы Парламент құру мәселесі күн тәртібіне шығарылды.
2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның құрамына белгілі заңгерлер, сарапшылар, партия және қоғамдық ұйым өкілдері енді. Кейін бұл процесс жалпыхалықтық сипат алып, e-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар белсенді түрде ұсыныстар жолдай бастады. Алты ай ішінде екі мыңнан астам ұсыныс сараланып, жүйеленді.
2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, реформаның ауқымы бастапқыда көзделгеннен әлдеқайда кең екенін мәлімдеді. Егер бастапқыда шамамен 40 бапқа өзгеріс енгізу жоспарланса, жұмыс барысында түзетулер Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтитыны белгілі болды. Осылайша, сөз жүзінде емес, іс жүзінде жаңа Конституция әзірлеу қажеттігі туындады.
21 қаңтарда құрылған Конституциялық комиссия құрамына 130 адам енді. Оның қатарында Ұлттық құрылтай мүшелері, құқықтанушылар, мемлекеттік орган өкілдері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары және ғылыми қауымдастық өкілдері бар. Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді.
Жаңа Конституция жобасы мемлекеттің адамға бағдарланған моделін күшейтуге бағытталған. Егемендік, Тәуелсіздік, аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде бекітіледі. Сонымен қатар әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау секілді қағидаттар алғаш рет конституциялық деңгейде айқындалып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, бұл реформа – саяси институттарды жаңғырту ғана емес, қоғам мен мемлекеттің жаңа сапалық деңгейге көшуінің айғағы.